Театр – өнер, ол – тәрбие һәм ой мен сезімнің үйлесімі. Шынымен-ақ, мұнда келген адам көңіл-күймен қатар мән-мағыналы көріністің куәгері атанады. Мұнда бірнеше өнер тоғысады. Би, ән, актерлік қасиет, кейде тіпті спорт. Ал сахна артындағы техникалық қызмет бөлек қошеметті талап етеді. Себебі мұнда 1 секундтың өзі үлкен рөл ойнайды. Талантты мамандар тоғысқан мәдениет орны бағаланбай қалды деудің өзі ойға қонымсыз… Десе де бұл – шындық.
Ж. Шанин атындағы театрдың директоры Дархан Балажановтың «Театрды театр ететін тек көрермен» деген сөзі есімде ұзаққа қалды. Бірақ мәселе көрерменнің бар-жоғында ғана емес, оның қызығушылығында. Кейінгі кездері ұқсас жайтты жиі байқаймыз. «Шолпанның күнәсі» енді шығып жатқан кезде режиссер Берік Ахмедке көрермендер жайлы сұрақ қойдық. Сонда ол бізге бойындағы мұңын шертті.
– Алматы, Астана секілді үлкен қалаларда ғана театр көрермені көп. Өйткені мәдениет қалыптасқан. Ол жақта билет бағасы қымбат болса да, 1-2 ай бұрын алдын ала брондау, аншлаг – қалыпты құбылыс. Біздің аймақта өкінішке қарай, әлі де мұғалімдерді, студенттерді, мектеп оқушыларын «күштеп» әкелу үрдісі тыйылмай тұр. Бұл – жүрекке қаяу түсіретін жайт. Шығармашылық ұжым бір қойылым үшін айлап дайындалады, бүкіл күш-жігерін сарп етеді, бірақ сахна алдындағы көрермендер өз еркімен келмесе, актердің де шабыты сарқылары анық, – деп айтқан еді ол.
ЗАҢ БАР МА?
Бүгінде Қазақстанда 70 театр жұмыс істейді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «2024 жылы 396 гастрольдік сапар ұйымдастырылса, оның 350-і ел ішінде, 46-сы шетелде өтті. Отандық театрларда 9 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның 4200- і шығармашылық ұжым өкілдері. Бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым қойды, олардың 107-сі отандық авторлардың шығармалары негізінде сахналанған» деп театрдың жұмысымен бөліскен еді.
Атқарылған іс аз емес. Десе де театрға байланысты бірнеше күрделі мәселе бар. Соның бірі – заң. Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің президенті, театртанушы Анар Еркебай аталған мәселе туралы пікір білдірді.
– Бүгінде көптеген шет мемлекетте, тіпті посткеңестік елдердің өзінде, театр қызметін нақты реттейтін заң бар. Бұл заңда театрдың қызметі, құрылымы, міндеттері және шығармашылық бағыттары нақты жазылған. Ал бізде бұл мәселе бірнеше жылдан бері көтеріліп жүргенімен, заң тұрғысында әлі нақты шешімін таппаған. Сол себепті осы заңды жасау үшін арнайы жұмыс тобын құрып, театр саласының тәжірибелі мамандарын тартып, нақты тапсырмалар беру қажет деп санаймын, – деді ол.
Қазақстанда театр қызметін реттейтін арнайы заңның жоқтығы бұл саланы «бассыз» қалдырып отыр. Посткеңестік елдердің көбі бұл мәселені әлдеқашан шешіп алған. Біздегі театрлар жалпылама «Мәдениет туралы» заңның бір тармағы ретінде ғана қарастырылады. Сол себепті гастрольдік сапарға шыққанда театр сол елдің авторлық құқық мәселесімен бетпе-бет келеді. Сонымен қатар мекеме басшысының құқығы мен міндеттері заң аясында қарастырылмаған. Олар әкімшілік жұмыспен қатар шығармашылыққа да жауапты. Көбіне театр директоры – әрі менеджер, әрі шығармашылық жетекші, әрі шаруашылық меңгерушісі. Сондай-ақ, актерлердің әлеуметтік қорғалуы, олардың еңбек жағдайы да осы заңның жоқтығынан ақсап тұр.
– Облыстық театрлардағы актерлердің жалақысы өте төмен. Мысалы жас актерлердің айлығы 110 мың теңгеден басталады. Бұл сомамен пәтер жалдау, тамақ, киім және жүріс-тұрыс шығындарын жабу мүмкін емес. Тіпті тәжірибелі актерлердің өзі 250-260 мың теңгеден аса алмай отыр. Сондықтан актерлер қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр.
