Мектеп бітіру кеші – кеше ғана әліпби жаттап, жазуды үйренген балалардың ересек өмірге аяқ басар алдындағы соңғы аялдамасы. Бір қарағанда, бұл – он бір жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндердің есейіп, осы жылдар ішінде өткерген әрбір сәтпен қоштасу, ұстазға алғыс айтатын жылы кеш. Бірақ бүгінгі қоғамда бітіру кеші қарапайым мерекеден әлдеқашан алыстап кеткен секілді. Оның әлеуметтік жарысқа айналып бара жатқаны, ата-ананың қалтасын қағатын шығынға, кейде тіпті қауіп-қатер мен қайғылы оқиғаға себеп болатыны алаңдатады.

Бүгінде мектеп бітіру кеші оқушы үшін естелік пе, әлде сән мен даңғазаға құрылған қысым ба? Бұл сұрақты жыл сайын маусым жақындағанда қайта-қайта көтереміз.

Қазіргі бітіру кештерінің ең үлкен мәселесінің бірі деп оның қаржылық беталысын айтамыз. Бұрынғы түлектердің естелігінде мектеп ауласындағы қарапайым кеш, ақ көйлек, қолдан тігілген фартук, сыныппен түскен сурет қана болатын. Ал бүгінгі кештің масштабы той индустриясынан кем түспейді-мыс. Тіпті той іспетті өтеді.

Бір түлектің бітіру кешіне кететін орташа шығынды есептеп көрелік. Онда да тек минимум бағалармен ғана. Ешкімнен кем түскің келмейді, сол үшін жақсы киімді аламын деп ата- анаңа уәж айтасың. Сапалысын және ерекшесін аламын дейсің, оның құны 30 мыңнан басталады. Келесі кезекте образға сай аяқ киім мен аксессуар қыз бала үшін 15 мыңнан жоғары, ал ер балалардың киімі тіпті бұдан да қымбат. Әрине мұндай күні ерекше макияж бен әдемі шаш үлгісін жасату қыздар үшін – қалыпты жағдай. Біздің өңірде визажистің қызметі 10 мың теңдеген басталса, шашқа кемінде 7-8 мың теңгеден жоғары сомма тастап кетесің. Бұл да, әрине, шашыңның қалыңдығы мен ұзындығына байланысты.

Одан бөлек, міндетті түрде жасалу керек фотосессияң бар, оның құны 15 мың теңге. Мейрамхана адам басына 20-50 мың теңге көлемінде сұрайды, себебі асаба, шоу бағдарлама, әнші шақыру ортақ шығын есебінен жүздеген мың теңгені қажет етеді. «Кортеж жасамасақ, оның несі бітіру кеші?» деп санайтындар көлік жалдап, қаланың әдемі жерлерін аралауды қалайды. Бұл да арзан қызмет түріне жатпайды. 50-100 мың теңгеге жетіп жығылады. Мұнан басқа, таңды қарсы алу керек деп тағы жүреміз, одан қалды коттедж жалдауды немесе демалыс базасына баруды таңдаймыз. Осының бәрін қосқанда бір оқушыға жұмсалатын қаражат кейде 500 мыңнан асып кетеді.

Қоғамда «балам ешкімнен кем болмасын» деген түсінік қалыптасқан. Сол себепті кей ата-ана өз мүмкіндігіне қарамай, әлеуметтік қысымның жетегінде кетеді.

– Биыл Мансұр есімді балам 11 сыныптың түлегі. Өткен жылы да бір балам мектепті аяқтаған еді. Мансұр емтиханға ден қою мақсатында, сондай-ақ қаржылық келіспеушіліктеріне байланысты өз еркімен бітіру кешіне қатыспаймын деп шешті. Оның орнына өзі жақсы араласатын сыныптастарымен уақыт өткізбек.

Байқағаным, көп оқушының аталған салтанатты кешке деген қызығушылығы бәсеңдеген. Осындай іс-шараларға қомақты көлемде қаражат жұмсауды ысырап көреді екен. Себебі тойханалар қымбат, оның үстіне фотосессиялары бар, қосымша ҰБТ-ға дайындайтын курстары және тағысын тағы. Әйтеуір мектеп біткенше қалтамыздағы тиын бітіп қалмаса екен деп отырамыз, – дейді қала тұрғыны Салтанат Әскербекқызы.

