Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда атқарылған жұмыстар мен қаржы пирамидаларына қатысты мәселелер қаралды. Жиынға жауапты мекеме, ұйым басшылары қатысып, аудан әкімдері селекторлық байланыс арқылы қосылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі әйелдер мен балалардың құқығын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін, бұл күрделі мәселе жауапкершілікті талап ететінін қаперге салды.

«Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді тапсырған еді. Таяуда ғана Президент «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заңға қол қойды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қылмыс деп танылуы, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаның күшейтілуі және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған түрлі шаралардың белгіленуі заңның негізгі жаңашылдығы деп айтуға болады. Бұл мәселемен тікелей айналысатын арнайы құрылым жұмысын бастады. Полиция органдарында мамандандырылған бөлімше құрылып, жұмыс атқаруда. Тек анықтаумен шектелмей, арнайы ашылған орталықтар және мүдделі органдармен бірлесіп, нақты шараларды қолға алу қажет. Бірінші кезекте тез нәтиже беретін әрі халыққа аса қажетті жобаларды қолға алу керек», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтың алдын алу, зардап шеккен әйелдер мен олардың отбасыларына қолдау көрсету бағытында атқарылған шаралар туралы департамент бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абдраманов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев баяндама жасады.

Аймақ басшысы тұрмыстық зорлық- зомбылыққа бейім отбасылармен арнайы мамандарды тартып, профилактикалық шаралар жүргізуді тапсырды. Зардап шеккен отбасыларға тұрақты мониторинг жүргізіп, әлеуметтік тұрғыдан бейімделуіне қосымша шаралар қабылдау үшін нақты ұсыныстар әзірлеу міндеті қойылды.

Қаржы пирамидасы мен қаржылық алаяқтықтың алдын алу бағытында атқарылған шаралар туралы департамент басшысының міндетін атқарушы Арман Джанадилов баяндады.

Аймақ басшысы қаржылық алаяқтықтың алдын алу және тұрмыстық жанжалдарды азайтуға азаматтық қоғам институттары мен қоғамды тартудың маңызын айтты. Сол арқылы жастардың құқықтық сауаттылығы артып, қауіпті кеселге қарсы дүниетанымы қалыптасады. Облыс басшысы құзырлы мекеме басшыларына көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды күшейту, қаржы пирамидалары белгілерін алдын ала анықтау жұмыстарын жандандыруды ескертті. «Қаржылық сауаттылық және қаржылық қауіпсіздік негіздері» аясында Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, тиісті салалық басқармалар бірлесіп, кешенді іс-шара қабылдауы тиіс.

Комиссия отырысында күн тәртібінен бөлек басқа да өзекті мәселелер қаралды. Жаз айларында тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы профилактикалық сипаттағы 6 арнайы әлеуметтік ролик жасау тапсырылды. Олар вандализм, лудомания, есірткі қылмыстары, балалардың терезеден құлап кетуі, белгіленбеген орындарда шомылу, интернет-алаяқтық пен кәмелетке толмағандарға жыныстық қол сұғушылықтың алдын алу тақырыптарын қамтуы тиіс. Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі қаралған мәселелер бойынша жауапкершілікті күшейтіп, көзделген міндетті мүлтіксіз орындау қажеттігін қатаң ескертті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!