Кеше ғана мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан жас бүгінде студент атанбақ. Ал университет табалдырығын аттаған әрбір жас өмірінің жаңа кезеңіне қадам басады. Бірақ студенттік өмір сырт көзге қызық пен еркіндіктің символы болып көрінгенімен, оның тасасында қоғам көп айта бермейтін мәселе шаш етектен. Қазіргі студент тек білім алушы емес. Ол – жұмыс іздеуші, жатақхана кезегінде тұрған азамат, болашағына алаңдайтын жас маман және еңбек нарығының талабына бейімделуге мәжбүр тұлға.

Бүгінгі студенттің жайын түсіну үшін оның аудиториядағы емес, аудиториядан тыс өміріне үңілу қажет.

Қазақстанда бүгінде 122 ЖОО бар және 724 мыңнан астам студент білім алуда. Ал биыл 193 мың жас маман университет қабырғасынан түлеп ұшпақ. Барлығының уайымы емтихан да, тіпті дипломның түсі де емес…

Бұрын жоғары оқу орнына түсу өмірді өзгертетін үлкен мүмкіндік са- налатын. Тіпті солай да еді. Оқымасаң қатарыңнан қаласың, ал білім қусаң, әйтеуір бір жерді тесіп шығасың. Диплом алған адам жұмыссыз қалмайды деген түсінік қоғамда берік орныққан еді. Алайда бүгінде жағдай өзгерді. Университет бітіру бұрынғыдай еңбек нарығына автоматты жолдама бермейді. Қазір қолыңдағы смартфонның көмегімен-ақ нан тауып, тіпті әлем аралайсың, армандарыңа жетесің. Алайда бір маман иесі боламын, сол бойынша жұмыс істеймін деген университет түлегінің жағдайы не болмақ?

Жас маман, ең алдымен, тәжірибенің жоқтығынан қорқады. Көптеген жұмыс беруші бос орын жариялаған кезде кемінде бір-екі жылдық еңбек өтілін талап етеді. Бірақ университет қабырғасынан енді ғана шыққан түлекте ол қайдан болсын?

Парадокс осында жатыр. Жұмысқа орналасу үшін тәжірибе керек, ал тәжірибе жинау үшін жұмыс қажет. Ал жұмысқа тәжірибесі жоқ маманды көбінің алғысы жоқ.

Осыдан кейін жастардың бойында болашаққа деген уайым мен сенімсіздік қалыптасады. Олар төрт жыл бойы алған білімінің қажет болатынына күмәнданады. Кейбірі мамандығы бойынша жұмыс таппай, мүлде басқа салаға кетеді. Нәтижесінде диплом сөреде шаң басып қалады.

Сарапшылардың пікірінше, еңбек нарығында сұраныс жылдам өзгеріп жатыр. Кеше қажет болған мамандық бүгін маңызын жоғалтуы мүмкін. Сондықтан қазіргі студент тек білім алып қана қоймай, өзгеріске бейімделуді де үйренуі тиіс.

Студенттік шақта жұмыс істеген дұрыс па?

Бұрын студенттің негізгі міндеті оқу болатын. Қазір жағдай басқаша. Қалта шығыны, жолақы, пәтерақы, тамақ, киім-кешек – мұның бәрі қалтаны қағып түсіретін қажеттілік. Әсіресе Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда оқитын жастар үшін бұл мәселе триггер.

Сондықтан бүгінгі студенттердің едәуір бөлігі ата-анама күш салмайын, оқудың ақшасын өзім төлейін, ең құрығанда ас-нанымды өзім тауып жейін деген мақсатта оқуымен қатар жұмыс істеуге мәжбүр. Бірі даяшы, бірі курьер, енді бірі оператор немесе сатушы болып, 5-10 мың теңге үшін еңбек етеді. Кейбірі онлайн қызмет көрсетіп, фриланс арқылы табыс табады.

Бұл құбылыстың жағымды жағы да бар. Студент еңбек нарығын ерте таниды, жауапкершілікті сезінеді, қаржылық тәуелсіздікке үйренеді. Жұмыс тәжірибесі кейін жұмысқа орналасу кезінде артықшылық береді.

Алайда мәселенің екінші жағы күрделі болып тұр. Күндіз университетте сабақ оқып, кешке жұмыс істейтін студенттің демалуға уақыты қалмайды. Ұйқы тапшылығы, күйзеліс, сабақ үлгерімінің төмендеуі жиі кездеседі. Кейбір жастар ақша табуды бірінші орынға қойып, білім алуды кейінге ысырады. Жұмысың мамандығыңа қатысты болса бірсәрі, ал тек күнкөрістің қамы болатын қара еңбек болашағыңа несімен пайдалы? Міне, сұрақ.

