«7-20-25»-тің артықшылығы не?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «7-20-25» ипотека­лық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру жалғастырылатын болды. 2023 жылы бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарланып жатыр. Жеңілдетілген кредиттеумен азаматтарды көбірек қамту мақсатында бағдарламаны іске асырудың жекелеген талаптары қайта қаралды. Атап айтқанда, әрбір қарыз алушы бұл бағдарламаға бір рет қана қатыса алады. Ипотека «алғашқы» баспанаға, яғни тек жаңа баспананы сатып алуға беріледі.Заемдардың негізгі шарттары мынадай: жылдық номиналды сыйақы жарнасы – 7%, бастапқы жарна – баспана құнының 20 пайызы, шекті мерзім – 20 жыл.

Сондай-ақ, баспананың шектік бағасы (Астана, Алматы, Ақтау, Атырау – 25 млн теңгеге дейін, Өзге өңірлерде – 15 млн теңгеге дейін), әр өңірде әртүрлі.Ипотека алушы Қазақстан Республикасының азаматы болу керек, меншік құқығында тұрғын үй болмауы міндетті, расталған еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын кірісінің болуы маңызды, сондай-ақ ипотекалық кредиттерінің болмауы есепке алынады. Бағдарлама бойынша кредитті екінші деңгейлі банктерден ала аласыз.

«Нұрлы жер»: Пәтер дайын күйінде беріледі

Бағдарлама бойынша 5 проценттік ипотека алуға болады. Ол «Отбасы банк» арқылы рәсімделеді. Бірақ осы бағдарламаға тек әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандар және әлеуметтік осал топтарға (көпбалалы отбасы, мүгедектер, жетім балалар, мүгедек баласы бар отбасы және т.б.) кіретін адамдар ғана қатыса алады. Ипотека шарты бойынша: кредит мөлшерлемесі – 5%, баспапқы жарна – 20%.

Пәтер дайын күйінде беріледі. Оны таңдау мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушылар үшін салық жеңілдігі қарастырылған. Ай сайын ипотеканы өтеу үшін төленетін сома мөлшерінде жалақыдан табыс салығы ұсталмайды.

«Шаңырақ» шапағаты

Әкімдік кезегінде тұрған адамдар тағы бір конкурсқа қатыса алады. Ол – «Шаңырақ» пилоттық жобасы. Негізгі шарттары:несие мөлшерлемесі – 5%, бастапқы жарна – 10%, ипотека мерзімі – 20 жылға дейін.

Бұдан бөлек, отбасының табысына қатысты талап та бар. Оған сәйкес, соңғы алты ай ішінде ипотека алатын отбасының әрбір мүшесіне шаққанда бір айлық табыстың көлемі 3,7 күн көріс минимумынан (1 күнкөріс минимумы – 36 018 теңге) аспауға тиіс. Экологиялық төлемдер кіріс болып саналады. Ал жәрдемақылар кіріске жатпайды. Баспананы кез келген жаңа тұрғын үй кешенінен сатып алуға болады. Бірақ ең жоғары сомасы белгіленген. Астана мен Алматы, сондай-ақ, осы қалалардың маңындағы аймақтар – ең жоғары сома 18 миллион. Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан, Шымкент пен Қарағанды қалалары, сондай-ақ, Қарағанды облысында – ең жоғары сома 15 миллион. Басқа аймақтарда ең көбі 12 миллион теңге.

Әйелдер ипотекасы, «Әскери баспана» жайлы не білеміз?

«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы әйелдерге арналған. Онымен 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Негізгі шарттарына келсек, несие мөлшерлемесі – 13,5% (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі 14,5%-тен бастап), кейін 5%-ке дейін (сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі – 5,2%-тен бастап) төмендетіледі. Қарыз алу мерзімі – 6 ай – 25 жыл аралығы. Осы уақытқа дейін тұрғын үй бұл бағдарламамен 20 проценттік алғашқы жарнамен берілетін, ол 0%-ға өзгертіліп, жеңілдетілді. Тұрғын үй төлемін алатын әскери қызметкерлер немесе арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері үшін “Әскери баспана” бағдарламасы бар. Кредит беру мөлшерлемесі – 8%, кейін 3,5%-ке төмендейді. Бастапқы жарна – баспана құнының 15% – 50%. Мерзімі – 25 жылға дейін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!