Ал заң не дейді? Кейінгі жылдары Қазақстанда мектеп бітіру кештеріне қатысты бақылау күшейді. Білім басқармалары жыл сайын ата-аналарға да, мектептерге де арнайы ескерту жасайды.

Мектеп әкімшілігіне ақша жинауға, салтанатты кешті өткізуге, кортеж ұйымдастыруға, су айдындары мен қауіпті орындарға баруға тыйым салынып келеді. Себебі дәл осындай кештердің соңы қайғылы жағдайларға ұласқан кездер аз емес.

Сол себепті жауапты органдар қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударады. Алайда ресми тыйымдардың өзі мәселені толық шешіп отырған жоқ. Өйткені көп кеш мектептен тыс жерде, мейрамхана немесе коттедждерде жалғасады.

– Бірінші кезекте, бітіру кештерін ұйымдастыру барысында автошерулерге жол берілмейді. Бұл – түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сонымен қатар, полиция басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп мектеп әкімшіліктеріне, ата-аналарға және жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бітіру кештері мен түрлі отырысты заңды өкілінсіз, яғни ата-аналардың қатысуынсыз өткізбеу жөнінде нақты нұсқаулар берілуде. Негізгі мақсат – жастардың қауіпсіздігін сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Жалпы профилактикалық және ақпараттық жұмыстар бітіру кештеріне дейін де, одан кейін де тұрақты түрде жалғасады. Қала аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы шаралар күнделікті бақылауда. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім беру ұйымдары, жастар ресурстық орталықтары және ата-аналар қауымдастығы бірлесе атсалысады.

Рейдтік шаралар барысында кәсіпкерлік нысандар, соның ішінде мейрамханалар, ойын-сауық орталықтары, кафе-барлар бақылауға алынады. Егер хабарланбаған немесе заң талаптарына сәйкес келмейтін түлектердің жеке жиналу кештері анықталса, заңды өкілдері шақыртылып, тиісті түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Қажет болған жағдайда отырыстар тоқтатылып, қауіпсіздік талаптарының сақталуы қадағаланады. Негізгі мақсат – жастар арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу және мерекелік кештердің қауіпсіз жағдайда өтуін қамтамасыз ету, – дейді Қызылорда қалалық жастар орталығының директоры Медет Жорабек.

Сонда бітіру кеші мүлде болмауы керек пе? Қоғамда екі түрлі пікір бар. Бірі мұндай кештерге толық тыйым салу керек десе, екіншісі бұл әр адамның өмірінде бір-ақ рет болатын ерекше сәт екенін еске салады.

Шынында да, мектеппен қоштасу адам өміріндегі эмоционалды кезеңдердің бірі. Кеше ғана бірге өскен сыныптастар әр қалаға, әр жолды таңдап бір-бірінен алыстайды. Кей адамдар үшін мектептегі соңғы кеш – өмір бойы сақталатын ең қымбат естелік.

– Биыл он бір жылдық үлкен кезеңді аяқтап, мектеп қабырғасынан түлеп ұшамыз. Қимастық та бар, қуаныш та жеткілікті. Осыншама уақытты бірге өткізген сыныптастарыммен ажырайтын кездің келгеніне таңғалып жүрміз. Бітіру кешінің мәні де осы шығар. Өткенге көз тастап, қорытынды жасап, жаңа кезеңге жаңа деммен тыныстау үшін керек деп ойлаймын. Әрине қазіргі бағалардан басың айналады. Бірақ онсызда емтиханды ойлап, стресс сезініп жүрген балалар үшін бір күн бітіру кешінде көңіл көтеріп, мектеппен әдемі қоштасудың еш айыбы жоқ деп ойлаймын. Бұл кеш – тек сән-салтанат емес, балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басар алдындағы ерекше естелік. Сондықтан бітіру кеші әр оқушының жүрегінде жылы әсер қалдыратын, ұмытылмас күн болуы керек. Ең бастысы, сол сәттерді қадірлеп, бірге өткізген уақыттың бағасын түсіну, – дейді 11 сынып түлегі Сезім Жомартқызы.

Егер кеш бәсеке мен даңғазадан арылса, шынайы эмоцияға құрылса, онда оның тәрбиелік мәні де жоғары болар еді. Ұстазға алғыс айтылып, ата-ананың еңбегі бағаланып, достықтың қадірі сезілсе – мұндай кештің жөні бөлек.

Бірақ бүгінгі қоғамға дәл осы тепе-теңдік жетіспейді.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!