Ән – жүректің үні десек, сол үнмен көптің көңіл пернесін дөп басқан сазгерлердің бірі – Индира Елубаева. Оның шығармашылығынан туған «Мүмкін емес», «Өмір неткен тамаша», «Биле, биле», «Туған күн», «Жүрегімде жүрсің сен», «Жасыта көрме жігерімді, Алла», «Арқаның аруы Айсұлу», «Жүрек сөзі», «Жолықпадың ертерек», «Үнсіздік» секілді әндері көпшілікке таныс әншілердің орындауында кеңінен таралып, тыңдарманның сүйікті туындыларына айналды. Ән мен сөзді қатар өріп, әр шығармасына жан сырын арқау ететін ақын-сазгердің өнердегі өз жолы, шығармашылық ізденісі мен өмірлік көзқарасы көпшілікке қашанда қызық. Біз өнер иесімен шығармашылық әлемі, тыңдарман талғамы мен бүгінгі қазақ музыкасы жайлы кеңінен әңгіме өрбіттік.

– Ең алдымен, кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Өнер жолына бағыт алған шаққа, бала күніңізге шегінсек… Неше жасыңызда алғаш рет сахнаға шығып, неше жасыңызда алғашқы туындыңызды жаздыңыз?

– Дұрыс айтасың, шынайы өнер адамының бұл жолға келуі көбіне бала күннен басталады ғой. Мен де өнерге ерте әуестенгендердің бірімін. Шамамен 4-5 жасымда үйге келген қонақтардың алдында домбыра ұстап, ән айтып береді екенмін. Әсіресе «Елім-ай» әнін орындағанды жақсы көретінмін. Үлкендер риза болып, батасын беріп, сый-сияпатын ұсынып жатады. Сосын ғана тоқтайды екенмін. Қазір ойлап қарасам, менің ең алғашқы сахнам – өз үйімнің қонақ бөлмесі сияқты. Сол ортада елдің ықыласын сезініп, өнерге деген алғашқы махаббатым оянған шығар.

Ал алғашқы туындыма келер болсам, мектеп қабырғасында жүрген кезімде, шамамен 4-сыныпта анама арнап алғаш рет өлең жаздым. Оны анама оқып берген сәтім әлі күнге дейін есімде. Анам мұғалім болғандықтан, өнер жолының қиындығын түсінді ме екен, әйтеуір менің бұл салада жүргенімді аса құптай қоймағандай еді. Сондықтан алғашқы жазған өлеңдерімді көпшілікке көрсетпей, ішімде сақтап, жасырын жазатынмын.

Бала күнімізде бақша жұмыстарына араласып жүргенде, кейде құлағыма өздігінен әуен келетін. Сол әуенді ыңылдап айтып жүретінмін. Кейде көңілімді белгісіз бір мұң, кейде керісінше қуанышқа бөлейтін сезімдер тербейтін. Ол кезде оның бәрін өнер деп те түсінбейсің ғой. Бірақ қазір ойланып қарасам, сол ыңылдап жүрген әуендерім менің алғашқы туындыларым екен. Демек, бойымдағы өнердің ұшқыны дәл сол бала күнімде басталған сияқты.

Индира ЕЛУБАЕВА: Саз да, сөз де - тәрбие құралы

– Қазіргі қазақ музыкасының дамуына көңіліңіз тола ма? Қай бағыттар қуантып, қай тұстары алаңдатады?

– Көңілім толатын тұстары да бар, толмайтын тұстары да жетерлік. Кейінгі кезде бейәдеп сөздер араласқан, мағынасыз мәтіндер мен жеңіл әуендердің көбейіп бара жатқаны қатты алаңдатады. Өнердің негізгі миссиясы – қоғамды тәрбиелеу, адамның рухани дүниесін байыту. Ал ән мен өлең ұрпақтың санасына тікелей әсер етеді. Бүгінгі жастар қандай ән тыңдап өссе, ертеңгі ой-санасы да соған қарай қалыптасады. Сондықтан әннің жүгі өте ауыр деп ойлаймын.

