Сырдария – Қызылорданың күретамыры. Бұл – жай ғана өзен емес. Бұл – егіннің ырысы, елдің несібесі, тіршіліктің өзегі. Сырдың жағасында өмір сүріп жатқан мыңдаған отбасының күнкөрісі, өңірдің экономикасы мен экожүйесі осы өзенмен тікелей байланысты.
Кейінгі жылдары Сырдариядағы су көлемінің азаюы, климаттың өзгеруі, мұздықтардың кемуі және трансшекаралық су мәселесі жұртшылықтың алаңдаушылығын күшейтті. Сондықтан қызылордалықтарды бір ғана сұрақ мазалайды: «Егер, бір күні Сырдария суы таусылса, не болады?»
Бұл сұрақ үрей туғызу үшін емес, ертеңді ойлау үшін қойылады. Өйткені Сыр тартылса, ең алдымен күріш алқаптары қурайды. Мал шаруашылығы мен балық кәсіпшілігі әлсірейді. Ауызсу мәселесі күрделенеді. Арал өңірінің экологиялық ахуалы одан әрі нашарлап, тұзды дауылдардың жиілігі артуы мүмкін. Ең қиыны – өзенмен біте қайнасқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына қауіп төнеді.
Халықаралық зерттеулер де Орталық Азиядағы су ресурстары алдағы ондаған жылда климат өзгерісі мен су тұтынудың артуына байланысты үлкен қысымға ұшырайтынын көрсетеді. Демек, мәселе Сырдың ертең-ақ таусылып қалуында емес, оның суын бүгіннен бастап тиімді басқаруда.
Сырдарияның ұзындығы екі мың шақырымнан асады. Бірақ оның суының 90 пайыздан астамы Қазақстан аумағынан тыс жерде қалыптасады. Яғни Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы мұздықтар мен өзендер Сырдың негізгі қорегі саналады. Сондықтан Қазақстанға жететін судың көлемі тек табиғатқа емес, көрші елдердің су пайдалану саясатына да байланысты.
Климаттың өзгеруі жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр. Ғалымдардың айтуынша, Тянь-Шань мұздықтарының кемуі, жауын-шашын режимінің өзгеруі және жаз мезгіліндегі су тұтынудың артуы төменгі ағысқа келетін суды азайтуы мүмкін.
Ең алдымен ауыл шаруашылығы зардап шегеді. Қазақстандағы күріштің негізгі бөлігі Қызылордада өсіріледі. Ал күріш – суды ең көп қажет ететін дақылдардың бірі. Су азайса егістік көлемі қысқарады, өнім төмендейді. Одан қалды жердің тұздануы күшейеді де, мыңдаған адамның табысына қауіп төнеді. Бұл тек шаруалардың мәселесі емес. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігі мен өңір экономикасына әсер ететін фактор.
Сырдария – Солтүстік Аралдың жалғыз тіршілік көзі. 2005 жылы Көкарал бөгеті салынғаннан кейін теңіз деңгейі көтеріліп, балық шаруашылығы қайта жанданды. Алайда бұл жетістіктің барлығы Сырдария арқылы келетін суға тәуелді. Егер өзен ағыны күрт азайса, Аралды қалпына келтіруге жұмсалған ондаған жылдық еңбекке қауіп төнуі мүмкін.
Ашығын айтуымыз қажет, Сыр суы тартылса, әлеуметтік мәселе басталады. Нақтырақ айтсақ, балықшылар жұмысынан айырылуы мүмкін, фермерлер шығынға батады және ауылдардағы ауызсу тапшылығы күшейеді. Айналып келгенде жұмыссыздық пайызы өсіп, көші-қон үдерісі жеделдеуі ықтимал.
Сырдың жайы мемлекеттік деңгейде бұған дейін талай көтерілді, әлі де өзекті, күн тәртібінен түскен емес. Мұндайда ғылыми зерттеулерге зер саламыз.
Соңғы ғылыми зерттеулер төменгі ағыста, соның ішінде Қазақстан бөлігінде соңғы жылдары су көлемінің азайғанын көрсетеді. Мамандар мұны климаттың өзгеруімен, трансшекаралық су пайдаланумен және ауыл шаруашылығына алынатын судың көбеюімен байланыстырады. Сонымен қатар өзен суының сапасы да нашарлап бара жатқанын айтады.
БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы да Сырдария бассейніндегі ең үлкен қауіптердің бірі – мемлекеттердің су, энергетика және ауыл шаруашылығы мүдделерінің үйлеспеуі екенін атап көрсетеді. Ұйымның пікірінше, мәселені тек өңірлік ынтымақтастық арқылы шешуге болады.
Ал сарапшылар осы бағытта бірнеше ұсынысты жеткізіп отыр. Бұл үшін бірінші – су үнемдейтін технологияларды кеңінен енгізу қажет екен. Мұнымен қоса арналардағы су шығынын азайту арқылы, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қайта қарау қажеттігін ескертеді. Ал халықаралық деңгейде көрші мемлекеттермен әділ су бөлу жөніндегі келісімдерді күшейту басты назарда екенін растайды.
Жаман айтпай, жақсы жоқ. 2040 жылға көз тастап, Сырдарияның төменгі ағысы толықтай тартылып, Қызылорда өңіріне өзен суы жетпейді деген гипотетикалық сценарийді елестетсек, біз жоғарыда айтып өткен жайттар алдымыздан шығады. Нақты болжам деп айта алмаймыз, алайда бүгінгі ғылыми зерттеулерде көрсетілген тәуекелдердің жалғасы десек болады. Ашығында, мәселе 2040 жылы не болатынында емес. Сауал – соған жол бермеу үшін біз бүгін не істеп жатырмыз?
Рас. Сырдария ертең немесе арғы күні толық құрғап кетеді деу дұрыс емес. Бірақ бүгінгі ғылыми деректер оның су қоры бұрынғыдай тұрақты емес екенін анық көрсетіп отыр. Егер климаттың өзгеруі мен суды тиімсіз пайдалану жалғаса берсе, ең ауыр салмақты дәл Сырдың төменгі ағысында орналасқан Қызылорда өңірі көтеруі мүмкін.
Сыр – жай ғана өзен емес. Ол – Сыр елінің тарихы, экономикасы және болашағы. Сондықтан бүгін қойылған «Сыр суы таусылса не болады?» деген сұрақтың жауабын ертең емес, дәл бүгін іздеу – уақыт талабы.
Нұр БАҚЫТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!