7 ШІЛДЕ – ҚАЗАҚСТАН ҚОЛӨНЕРШІЛЕР КҮНІ

Ши тоқу – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнердің бірегей түрі. Алайда көненің көзіндей болған өнер бүгінде жоғалып бара жатқандай. Бір кездері әр шаңырақтың сәніне айналған шиден тоқылған бұйымдардың орнын бүгінде фабрикалық өнімдер басты. Бұл саланы жаңғырту – өткенге құрмет қана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Осынау өнерді сақтап, оны заман ағымына лайық дамытып жүрген шеберлердің бірі де, бірегейі – Зылиха Амануллақызы.

Бүгінде ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жиделіарық ауылының тұрғыны, Қазақстан шеберлер одағының мүшесі, ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген танымал ши тоқушы. Көнеден келе жатқан қазақтың дәстүрлі өнерін заман талабына сай жаңғырта білген шебердің еңбегі көпшілік тарапынан жоғары бағалануда. Ұлттық мұраны насихаттаушы, он саусағынан өнер тамған шебермен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Әуелі мерекеңізбен құттықтаймын! Ши тоқу өнеріне қызығушылығыңыз неше жасыңызда оянды? Бұл істі кімнен үйрендіңіз?

– Рақмет, қызым! Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап сурет салуға құмар едім. Қателеспесем, 4-сыныптан бастап сабақта берілген тапсырманы орындап, астындағы суретін салғанды жақсы көретінмін. Сол жасымнан бастап суретке ден қойдым. Мектепті тәмамдап, бір жылдан соң бригадаға бөлініп, ауылымыздағы қыш зауытқа жұмысқа бардық. Сол жерде жарты жыл жұмыс істедім, кейін жан-жақта еңбек етіп жүріп, 1978 жылы тұрмысқа шықтым. Жас келін болып шаңыраққа түскен алғашқы жылдардан-ақ шығармашылықпен айналысуды қалап, сурет салғым келіп тұратын. Сөйтіп үйдің қабырғасына сурет сала бастадым. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» деген сөз бар қазақта. Адамның бойында қандай да бір өнер болса, оны мың жерден тұншықтырғаныңмен, ол саған ешқашан маза бермейді. Шындығында, ши тоқу өнеріне 35 жасымда келдім.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

Бірде ауылыма, төркініме жол түсіп, қыдырып бардым. Сонда сол жақта бір сіңіліміз Абай Құнанбайұлының портретін шимен тоқыған екен. Әлгі жұмысты көріп таңғалдым, бір жағынан қатты қызықтым. Риза болғаным сонша, айналып-толғанып Абайдың бейнесін айнытпай жасаған қолынан сүйгенім әлі есімде. Ауруханада жатқан әкем сонда: «Қызым-ау, сенің қолыңнан сурет салу келеді ғой. Бұны оп-оңай үйреніп аласың», – деді. Елге келген соң ши тоқу әдісін біртіндеп меңгере бастадым. Бойымдағы барымды осы бағытқа тоғыстырып, ши тоқуға тоқтадым. Сонда ғана өзіме керегі, жан қалауым осы ши тоқу екенін түсіндім.

Әр жұмыстың өз қиындығы, өзіне тән әдісі болады. Соның бәрін тәжірибе арқылы меңгердім. Кейде бір ғана бұйымның басында ұзақ отырып қалатынмын. Бірақ соның ешқайсысы жалықтырған емес. Керісінше, әр аяқталған жұмыс қанаттандырып, осы өнерге деген қызығушылығымды бұрынғыдан да арттыра түсті. Өз қолымнан шыққан дүниелерге қарап, дұрыс жолды таңдағаныма көзім жете бастады. Сурет салуға деген бала күнгі құштарлығым осы өнердің бойынан толық көрініс тапты. Бүгінде сол бір кездегі қызығушылық үлкен өмірлік жолыма айналып, ұлттық өнерді дәріптеуге мүмкіндік беріп отырғанына қуанамын.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

– Бір жұмысты толық аяқтауға қанша уақыт кетеді? Ең көп уақыт жұмсаған туындыңыз қайсы?

– Бұл адамның шабытына байланысты. Кейде бір жұмысты аяқтау үшін таңнан кешке дейін отыруға тура келеді. Алайда үйдің тіршілігі бар, арасында амалсыз үзіліс жасайсың. Жуырда облыс орталығындағы С.Айтбаев атындағы галереяда өткен көрмеге дайындалғанда бір жұмысты 20 күн тоқыдым. Уақыт тығыздығынан басқа шаруаның барлығын ысырып қойып, бар ынты-шынтыммен жасап шықтым. Осылай екі айдың ішінде көлемді-көлемді төрт жұмыс тоқыдым. Ал ең ұзақ айналысқан композициямды шамамен үш ай тоқыдым.