Меніңше, әнге ғашық адам руханияттан алыс болмайды. Өнерді жүрегімен сезінетін адамның жан дүниесі де бай емес пе?! Ал рухани әлемі жұтаң адамның болашағы да толыққанды жарқын болады деп айту қиын. Міне, қазіргі қоғамда адамның ішкі жан дүниесін байытатын, ойландыратын, тәрбиелейтін әндер азайып бара жатқандай көрінеді. Осы жағы мені қатты алаңдатады.

Дегенмен, қазақ музыкасының қуантар тұстары да өте көп. Қазір талантты жастардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Соның ішінде әлемге қазақтың атын танытып жүрген Димаш секілді дарындарды ерекше мақтанышпен айтуға болады. Оның жолына қарап қаншама жас шабыт алып, өз бағытын іздеп жүр. Дауысы мықты, таланты ерекше, ізденісі бар жастар өте көп. Бұл – қазақ өнерінің болашағы бар деген сөз.

Бірақ кейде сол жастардың нақты бағыты мен мақсаты болмайтыны қынжылтады. Өнерді халыққа қызмет ету, тәрбие құралы ретінде емес, тек атақ-даңқ пен танымалдыққа жетудің жолы ретінде қабылдайтындар көбейіп бара жатқандай. Ал оның ықпалы кейінгі өсіп келе жатқан буынға міндетті түрде әсер етеді. Себебі жастар өзінен үлкен буынға қарап бой түзейді.

Мысалы, кейде қызымнан: «Қандай ән тыңдайсыңдар? » деп сұраймын. Сонда ол: «Мама, қазір вайб болса болды, сөзіне ешкім мән бермейді», – дейді. Осы жауаптың өзі көп нәрсені аңғартады. Яғни қазіргі жастар үшін әннің мағынасынан бұрын, эмоция сыйлауы, көңіл-күй беруі маңыздырақ болып барады.

Ал шын мәнінде сөз – адамды тәрбиелейтін құрал. Сөз бұзылса, сана да бұзылады, ал сана бұзылған жерде қоғамның да мәселесі көбейеді.

Сондықтан бұл тек өнер адамдарының ғана емес, тұтас қоғамның, тіпті мемлекет деңгейінде назар аударатын мәселе деп ойлаймын. Белгілі бір сүзгі, жауапкершілік болу керек. Мысалы, бейәдеп сөздер мен арзан дүниелерге қатысты заң тұрғысында бақылау күшейсе деймін. Авторлық құқық мәселесімен қатар, қоғамдық тәрбиеге кері әсер ететін дүниелерге де мән берілсе дұрыс болар еді. Қазір әлеуметтік желі әр адамның қолындағы мінберге айналды. Кімде не бар, соның бәрін еш кедергісіз жариялап жатыр. Ал оның бәрі халықтың, әсіресе жастардың санасына әсер етеді. Сондықтан бұл мәселеге тереңірек қарап, арнайы жобалар мен нақты талаптар енгізілсе, өнердің де сапасы артар еді деп ойлаймын.

Индира ЕЛУБАЕВА: Саз да, сөз де - тәрбие құралы

– Бүгінгі тыңдарман талғамы құлдырап бара жатқандай көрінбей ме? Ән арқылы қоғамға ой салу мүмкін бе?

– Иә, өкінішке қарай, тыңдарман талғамының төмендеп бара жатқанын байқаймыз. Бұған негіз де бар. Қазір көбіне той-жиында көңіл көтеруге арналған жеңіл әндердің дәуірі жүріп тұр. Әрине, көңілді ән де керек, халықтың серпіліп, демалуы да маңызды. Бірақ өнер тек көңіл көтерумен шектеліп қалмауы керек. Әннің адамға ой салатын, қоғамның санасына ықпал ететін үлкен күші бар.

Негізі ән арқылы қоғамға ой салуға әбден болады. Өнердің ықпалы өте үлкен деп есептеймін. Бірақ әлгінде айтқанымдай, дәл қазір әлеуметтік желінің селі тоқтаусыз жүріп жатыр. Қара базарға әркім несі бар, соны алып келеді ғой. Сол секілді қазіргі өнер де «қара базарға» айналып барады. Әркім барын салып жатыр, керегін алып жатыр. Бірақ оның бәрі бірдей сапалы, тәрбиелік мәні бар дүние деп айта алмаймыз.

