Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау салтанатында сөйлеген сөзінде микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий тағы бір жылға не үшін ұзартылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кәсіпкерлерге қарсы қозғалған әрбір алтыншы іс, бұл 312 істің 59-ы деген сөз, қылмыстық заңсыздықтың болмауына байланысты тоқтатылды. Биылдан бастап азаматтық тәртіпті шағымданудың бүкіл жолдары түгесілгенше қылмыстық іс қозғауға тыйым енгізілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қорғаудың жүйелі тетіктері енгізіле беретінін атап өтті.

«Өткен жылдардың жағымды қорытындысына сүйене отырып, мен микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторийді тағы бір жылға ұзарту туралы шешім қабылдадым. Тиісті Жарлыққа қол қойылды. Біз кәсіпкерлерді қорғаудың жүйелі механизмдерін енгізуді сөзсіз жалғастырамыз», – деді Президент.

Айта кетейік, осынау салтанатты шара аясында үздік деп танылғандарға «Қазақстанның үздік тауары», «Qazaqstan Project Management Awards -2022», «ТМД бойынша сапа саласындағы 2021 жылдың сыйлығы» сияқты кәсіпкерлік бағыттағы марапаттар да табысталды.

Сондай-ақ, «АруАна», «Бизнес Кемелдiлiк», «Іскер», «Ұлы дала елі» сыйлықтарының жеңімпаздары да марапатталды.

Биыл «Алтын сапа» сыйлығына 281 үміткер өтінім тапсырған. Сарапшылар соның ішінен ірі, орта және шағын бизнес бойынша 14 бизнес нысанын 4 аталым негізінде іріктеп алды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!