Шымкентте төрт бала әкесінің кесірінен қайырылымдылық қоры сыйлаған үйге көше алмай отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Koremiz ток-шоуының ақпаратына сүйене отырып. 

Биылғы тамызда төрт ағайынды балалалар адам төзгісіз вагонда тұрып жатқанын, ішкені құрт-құмырысқа аралас сорпа екенін айтып “Еуразия” телеарнасынан көмек сұраған еді. Журналистер кейін анық-қанығың білсе, “Айдын нұры” қоры сыйлаған үйі бар екен. Десе де, балалардың әкесі Санжар Абылаев үйге көшуге рұқсат бермей отыр. 

Абылаев мұның себебін “балалар мен жұмыста болғанда үйді бүлдіреді” деп түсіндірген, кейін “берсем, балалардың шешесі де сол үйге кіріп алады” деп ақталды. 

“Балаларды жеті жыл бұрын тастап кетті. Мейірімді ана болса қайда жүрді осы уақыт бойы? (…) Оның арам ниеті – осы үйді алып, сатып жіберу. Ол балаларға да қарамайды. Мен оған жол бермеймін. Оған сенім жоқ”, – дейді төрт баланың әкесі. 

Балалардың шешесі Жәмила Абылаева жеті жыл бұрын күйеуінен ажырасып, Түлкібасқа көшіп кеткен. Сот жұмысың жоқ, үйің жоқ деп, балалар Абылаевтың қолында қалады деп шешім шығарған. Тамызда балалардың лашықта тұрып жатқаны белгілі болғанда төрт баланы өзінің атына жаздырған. Бірақ ең үлкені әкесінің қолында қала берген. 

Қазір жасы 17-ге жеткен бала әкесінен бірнеше жыл зорлық-зомбылық көргенін де айтты. Оның сөзіне сенсек, үй туралы бір ауыз сөз айтса болды, Абылаев қол көтереді екен. 

Журналистер анықтағандай, Санжар Абылаев қазір ол үйде екінші келіншегі және оның балаларымен бірге тұрып жатыр. Ал баспананы ағасының атына жаздырған. Абылаевтың тұңғышы үй менің атыма жазылуы керек еді дейді. 

“Айдын нұры” қоры үйді балалар үшін бергенін айтады.

“Үйді балалар үшін бердік. Олар анасын таңдайтын болса, үй әкесіне қалады. Ал үйден кетпейміз десе, әкесімен бірге тұрсын. Ары қарай қордың бұл үйге қатысы жоқ. Санжарға берілген үйге байланысты шешім шығару біздің құзыретіміз емес”, – дейді қордың өкілі. 

Ал қордың құрылтайшысы болған айтыскер Айнұр Тұрсынбаева қазір қорға қатысы жоғын айтады. 

“Мен сол кезде қордың құрылтайшысы едім. Қазір оған ешқандай қатысым жоқ. Десе де, үйді біз Санжардың балалары далада жүр дегесін алып бердік. Ол үйдің иесі Санжар да, өзге де емес. Бұл халықтың ақшасына алынған үй. Халық баспана балаларға берілсін деп жатыр. Санжар үйді бермесе, қор директоры оны сотқа беруге мәжбүр”, – дейді Тұрсынбаева. 

Телеарнаның айтуынша, енді қор үйді балалардың атына өтуіне атсалыспақ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!