Кейбір туындылардың көлемі шағындау болғанымен, ондағы ұсақ бөлшектер мен реңктерді дәл шығару көп уақытты талап етеді. Ал кейбір жұмыстар көлемді болғанымен, ойдағыдай жүріп отырса, тезірек аяқталуы мүмкін. Сондықтан жұмыстың қанша уақытта бітетіні оның көлеміне ғана емес, мазмұны мен күрделілігіне де байланысты. Мен үшін ең маңыздысы – жұмысты тез аяқтау емес, оның сапалы шығуы. Әрбір туындымның өзіндік тарихы, өзіндік еңбегі бар. Сондықтан олардың әрқайсысына бірдей жауапкершілікпен қараймын. Жұмыс аяқталған сәтте ғана бойымды ерекше қуаныш сезімі билейді. Ұзақ уақыт бойы төккен еңбегіңнің нәтижесін көргенде, барлық шаршағаның ұмытылып кетеді.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

– Ши тоқуға қажетті материалдарды қайдан аласыз? Жүнді қалай дайындайсыз?

– Бұрын ауыл маңында ши өсетін. Жолдасым Асекең әкеліп беретін. Оны түп-тамырымен алуға, зақымдауға болмайды. Себебі тамыры бүтін болса, сол жерде келесі жылы қайтадан өсіп шығады. Алайда өкініштісі, шидің түбі қыста қармен жібіген шақта үй жануарлары, оның ішінде сиырлар жеп қояды екен. Солай жылдан жылға азайып, қазір бұл маңайда ши өсімдігі жойылуға жақын. Сондай-ақ шиді кез келген уақытта орып алуға болмайды. Мысалы жас, жасыл кезінде орып алсаң, солып ештеңеге жарамсыз болып қалады. Қара күзде, дәлірек қазан айында ол суықпен пісіп, әбден өз-өзіне келеді, қатаяды. Сол кезде ғана керегіңді алып, қабығын аршып пайдалануға болады.

Қызық ақпарат айта кетейін, киіз үйге пайдаланатын ши екіге бөлінеді екен. Бірі – «ақ ши», екіншісі – «түр ши». Жаз мезгілінде киіз үйдің керегесіне жүн оралмаған ақ ши жабылады. Сырттан соққан салқын ауа үй ішіне еніп, мұздатып тұруы үшін. Ал күз, қыс айларында түрлі-түсті ою-өрнегі бар жүн оралған шиді жапқан. Әрі сәндік мақсатта, әрі жылы болуы үшін.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

Жүнге келетін болсақ, ши тоқуға ең ыңғайлысы – қойдың жабағы жүні. Жабағы жүн қыста қырқылады. Салалы, ұзын болады. Ал күзде қырқылатын жүн қысқа болады. Оны көбіне текемет жасауға қолданады. Ертеректе әжелеріміз қойдың жүнін қырқып алған соң жуып-шайып тазалап, қазанға салып, ыстық суда қайнатып отырып түрлі түске бояған. Бір уыс тұз салып, бояуды ең бірінші сары түстен бастаған. Себебі сары – ең ашық түс саналады. Одан кейін қызыл, көк, жасыл рет-ретімен бояйды. Мен де алғашында бояйтынмын. Қазір Тараз қаласында жүн бояйтын алып зауыт бар. Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан секілді көршілес жатқан мемлекеттер де осы жерден сатып алады. Мұнда жүннің түр-түрі бар. Бұл жоғары сортты, сапалы өнімдер жұмыс жасауға өте қолайлы. Біздің жақтың, өзіміз дайындаған жүн будақ-будақ болған соң бұлай әдемі шықпайды. Мысалы, «Түркістан» атты композициям өзіміздің қара қойдың жүнінен дайындалған. Оның ішінде қара мен сұр түстерді жиі пайдаланамын. Себебі боялған жүн арасынан сұр секілді табиғи түстер кездеспейді. Боямасаң да, табиғи реңкті жүннің қара, қоңыр, сұр секілді түстерін қолданғанды жақсы көремін. Шидің сапасы да, жүннің сапасы да дайын бұйымның көркіне тікелей әсер етеді.