Бұрын, мысалы, Кеңес үкіметі кезінде «Көркемдік кеңес» деген болды. Қандай ән, қандай шығарма болсын, сараланып, сүзгіден өтіп барып қана халыққа ұсынылатын. Әрине, оның да өз кезеңіне тән кемшіліктері болған шығар, бірақ шығармашылыққа деген жауапкершілік жоғары еді. Қазір де өнерге белгілі бір деңгейде талап пен талғам қажет сияқты. Әннің мәтініне, мазмұнына, тәрбиелік мәніне назар аударылып, іріктелген дүниелер көбірек насихатталса, халықтың да талғамы біртіндеп түзелер еді деп ойлаймын.

Индира ЕЛУБАЕВА: Саз да, сөз де - тәрбие құралы

– Мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқаныңызға қанша жыл болды? Сала қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланып жүр ме?

– Мәдениет саласында 1999 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бұл сала сырт көзге жарқырап көрінгенімен, шын мәнінде үлкен еңбек пен төзімді талап ететін орта. Өнер адамы үшін ең үлкен бақыт – халықтың ықыласы мен құрметі. Ал енді «мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланып жүр ме?» деген сұраққа келсек, әрине, кейде өз деңгейінде бағаланбай қалып жататын тұстар болады. Біреудің еңбегі ертерек еленеді, біреудікі кешірек бағаланып жатады. Бірақ қалай болғанда да, әр адам өзінің еткен еңбегіне, төккен теріне сай құрмет көруі керек. Жұмыс барысында түрлі мәдени іс-шараға қатысып, халықтың алдында жүресің, көзіне түсесің. Алайда жұмыстан бөлек, жеке шығармашылық тұрғыдан бағамды халықтан алып жүрмін. Әнімді тыңдап, концерттеріме келіп, ықыласын білдіріп жатқан тыңдарман бар кезде, өнерімнің зая кетпегенін сеземін. Кейде бір адамның шынайы алғысы мен ақ тілегі кез келген марапаттан артық болып жатады. Сондықтан мен өз бағамды ең алдымен халықтан алып жүрмін.

Ал мемлекет тарапынан болатын қолдаудың да өз орны бар. Алдағы уақытта бұл жағынан да жақсы жаңалықтар болар деп сенемін. Бұйырса, келесі жылы 50 жасқа толамын. Осыған орай көлемді шығармашылық кеш өткізсем деген жоспарым бар. Сол кеш арқылы осы уақытқа дейінгі өнер жолымды саралап, халықпен тағы бір үлкен рухани жүздесу ұйымдастырғым келеді. Мүмкін сол сәтте еңбегіміз еленіп, белгілі бір деңгейде қолдау мен бағалау да болып қалар деген үміт бар.

Индира ЕЛУБАЕВА: Саз да, сөз де - тәрбие құралы

– Қазақ ән өнерінің тарихына көз жүгіртсек, композиторлардың басым бөлігі ер адамдар екен. Дегенмен кейінгі жылдары эстрада мен заманауи музыкада әйел сазгерлердің үлесі артып келеді. Әйел адам жазған әндердің эмоциялық әсерінде айырмашылық бар ма?

– Иә, әлеуметтік желіде де осы жайында жазылған дүниелерді оқып қалдым. Шынында да, қазақ музыкасының тарихына үңілсек, композиторлардың басым көпшілігі ер адамдар болғанын байқаймыз. Оның себебі де қоғамның сол кездегі көзқарасы мен тәрбиесіне байланысты болар. Бұрын қазақы ортада әйел адам көбіне отбасы, ошақ қасының берекесін келтіретін жан деген ұстаным бар еді. Сондықтан олардың өнерге еркін араласуына мүмкіндік бола бермеді. Әйел өз талантын толық ашудан бұрын, отбасы мен тұрмыстың жауапкершілігін бірінші орынға қойған.

