Фото: ҚМА
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті ломбард қызметі саласындағы заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды КAZINFORM.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2020-2025 жылдар аралығында ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары мен фотоаппараттарды кепілге алып, халыққа қарыз берумен айналысқан. Алайда оның бұл қызметті жүзеге асыруға қажетті лицензиясы болмаған. Заңсыз әрекетін жасыру үшін ол қызметін комиссиондық дүкен ретінде көрсеткен.
– Күдікті қаржыға мұқтаж азаматтардың жағдайын пайдаланып, тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлемелер белгілеген. Бұл заңмен белгіленген 0,3% шектен 12 есе жоғары. Қылмыстық жолмен алынған табыс көлемі 93 млн теңгеден асқан, – делінген ҚМА мәліметінде.
Мәселен, бір клиент 257 мың теңгені 10 күнге рәсімдеп, 51 400 теңге көлемінде сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауы тиіс еді.
Сот санкциясымен күдіктінің үш автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.
– Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп атап өтті ведомство.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға кепілмен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясын міндетті түрде тексеруді ұсынады. Себебі мұндай қызмет түрі мемлекеттік реттеуге жатады және заңсыз ұйымдарға жүгіну мүлік пен қаражаттан айырылу қаупін арттырады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!