Сонымен қатар, көптеген жас мамандар облыстық театрларға барғысы келмейді, себебі әлеуметтік қолдау көрсетілмейді. Кейбір театрлар ғана пәтер жалдауға көмектеседі, ал көпшілігі мұндай мүмкіндіктен мақұрым, – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Анар Еркебай.
ТЕАТРҒА ЖАҢА ЛЕП КЕРЕК
Театр сұраныс бар туындыларды сахналайды. Берік Ахмедтің пікірінше, театр – тек драма емес. Бұл детектив, хоррор, романтика, триллер. Яғни барлық жанрдың қосындысы. Бірақ театр тек бір тақырыптың аясында қойылым қоюға мәжбүр. Аталған жанрларды кино саласынан да көп көре бермейміз. Басым көпшілігі көрермен сұранысымен комедия, романтика, драма жанрын экранға шығарады. Бүгінгі көрермен – Netflix пен Голливудтың өнімін көріп өскен ұрпақ. Оларға тек ғасыр бұрынғы трагедияларды сол баяғы ескі сарынмен ұсына беру – театрды мұражайға айналдырумен бірдей.
Профессор Меруерт Жақсылықтың «Драматургия – Актерлік шеберлік – Режиссура» үштағаны туралы сыны бар. Біздегі басты қасірет – фольклор мен тарихты заманауи тілде сөйлете алмауымыз.
– Қойылымдарда дәстүрді білмейтін режиссерлер, тарихқа, фольклорға қызықпайтын драматургтер жұмыс істеуде. Бізде мифология да, аңыз-дастандар да көп, бірақ соны сахнаға шығарып жүргендер аз.
Шеберлік сабақтары қажет. Теория мен практиканы қатар алып жүру – әрбір театр актерінің күн тәртібіне енуі тиіс, – деген ұсыныс тастаған еді ол.
Мәселен Мәскеудің А.П.Чехов атындағы театрында балаларға танымал «Русалочка» қойылымы бар. Мұнда режиссер автордың идеясын емес, өзінің қиялындағы ертегінің жалғасын сахналайды. Бұл – ертеден балалардың құлағына әбден сіңіп қалған туынды. Ал оның заманауи көрінісі балалықтың лебін қайтаратыны сөзсіз. Бізде де осындай дүние сахналанса, көрермен саны да артар ма еді… Себебі бүлдіршіндерге араналған туындылар жоқтың қасы.
– Алайда бұл бағытқа бірізділік пен жаңашылдық жетіспейді. Айталық, балаларға арналған пьесалар саны өте аз. Бұл – театрлардың репертуар саясатына үлкен сын. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевқа арналған былтырғы театр фестивалінде төрт-бес театр ғана «Менің атым Қожа» шығармасын сахналаған. Ал қазіргі заман балаларына арналған жаңа пьесалар мүлдем жоқтың қасы, – дейді театртанушы Бақыт Нұрпейіс.
Оның айтуынша, қазіргі басты мәселе – драматургпен тұрақты жұмыс жүргізілмеуі. Бүгінде елімізде жас буын режиссерлер мен драматургтердің саны артты. Дегенмен олардың спектакльдері көрермен назарына ұсынылмай жатыр. Жүзден астам жаңа буын мамандары бар болса да, сахнада олардың еңбектері көрінбей жатыр. Оларды театрларға орналастыруда жүйелілік жоқ. Театрлар мен оқу орындары арасында келісімшарт жүйесі қалыптаспаған. Бұл – театр мен білім ордаларының байланысын нығайтуды қажет ететін мәселе.
Егер біз жас драматургтердің қазіргі қоғам мәселесін көтеретін туындыларын сахналамасақ, театр мен қоғам арасындағы байланыс біржола үзіледі. Көрермен өзінің бүгінгі күнкөрісі, күнделікті үйде болатын мәселені сахнадан көрмеген соң, театрдан теріс айналып кетуі мүмкін.
Театр – өлмейтін өнер. Бірақ ол үнемі жаңарып отыруды талап етеді. Руханият бесігін тербету үшін оның ішіндегі алауды сөндіріп алмауымыз керек. Бұл осы саладағы мамандырдың ғана мойнына жүктелген парыз емес. Біз көрермен ретінде де үлес қоса аламыз. Есіңізде болсын, болашақ – біздің бүгінгі шешімдерден құралады.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
