Табаны күректей төрт жыл бойы ашқұрсақ болып, бар тапқанын білім алуға салып, инемен құдық қаза келіп, қолына дипломын ұстаған жас маман үшін студенттік кезеңнің аяқталуы – жаңа өмірдің басталғаны. Алайда диплом алған сәттегі қуанышпен қатар, «Енді қайда жұмысқа тұрамын?» деген сауалдың сананы мазалайтыны тағы бар. Дипломы бар жұмыссыз атанғаннан қара жұмыстан болса да екі қолға бір күрек тапқысы келеді. Жұмыссыз жүрсе, қолындағы барына оқытқан ата-ананың үкілегін үмітін аяққа таптағандай. Жұмысқа тұрайын десе, оқуды жаңа бітірген жас маманның қоғамға қажеті жоқтай. Тақырып тінін тарқатып көрейікші… Бұл мәселенің шешімі бар ма?
Бүгінде мамандық бойынша жұмыс табу үшін қайшылықты жағдайлар қалыптасқан. Кейбір мамандыққа сұраныс жоғары, бірақ бұл салада білім алған жас мамандардың қатары аз. Ал кей салада маман көп, бірақ жұмыс жоқ. Парадокс. Әсіресе жоғары оқу орнын енді ғана тәмамдаған жастар үшін тәжірибенің жоқтығы жұмысқа орналасудағы басты кедергілердің бірі.
Осы тұста жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың маңызы арта түседі. Солардың бірі – «Жастар практикасы» жобасы. Бұл бастама жас маманға еңбек нарығына бейімделіп қана қоймай, алған теориялық білімін іс жүзінде сынауға, кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Жастарды жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп отырған мекемелердің бірі – «Мансап орталығы». Орталықтың негізгі мақсаты – жұмыс іздеген азаматқа тек бос жұмыс орнын ұсынып қана қою емес, оның қабілеті мен мамандығына сәйкес еңбек нарығында өз орнын табуына ықпал ету. Халық арасында «Адамға балық берме, қармақ бер» деген қанатты сөз бар. Бұл ұстаным аталған орталықтың жұмысына да сай келеді. Себебі жас маманға бір реттік жұмыс тауып беру жеткіліксіз.
Ең маңыздысы – оны еңбекке бейімдеп, өз мамандығы бойынша тұрақты қызмет атқаруына жол ашу. «Жастар практикасы» жас маманға алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік беретін маңызды құрал екені рас. Әйткенмен, біз сол құралды тиімді пайдаланып отырмыз ба? Дәл осы сауалмен «Мансап орталығының» жұмысын білмекке Батыржан Қапаспен сөйлескен едік.
– 2026 жылы жоспар бойынша 830 жасты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Бүгінде орталыққа құжат тапсырған жастардың саны 431-ге жеткен. Олардың арасында еңбек нарығында сұранысқа ие – мұғалімдік және медицина саласының мамандары. Әсіресе білім беру саласына қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда 200 жас маман мектептерге жұмысқа орналасуға өтініш берген. Бұл – жас педагогтардың өз мамандығына деген сұранысының бар екенін көрсетеді, – дейді Батыржан Бахытжанұлы.
Жастар практикасының басты артықшылығы – дипломы бар, бірақ еңбек өтілі жоқ маманға алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беруінде. Жас маман қызмет барысында ұжыммен жұмыс істеуді, кәсіби міндеттерді орындауды, жауапкершілікті сезінуді үйренеді. Теория мен тәжірибенің арасы да дәл осы кезеңде жалғанады.
Жастар практикасының тиімділігін оны бастан өткерген жас мамандардың тәжірибесінен де көруге болады. Солардың бірі – Нұрайым Төлепбергенова. Қазіргі таңда ол жастар практикасы бойынша «Жаңақорған тынысы » газетінде жұмыс істеп жүр. Жас маманның айтуынша, бағдарлама оған мамандығы бойынша алғашқы қадам жасауға, тәжірибелі әріптестерінен үйренуге және өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік берген.
– «Жастар практикасы» – оқу орнын жаңа бітірген кез келген жас маманның алдынан шығатын, ең бастысы қолжетімді бағдарлама. Мен қазіргі сәтте осы жобаның мүмкіндігін пайдаланушымын және сол арқылы өз мамандығымнан мол тәжірибе жинап жатырмын. Айталық бұл бағдарламаның жастарға берер пайдасы ұшан-теңіз. Ең алдымен кәсіби тәжірибе жинақтауға және аудиторияда алған теориялық білімді нақты жұмыс орнында қолданып, ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Сондықтан, осы жоба қанатын жаңа қаққан жас маман үшін таптырмас мүмкіндік екенін айтқым келеді, – дейді Нұрайым Төлепбергенова.
