Фото: Kazinform
Бизнес-сектор волонтерлікті бір реттік қайырымдылық емес, корпоративтік мәдениет ретінде қарастырады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінен мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM.
– Қазіргі таңда Қазақстанда корпоративтік волонтерлік жаңа институционалдық деңгейге көтерілді. Бизнес-сектор волонтерлікті бір реттік қайырымдылық ретінде ғана емес, корпоративтік мәдениет пен ESG стратегияның ажырамас бөлігі ретінде қарастырады. «ҚазМұнайГаз», «Шеврон», «Қазақстан темір жолы», «PricewaterhouseCoopers», «Samruk-KazynaTrust» қоры, «Coca Cola», «LG», «BI GROUP», «Beeline», «Samsung» сияқты ірі компанияларда өздерінің ішкі волонтерлік ұйымдары мен кеңестері құрылған. Аталған құрылымдар тек сыртқы бастамаларға қатысып қана қоймай, өздерінің әлеуметтік жобаларын дербес әзірлеп, белсенді түрде іске асырады. Бұл – корпоративтік волонтерліктің толыққанды жүйеге айналғанының басты көрсеткіші, – деді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта компаниялар волонтерлердің әлеуетін арттыруға ерекше назар аударуда.
– Биыл қызметкерлерді волонтерлік әдіснамасы бойынша оқытуға арналған кешенді бағдарламалар сарапшыларды тарта отырып жоспарланған. Компания ішінде волонтер қызметкерлерді моральдық қолдау және олардың азаматтық белсенділігіне құрмет көрсету мәдениеті қалыптасқан. Корпоративтік волонтерлік – бизнестің қоғамдағы рөлін айқындайтын маңызды құрал. Алдағы уақытта бұл бағыт 2030 жылға дейінгі волонтерлікті дамыту тұжырымдамасы аясында арнайы оқыту курстары мен жүйелі қолдау тетіктері арқылы одан әрі нығайтылатын болады, – деді Мәдениет министрлігі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!