Қаңтардан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 25 пайызға өседі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министр жақын арада мемлекеттік тапсырыс алып отырған балабақшаларға талап күшейетінін мәлім етті. Яғни, санитарлық және өртке қарсы талаптарды сақтау, бейнебақылаудың болуы, балалармен жұмыс істейтін мамандардың білімді, білікті болуы шарт. Сондай-ақ қызметкерлердің типтік штаттардағы статусқа сәйкес болуы қажет.

«Кейбір фактілерді қарап анализ жасайтын болсақ, кей балабақшалар 40-50 баланы бір топқа жинап қойып жұмыс істейді екен. Ол қандай мықты тәрбиеші болса да, 5-6 күннен кейін қиын жағдайға ұшырайды. Ал мемлекеттік балабақшаларда түске дейін бір, түстен кейін бір тәрбиеші бар. Топтардағы бала саны 25-тен аспайды. Бұл бостан-босқа жасалмаған. Міне, осындай қажетті, маңызды, ғылыммен дәлелденген шешімдерді қабылдап, енгіземіз», – деді министр.

Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов қаңтар айынан бастап балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 25 пайызға өсетінін айтты.

«Жалақы бойынша қосымша мәселелерді қарастырып жатырмыз. Зерттеулер балабақшада балалардың болашағы қалыптасатынын көрсетіп отыр. Сондықтан балабақшадан бастап сапалы білім, сапалы тәрбие берсек, мектепте де, колледжде де жақсы көрсеткішке қол жеткізеді», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!