Ал Қарақат Бақытжанқызы жастар практикасы арқылы еңбек жолын бастап, кейін бұл қызметтен кеткен. Дегенмен оның тәжірибесі де бағдарлама нәтижесін бағалауда маңызды. Себебі жастар практикасы әр жасқа тұрақты жұмысқа қалуға кепілдік бермегенімен, еңбек нарығында қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
– Мен «Жастар практикасы» жобасымен өзім оқып шыққан мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Бастапқы уақытта менде бәрі сәтті болғанына қуандым. Бірақ уақыт өте келе бәрі мен ойлағандай жеңіл болмады. Мамандығымның мұндай қиын тұсы барын студенттік кезде сезінбеппін, әлде кәсіби мамандармен тәжірибе алмасу қиын болды ма? Әйтеуір жұмыс жасауға құлшынысым болмай, мінезім де өзгерді. Қанша қиын болғанымен 5 ай уақыт аралығында жақсы тәжірибе жинадым, оның алдағы уақытта көмегі тиетініне сенімдімін, – дейді Қарақат.
Бірі жұмысын жалғастырып жатса, екіншісі өз жолын басқа бағытқа бұрғанымен, олардың тәжірибесінен ортақ бір ойды аңғаруға болады. Ол – алғашқы еңбек тәжірибесінің маңызы. Себебі диплом маманның білімін көрсетсе, тәжірибе оның сол білімді нақты жұмыста қолдана алатынын дәлелдейді. Ал тағы бір жас маман Аяжан Бекқабыл мұндай үлгідегі бағдарламалардың аяқталу мерзімін ұзартпаса, мәселе шешілмейтінін айтады.
– Оқу бітірген соң, мен «Жастар практикасы» арқылы бір жыл жұмыс істедім. Ол жерде мен мамандығыма машықтанайын деп қанша талпынсам да, бір жылдан соң директор: «Бос орын болмай тұр, әйтпесе, алып қалатын маман екенсің» деп, арқамнан қағып шығарып салды. Мамандығым – мұғалім. Екі көзім төрт болып, мұғалімдік қызметке конкурсты күтіп жүрдім. Осылайша бірнеше жерге құжат тапсырдым. Барлығынан өте алмадым. Неге дейсіз бе?! Конкурсқа мен тәрізді жас маман қатысады, сосын отыз жыл жұмыс өтілі бар білікті маман құжат тапсырады. Қалай ойлайсыз, қайсысы өтеді? Әрине, тәжірибелі маман өтеді. Ал жас маман тағы да кейінге қалады. Келесіде одан тағы да «тәжірибе сұраймыз». Ал тәжірибені жинауға мүмкіндік бермесе, ол қайдан жиналады? Ал басқармаға сұраныс тастап, неге жас маманға мүмкіндік берілмейтінін сұрасақ, олар да «балаларды тәжірибелі маман оқытқаны дұрыс, сондықтан іріктеп, ең мықтысын алады» деп қысқа қайырады.
Меніңше, біз жас маманнан көп нәрсе талап етеміз. Ақыры талап етеді екенбіз, онда оған мүмкіндік те беруіміз керек. Бағдарлама тек бір жыл емес, бірнеше жылға ұзартылса, тіпті керемет, – дейді Аяжан.
Бүгінгі еңбек нарығында жас маманнан тек диплом емес, икемділік, жауапкершілік, тәжірибе және кәсіби ортаға тез бейімделу талап етіледі. Осы тұрғыдан алғанда, жастар практикасы – жас маманның жұмысқа орналасуына ғана емес, оның болашақ кәсіби бағытын айқындауына ықпал ететін маңызды мүмкіндік. Жастардың жұмысқа орналасуы – жеке адамның мәселесі ғана емес, қоғамның да маңызды міндеті. Себебі еңбекке араласқан әр жас – елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосатын азамат. Сондықтан жас маманға бағыт-бағдар беріп, алғашқы қадамын жасауына жағдай туғызу – болашаққа салынған инвестиция.
Диплом қолына тиген сәтте «Енді қайда барамын?» деп алаңдаған жас үшін ең маңыздысы – дұрыс бағыт пен мүмкіндік. Ал сол мүмкіндікті уақытында ұсыну – «Мансап орталығы» секілді еңбекпен қамту мекемелерінің басты міндеттерінің бірі. «Жастар практикасы» осы жолдағы алғашқы баспалдақ болса, оны тұрақты еңбекке айналдыру – жас маманның өзіне байланысты. Ең бастысы, жастарға мүмкіндік бар. Ал сол мүмкіндікті пайдаланып, кәсіби жолын қалыптастыру – әр жастың қолында.
Фариза ТӨРЕХАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