Қазіргі кезде бұрынғыдай барлық дүниені қолдан әзірлей бермейміз. Дегенмен ата-бабамыздан қалған әдіс-тәсілдерді ұмытпауға тырысамын. Өйткені ұлттық қолөнердің қадірі тек дайын бұйымында емес, оны жасау барысында сақталатын дәстүр мен танымда жатыр. Әжелеріміздің жүн өңдеу, бояу, ши дайындау сияқты жұмыстардың бәрін табиғатпен үйлестіріп жасағанының өзінде үлкен тәжірибе мен даналық бар.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

– Ши тоқу өнерінің қиын һәм қызықты тұсы қандай? Адамға берері бар ма?

– «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен» боласың демекші, қолөнердің қайсын алып қарасаңыз да жасалу барысында адамның ой-өрісін дамытады. Қолөнер адамды шыдамдылыққа, ұстамдылыққа, сабырға, төзімділікке үйретеді. Жүйке-жүйеңді тыныштандырады, қиял әлеміңді байытады. Қазір балалардың физиологиялық дамуын зерттейтін мамандар «ұсақ моториканың» маңыздылығын жиі айтады. Ши тоқу өнері осы ұсақ моториканы дамытады. Жалпы айтқанда, шығармашылық тұрғыдан бөлек денсаулыққа да пайдасы өте көп.

Ал қызықты тұсы – әуелде жай ғана ши мен жүн болып жатқан материалдар уақыт өте келе әдемі суретке, ұлттық нақыштағы композицияға айналады. Сол сәтте өз еңбегіңнің нәтижесін көріп, ерекше қуанышқа бөленесің. Менің ойымша, қолөнер адамды тек еңбекке ғана емес, әсемдікті көре білуге де тәрбиелейді. Уақыт өте келе адамның талғамы қалыптасып, айналасындағы дүниеге басқаша қарайды. Бұл өнердің тағы бір ерекшелігі адамды үнемі ізденіске жетелейді. Бір жұмысты аяқтаған соң, келесі туындыңды бұрынғысынан да жақсырақ жасағың келеді.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

– Осы уақытқа дейін жасаған ең ерекше немесе өзіңіз мақтан тұтатын жұмысыңыз қайсы?

– Мысалы, Абай Құнанбайұлының «Жазғытұры» атты өлеңі бойынша композиция жасадым. Ат үстінде жігіт қызды қуып келе жатқаны, айналасына Таңбалы тастағы бейнелерді кірістіріп, жұмыс дайындадым. Оған «Жазғытұры» деп ат қойдым. Өнер адамдары лажы болса ешкімнен ештеңе көшірмегені абзал. Қиялға ерік берсең қазақтың қолөнерінде шекара жоқ. Сонда да ұқсастықтар болып жатады. Қазақтың тарихы, салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі тұнып тұрған өнер.

Композицияларымның көбінде Наурыз мейрамы, асар секілді қазақтың түрлі жөн-жоралғысы бейнеленген. Әр туындыға жай ғана сурет ретінде емес, белгілі бір ой мен мазмұнды жеткізетін шығарма ретінде қарау қажет. Көрген адам жұмыстың сыртқы әдемілігін ғана емес, оның астарындағы ұлттық құндылықтарды, халқымыздың өмір салтын, дүниетанымын сезінсе екен деймін. Мен үшін қолөнердің – ең үлкен құндылығы да осы.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

– Жұмыстарыңыз еліміздің қай өңірлерінде көрмеге қойылды?

– Ең алғаш облыс көлеміндегі түрлі көрмеге қатысып жүрдім. Ал үлкен жобаларды айтсам, 2000 жылдары Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында көрмеге қатыстым. Одан кейін Атырауда Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында өткен көрмеде жұмыстарым көпшілікке таныстырылды. Үлкен көрмелердің бастамасы ең алғаш осы Түркістан мен Атырау қалаларында басталды.

Астана қаласының 10 жылдығы мен Алматыда өткен халықаралық саяхат көрмесінде, «Гагарин көктемі» секілді шараларда, 2005 жылы Алматыда болған «Ұлттық өнер – ұлттық байлық» көрмесінде, 2008 жылы Астанада ашылған қолөнер шеберлерінің байқауында ұйымдастырылған көрмелерде туындыларым төрден орын алды.

2017 жылы өткен ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Қызылорда облысының мәдениет күндері кезінде ұлттық өнерді насихаттауға атсалыстық.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

2023 жылы Қырғызстан Республикасы дизайнерлер одағының «Өнер керуені» халықаралық қырғыз-қазақ симпозиумына қатысып, марапатталдым. Дәл осы жылы Түркістан облысында өткен «Ұлы Жібек жолы бойындағы тоқыма және зергерлік өнер» атты Халықаралық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесіне қатысып, «Тұран» номинациясын иелендім. Мұның барлығы еңбегімнің бағаланғаны деп ойлаймын.