Бұл жерде мәселе студенттің еңбек етуінде емес. Мәселе – жастардың жұмыс істеуге мәжбүр болуында. Егер шәкіртақы көлемі мен әлеуметтік қолдау жеткілікті болса, көптеген студент негізгі уақытын білімге арнайтын еді. Сапалы маман саны артар еді.

Жатақхана жыры

Студенттің өміріндегі ең өзекті мәселелердің бірі – баспана. Ресми дерекке сәйкес, кейінгі жылдары Қазақстанда студенттік жатақхана салу қарқыны артқанымен, орын тапшылығы әлі де толық шешілмеген. Себебі студенттің де саны артып келеді. Әсіресе халық тығыз шоғырланған Алматы мен Астана қалаларында бұл мәселе өткір.

Жатақханадан орын ала алмаған жастар пәтер жалдауға мәжбүр. Ал бұл – жұмыссыз студенттің бюджеті үшін ауыр салмақ.

Мәселен, Астанада бір бөлмелі пәтердің жалдау құны орта есеппен 180-250 мың теңге аралығында болса, Алматыда 200-300 мың теңгеге дейін жетеді. Бұдан бөлек коммуналдық төлем де бар. Бірнеше студент бірігіп тұрған күннің өзінде әрқайсысының ай сайынғы шығыны ондаған мың теңгені құрайды.

Кейбір жас күнделікті сабағына қатысу үшін қаланың шет аймақтарынан екі-үш сағат жол жүруге мәжбүр. Мұндай жағдайда білім сапасы туралы айту қиын.

Жатақхана тек төсек пен бөлме емес. Ол – студенттің қауіпсіздігі, уақыты және психологиялық жайлылығы. Білім беру жүйесі туралы айтқанда аудиториялар мен бағдарламаларды ғана емес, студенттің тұрмыс жағдайын да назардан тыс қалдырмау қажет.

Абырой болғанда, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша 2026 жылдың аяғына дейін 20 студенттік үй болашақ мамандардың игілігіне табысталмақ.

– Бұрын 82 мың орынға дейін жеткен тапшылық бүгінде 5176 орынға дейін азайды. Тіпті Астанада бұрын 5 мың орын жетіспесе, қазір ол 176 орынға азайды. Қалған тапшылық тек Алматы қаласында қалып отыр. Жылдың соңына дейін шамамен 20 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі, – деді министр.

Білікті маман болу үшін бір диплом жеткілікті ме?

Бүгінгі жастарды мазалайтын келесі сұрақ: бір дипломмен жұмыс табуға бола ма?

Ал бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын.

Шын мәнінде еңбек нарығы дипломның санына емес, маманның қабілетіне көбірек мән бере бастады. Кейбір жұмыс беруші үшін университет атауынан гөрі нақты дағды маңыздырақ.

Мәселен, ақпараттық технологиялар, маркетинг, медиа, дизайн секілді салаларда маманның портфолиосы кейде дипломнан да жоғары бағаланады. Дегенмен белгілі бір бағыттарда магистрлік білімнің маңызы жоғары. Ғылым, жоғары білім беру жүйесі, мемлекеттік басқарудың кейбір салалары мен зерттеу бағыттарында магистратура кәсіби өсудің маңызды баспалдағы саналады.

Сарапшылардың пікірінше, бүгінде екінші дипломнан бұрын тәжірибе, тіл білу, цифрлық сауаттылық және кәсіби дағдылар маңыздырақ. Яғни мәселе дипломның санында емес, оның артындағы білім мен біліктілікте.

Студенттік шақты адамның өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі деп айтамыз. Алайда қазіргі жастар үшін бұл кезең тек қызық пен романтикадан тұрмайды. Өкінішке қарай, оның ішінде болашаққа деген алаңдаушылық, қаржылық қиындық, баспана мәселесі және еңбек нарығы алдындағы уайым бар.

Тілші түйіні: Жастарға тек білім беру жеткіліксіз. Оларға кәсіби бағдар, психологиялық қолдау, тәжірибе жинауға мүмкіндік және әлеуметтік кепілдік қажет. Өйткені қазіргі студент – ертеңгі дәрігер, мұғалім, инженер немесе мемлекеттік қызметкер. Егер оның мәселесі бүгін шешілмесе, оның салдары ертең тұтас қоғамға әсер етеді.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!