Дегенмен әйел адамның табиғатында өнер бар. Бесіктегі сәбиді тербетіп отырып айтылатын бесік жырының өзі – әйел ананың туындысы. Яғни әйел заты ежелден ән мен әуенге жақын болған. Тек оны кәсіби деңгейде көрсетуге қоғам мүмкіндік бере қоймаған сияқты.

Мысалы өз анам да бала күнінде домбыра тартуға қызығыпты. Бірақ әжеміз «қыз баланың жолайтын нәрсесі емес» деп домбырасын сындырып тастаған екен. Бұл – сол уақыттағы қоғамның түсінігі. Бұрынғы адамдар қыз баланы өнер жолына аса жуытпаған. Ал қазір заман өзгерді. Бүгінде талантты қыз-келіншектер шығармашылықпен еркін айналысып, өз өнерін халыққа ұсынып жүр. Бұл, әрине, қуантарлық жағдай.

Қазір еліміздің әр өңірінде ән жазып жүрген өте дарынды қыз-жігіттерді білемін. Талантты жастар көп. Бірақ солардың ішінде өзіндік үні, қолтаңбасы бар, музыкаға жаңа леп әкеліп жүрген сазгерлер саусақпен санарлық.

Ал әйел адам жазған әндердің эмоциялық әсеріне келсек, айырмашылық бар екені рас. Себебі әйел адамның жан дүниесі нәзік, сезімтал келеді. Сондықтан олардың шығармаларында лирика, ішкі сезім, жүрек күйі көбірек байқалады. Әйелдер көбіне махаббатты, сағынышты, көңілдің толқынын тереңірек жеткізеді. Әрине, лирика жыныс талғамайды, кез келген адам сезім туралы жаза алады. Бірақ әйел жүрегінен туған дүниеде бәрібір бір нәзіктік, жұмсақтық сезіліп тұрады.

Мәселен рух беретін, жігерлендіретін әндерді ер адамдар жиі жазады. Бұл да ер мен әйел табиғатының ерекшелігінен шығар. Себебі ән деген сазгердің мінезі, ішкі әлемі, жанының үні. Әр автор өз болмысын шығармасы арқылы байқатпай қоймайды. Сондықтан әйел мен ер адамның әндеріндегі эмоциялық реңктің әртүрлі болуы заңдылық сияқты.

Индира ЕЛУБАЕВА: Саз да, сөз де - тәрбие құралы

– Туындыларыңыздың ішінде өзіңіз ерекше жақсы көретін ән қайсысы?

– Негізі, әрбір туындым мен үшін қымбат. Себебі әр ән – өмірімнің белгілі бір кезеңінен, көңіл күйімнен, ішкі толғанысымнан туған дүние. Кейде қуаныштан, кейде мұңнан, кейде сағыныштан туған әндер болады. Сондықтан олардың әрқайсының менің жүрегімде өз орны бар. Ән жазып отырған сәтте сен өз жаныңның бір бөлшегін сол туындыға қалдырасың. Сол үшін де ешбір әнімді бөліп жармаймын.

Бұрындары туындыларымның ішінде «Мүмкін емес» әнін шоқтығы биік туындым деп ерекше бөліп айтатынмын. Дегенмен уақыт өте келе бір әнді екіншісінен артық көріп, бөлектемейтін болдым. Себебі әр туындының өз тағдыры, өз тыңдарманы, өз уақыты бар. Кейбір әнді халық бірден қабылдайды, ал кейбірінің қадірі жылдар өткен соң білінеді. Соның бәрін көріп жүріп, әр шығармама құрметпен қарауды үйрендім. Мен үшін әр әнім перзентім секілді. Ата-ана баласының бірін артық, бірін кем көрмейтіні сияқты, мен де туындыларымның бәрін бірдей жақсы көремін.

Индира ЕЛУБАЕВА: Саз да, сөз де - тәрбие құралы

– Алты ай бұрын ғана ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз және бұл жоғары марапат шығармашылық жолыңызға қандай серпін берді?