Әрбір көрмеге қатысу мен үшін тек жұмыстарымды көрсету ғана емес, тәжірибе алмасуға, өзге өңірлердің қолөнер шеберлерімен танысуға, үлкен орталарды көруге мүмкіндік. Бір-біріміздің еңбегімізді көріп, пікір алмасып, жаңа идеялармен сусындап қайтамыз. Бұл шығармашылық адамын ізденіске жетелейді, шабыт береді.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

– Қазір ши тоқу өнеріне қызығушылық қандай деңгейде? Жастардың ұлттық қолөнерді үйренуге талпынысы бар ма?

– Зейнетке шығар алдында мектепте 7-8 жыл жұмыс істедім. Қыз балаларға ши тоқуды үйреттім. Үйренгісі келетіндер, қызығатын жасөспірімдер көп еді. Тіпті үйреніп, өздері тоқып жасағандар да болды. Бірақ оны әрі қарай дамытып, алып кететін ешкім табылмады. «Үйренгім келеді» деп талаптанар біреу болса үйретуден ешқашан қашпаймын. Ықылас білдірген ұстаздар да болды. Тіпті бір мұғалімнің мекенжайын алып, қаладағы үйіне ши мен жүнді апарып үйретіп қайттым. Мұғалімдер үйренгісі келсе қатты қуанамын, себебі ол ертең алдындағы қаншама оқушыға үйретеді.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

Қазіргі жастардың арасында ұлттық өнерге қызығатындар жоқ деп айта алмаймын. Қызығушылық бар, бірақ оны үзбей жалғастырып, соңына дейін алып шығатын адам жоқтың қасы. Өйткені қазіргі заманның қарқыны басқа. Кез келген қолөнерді меңгеру үшін ең алдымен ынта мен төзім керек. Ши тоқуды бір-екі күнде үйреніп кету мүмкін емес. Оған уақыт бөліп, әр қадамын мұқият меңгеру қажет.

Менің арманым осы ши тоқу өнері ұмытылып кетпесе екен деймін. Бұл өнер бір адамның ғана емес, тұтас халықтың мәдени мұрасы. Әсіресе мектептерде, өнер орталықтарында ұлттық қолөнерге көбірек көңіл бөлінсе екен деймін. Өйткені бала жастан көріп, қолымен жасап өскен дүниесі оның санасында мәңгі сақталады.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

– Бұл өнерді сақтап қалу үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек деп ойлайсыз?

– Түркістан облысына барғанда көріп жүрміз, ағаш шеберлеріне, терме алаша, текемет, кілем тоқушылардың әрқайсын бөлек-бөлек бөлмеге орналастырған. Мәселен қонақтар әр қолөнер туындысының жасалу барысымен таныса алады. Қандай жарасымды тірлік!

Осындай бастамалар басқа өңірлерде де көбірек болса екен деп ойлаймын. Өйткені қолөнерді тек дайын күйінде көрмеге қою жеткіліксіз. Адам оның қалай жасалатынын, қанша еңбек пен уақыт кететінін өз көзімен көргенде ғана бағалай бастайды. Шебердің жұмыс үстіндегі еңбегін тамашалау – қолөнерді насихаттаудың ең тиімді жолдарының бірі.

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

Сонымен қатар, қолөнер шеберлеріне тұрақты жұмыс істейтін шығармашылық орталықтар ашылып, олардың тәжірибесін кейінгі буынға үйретуге мүмкіндік жасалса жақсы болар еді. Өнерді сақтайтын – ең алдымен оны меңгеретін шәкірт. Мектептерде, колледждерде, өнер ұйымдарында үйірмелер мен шеберлік сабақтары жиі ұйымдастырылса, ұлттық мұраның ғұмыры ұзарар еді. Бұл жай ғана бұйым жасау емес, ата-бабамыздан қалған өмір салтының, дүниетанымының, тарихының жалғасы. Егер ұлттық қолөнерге мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қолдау көрсетіліп отырса, ши тоқу секілді сирек кездесетін өнер түрлері ешқашан жоғалмайды деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

Ши тоқудың шебері - Зылиха апа
Ши тоқудың шебері - Зылиха апа
Ши тоқудың шебері - Зылиха апа
Ши тоқудың шебері - Зылиха апа
Ши тоқудың шебері - Зылиха апа

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!