Бүгін еліміз үшін маңызды саяси науқан – Құрылтай сайлауы өтуде. Бұл күні азаматтардың өз таңдауын жасап, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау үдерісіне қатысуына мүмкіндік берілген. Әр азаматтың таңдауы, өз болашағына жасалған оң таңдау болуы мүмкін.
Сайлау науқаны кезінде Қызылорда облысында барлығы 386 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Соның бірі – Қызылорда қаласы, Б. Баймаханов көшесі, №39 мекенжайында орналасқан Қызылорда облысының білім басқармасының Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің «Бегім Ана» бөбекжай-бақшасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ғимаратындағы сайлау учаскесі.
Аталған учаскеде 1823 азаматтың дауыс беруге құқығы бар. Таңертеңнен бастап сайлау учаскесінде комиссия мүшелері өз қызметтерін атқарып, дауыс беру үдерісінің талапқа сай өтуін қамтамасыз етуде. Олар сайлаушыларды қабылдап, қажетті мәліметтерді нақтылап, дауыс беру тәртібінің сақталуына жауапты
Сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан тұрғындардың бірі өз пікірін білдіріп, бүгінгі науқан жайында ойын айтты.
⁃ Сайлауға қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымды жасау үшін сайлау учаскесіне арнайы келдім. Әр адамның дауысы маңызды. Сондықтан тұрғындарды өз учаскесіне келіп, заң талаптарына сәйкес өз таңдауын жасауға шақырамын,– дейді сайлаушы.
Қызылорда өңіріндегі сайлау учаскелерінде дауыс беру барысы белгіленген тәртіппен жалғасуда. Азаматтар үшін барлық қажетті жағдай жасалып, сайлау комиссиялары өз міндеттерін атқаруда.
Фариза Төреханова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!