– Иә, «Құрмет» орденіне ұсынылғанымды естігенде ерекше толқыдым. Өйткені бұл кез келген өнер адамы үшін үлкен мәртебе, үлкен сенім. Марапаттың атауының өзінде терең мағына жатыр. Бұл тек жеке басыма берілген марапат ретінде емес, өнерімізге, шығармашылық жолда төккен еңбегімізге көрсетілген құрмет ретінде қабылдадым. Мұндай марапатты алу бір жағынан қуаныш болса, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы құрметке лайықпын ба, жасап жүрген жұмысым соған сай ма деген сұрақтар мазалап тұрады. Өйткені марапат адамды тоқмейілсуге емес, керісінше одан әрі ізденуге жетелеуі керек. Шығармашылыққа бұрынғыдан да тереңірек қарай бастадым.

Бағана айтып өткенімдей, ән – тәрбие құралы. Сондықтан ендігі жерде жазатын дүниелерім де салмақтырақ, ойлырақ, адамға әсер ететін кесек шығармалар болса екен деп талпынып жүрмін. Себебі халықтың ықыласы мен мемлекет берген құрметке сай болу үлкен міндет. Өнер адамы халықтың жүрегіне жол тауып қана қоймай, оның санасына да сәуле түсіре алуы керек.

Бұл марапат мені жаңа белестерге жігерлендірді десем болады. Әлі де тыңдарманға айтарым көп, жүректе жүрген талай ән бар. Бұйырса, алдағы уақытта халықты жақсы туындылармен қуанта беремін деген ниеттемін.

Индира ЕЛУБАЕВА: Саз да, сөз де - тәрбие құралы

– Өнер, шығармашылық жолында өзіңізді ерекше толқытқан сәт немесе есте қалған оқиға туралы айтып берсеңіз.

– Мұндай сәттер өте көп қой. Бірақ адам өмірінде ұмытылмайтын, жүрегінде мәңгі сақталып қалатын ерекше кезеңдер болады екен. Мен үшін сондай сәттердің бірі – алғаш оқуға түсер кездегі марқұм Әскербек Еңкебаевтың алдында ән айтқаным.

Біз ол кісіні тек теледидардан көріп өскенбіз. Сондай тұлғаның алдында ән айту мен үшін үлкен сынақ, үлкен бақыт та болды. Орындаған әнімді тыңдап болып, «оқуға қабылдандыңыз» деп айтқан сәті әлі күнге дейін есімде. Сол кездегі оның өнеріме берген бағасы, көрсеткен құрметі жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Қазір ойласам, шығармашылық жолым дәл сол кісінің батасымен басталғандай көрінеді.

Кейін шығармашылықпен айналысып, әндерімді түрлі әнші орындай бастады. Бірақ мені ерекше толқытқан тағы бір сәт – Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова шығармашылығыма назар аударған кезі. Ол кісінің әндеріме жоғары баға беріп, алғашқы туындыларымды орындауы мен үшін үлкен мәртебе еді. Өйткені Мақпал апай қазақ эстрадасында өз орны бар, халық ерекше жақсы көретін әнші. Осындай мықты өнер иесінің сенімі шығармашылық адамына үлкен күш береді екен. Сол әндердің арқасында халықтың да ыстық ықыласын сезіне бастадым. Тыңдарманның жүрегіне жол тауып, әндеріңнің халықпен бірге өмір сүріп жатқанын көру – өнер адамы үшін ерекше бақыт. Міне, сондай сәттер шығармашылыққа деген махаббатымды одан сайын арттырады.

Жалпы, шығармашылықтың да өз жолы болады ғой. Оның бастауы бар, қалыптасу кезеңі бар, шарықтау шегі бар. Қазір өзіме қарап отырып, сол шығармашылықтың шарықтау шегіне қарай қадам басып келе жатқандай сезінемін. Алдымда әлі де жүзеге асырғым келетін жоспарлар көп. Бұйырса, үлкен қалаларда көлемді концерттер өткізіп, халықпен жүздессем деген арманым бар. Өнер адамы үшін ең үлкен қуаныш – тыңдарманмен қауышу ғой. Сондықтан алға қойған мақсаттарымның орындалуын, халыққа әлі де жақсы дүниелер ұсына алуымды Алла нәсіп етсін деп тілеймін.

– Сұхбатыңызға алғыс! Шабытыңыз шарықтай берсін!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!