Қазақстан паспортындағы чип құжаттың халықаралық стандартқа сай екенін білдіреді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ақтөбеліктермен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде Қазақстан паспортындағы чипке қатысты әрқилы болжам айтылып жатыр. Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі бұл мәселе бойынша ақпарат берген болатын. Бүгін Ақтөбеге келген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де чиптің орнатылу себебін түсіндірді.

«Паспорттағы чипке қатысты айтарым, азаматтардың сауаттылығын көтеру керек екенін көріп отырмыз. Оның ешқандай зияны жоқ. Зағипа Балиева Әділет министрі болған кезде ICAO стандарттарына сай болу үшін жұмыс атқарылды. «Халықаралық құжатқа чип енгізілуі керек» деген ескерту 2000 жылдары келген. Стандартқа сай болу үшін паспорт дайындау процесіне өзгеріс енгіздік. Ол банктің чипі сияқты. Онда сізге қатысты ақпарат бар. Ақпаратты әуежайдағы, басқа жерде отырған мемлекеттік қызметкерлер қарайды. «Паспорт жанымда, қайда жүргенімізді бақылап отырады» деп уайымдамаңыз. Ол қадағалау үшін жасалған нәрсе емес. Ол паспорттың халықаралық стандартқа сай екенін білдіреді», – деді Бағдат Мусин.

Сонымен бірге министр 5G-ге қатысты да түсінік берді. «5G ағзамызға зиян деп те айтып жатыр. Айтарым – дүниежүзі қарқынды дамып келеді. Даму үшін біз де технологияға бейімделуіміз керек. Жаңа технологияны енгізуде сәл кешіксек, экономикамыз да, қауіпсіздігіміз де қалады. Сондықтан бейімделіп, алға жылжуымыз қажет. Қауіпсіздік, алаяқтардан қорғау ІІМ, ҰҚҚ секілді органдардың құзыретінде», – деді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Қазақстандықтар жеке басына қатысты қате мәліметтерді eGov арқылы онлайн түзету мүмкіндігіне ие болады.