Бұл әлемді сәбисіз, баланың күлкісінсіз, еркелеген тәтті қылығынсыз елестету мүмкін емес. Өйткені бала – тіршіліктің сәні, қоғамның ертеңі.

Иә, мұны жиі айтамыз. Алайда мына бір дерек көңілге қаяу түсірді. Осы жылдың І тоқсанында елде 74,1 мың сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2 мыңға аз. Ал пайызбен есептесек, шамамен 4,2%.

Десе де бұл назарға бүгін ғана іліккен мәселе емес. Себебі өткен-кеткенге көз жүгіртсек, 2017-2020 жылы елдегі туу көрсеткіш тұрақты өсіп, 2021 жылы ең жоғары деңгейге жеткен. Сол жылы 440 мыңнан астам сәби дүниеге келіп, жалпы туу коэффициенті 23,4 болған еді. Алайда пандемиядан кейінгі қарқынның қарымы төмен. Мысалы 2022 жылы 20,5, 2023 жылы 19,5, ал 2024 жылғы коэффициент 18,5-ті құрады. Санмен нақтыласақ, 2022 жылдан бері 403 мың, 388 мың, 365 мың бала дүниеге келген. Иә, жыл сайын азайып барады.

Хош, қолдағы бар дерекке тағы бір зер салсақ, бұл үрдіс елдің барлық аумағында байқалады. Осы жылдың алғашқы үш айында қалаларда 45,6 мың, ауылдық жерлерде 28,5 мың сәби дүниеге келген. Алайда көрсеткіштің төмендеу қарқыны ауылдық жерлерде әлдеқайда жоғары. Егер қалада туғандардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3% қысқарса, ауылдық елді мекенде бұл көрсеткіш 7,2%-ға жеткен.

Бұл – бұрын көпбалалы отбасының мекені саналған ауылдың өзінде демографиялық өсімнің баяулай бастағанын аңғартады. Демек мәселе урбанизацияның әсерімен ғана шектелмейді. Керісінше, бала тууға ықпал ететін әлеуметтік және экономикалық факторлар қала мен ауылға бірдей әсер ете бастаған.

Өңірлік көрсеткішке назар аударсақ, дүниеге келген сәби саны бойынша көш басында Түркістан облысы тұр. Биыл мұнда 10,4 мың сәби туған. Одан кейін Алматы қаласы (7,2 мың), Шымкент (6,3 мың), Алматы облысы мен Астана (әрқайсысында 6,2 мың) орналасқан. Алайда бала туу деңгейі жоғары саналатын өңірлердің өзінде де өсім емес, керісінше төмендеу байқалады. Мәселен, Түркістан облысында туғандар саны бір жыл ішінде 11,3 мыңнан 10,4 мыңға дейін азайып, республикадағы ең ірі абсолютті төмендеу тіркелген.

Ал ең төмен көрсеткіштер Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда І тоқсанда небәрі 738 сәби дүниеге келген. Солтүстік Қазақстан облысында 1,1 мың, Шығыс Қазақстан облысында 1,6 мың, Абай және Қостанай облыстарында 1,8 мыңнан бала туған.

Демографтардың айтуынша, туу көрсеткішінің төмендеуін бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес. Бұған демографиялық құрылымдағы өзгерістер де, жастардың өмірлік ұстанымының өзгеруі де ықпал етіп отыр.

Мысалы 1998-2000 жылдары дүниеге келген ұрпақ бүгінде активті репродуктивті жастар. Ал бұл кезеңде туғандар санының өзі айтарлықтай төмен болған. Сонымен бірге жастардың отбасын құру және алғашқы баланы дүниеге әкелу жасы да кейінге ығысып келеді. Егер бұрын ерлі-зайыптылар отбасын құрғаннан кейін көп ұзамай бала сүйсе, бүгінде алдымен білім алу, тұрақты жұмысқа орналасу, баспаналы болу секілді мәселелерге басымдық береді. Сондықтан алғашқы жүктілік те, жалпы бала саны да кейінгі кезеңге шегерілуде.

Репродуктивті жастағы жастардың басым бөлігі бір баламен, ал орта жастағы әйелдердің едәуір бөлігі екі баламен шектелуді құп көреді. Демек көпбалалы отбасы бұрынғыдай көпшілік үшін қалыпты таңдау емес, біртіндеп жеке шешімге айналып барады.

Мамандардың айтуынша, мұндай өзгеріске әйелдердің еңбек нарығына белсенді араласуы, урбанизацияның күшеюі және қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі де әсер етуде. Әсіресе қала тұрғындарының өмір салты бала туу туралы көзқарасты өзгертті.

Десе де UNFPA дерегі бойынша Қазақстан салыстырмалы түрде жоғары көрсеткішті сақтап отыр. Мысалы әлемдегі орташа көрсеткіш 2,2 бала болса, біздің елде жиынтық туу коэффициенті бір әйелге шамамен 3 баладан келген.

Демограф Шынар Пазылбекова «іnbusiness. kz»-ке берген сұхбатында:

– Біріншіден, 1999 жылы елде туу көрсеткіші бір әйелге 1,8 баланы көрсетті. Жалпы, тәуелсіздіктен кейінгі 1990-жылдардағы дағдарыс отбасының бала жоспарлауын кейінге қалдырды, өйткені халықтың болашаққа сенімі аз, материалдық жағдайы нашар болды. Қазақстанда 2000-жылдардың басынан бастап әлеуметтік-экономикалық жақсару жүрген уақытта туу көрсеткіші де жоғарылай бастады. Сондықтан елде саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс болмаса, туу деңгейі күрт төмендей қоймайды.

Екіншіден, өңірде туу деңгейі әртүрлі. Оңтүстік, батыс өңірлерде туу көрсеткіші айтарлықтай жоғары. 2024 жылы Түркістан облысында көрсеткіш бір әйелге 4,25 бала деңгейінде болды. Бұл өңір туу деңгейі бойынша елімізде көш бастап тұр. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында туу деңгейі бір әйелге 2 баладан төмен. Сондықтан оңтүстік, батыс өңірлердегі дәстүрлі түсінік, көпбалалы болу тенденциясы жоғалмаса, туу деңгейі әлі төмендей қоймайды, – деді.

Әлемдегі жағдай не дейді?

Әлемдегі ахуалға тоқтасақ, туу деңгейі жоғары мемлекеттер негізінен Африка құрлығында шоғырланған. Бұл елдерде халықтың құрылымы жас, көпбалалы отбасы дәстүрі сақталған және урбанизация деңгейі салыстырмалы түрде төмен.

Туу деңгейі жоғары ондыққа әдетте Нигер, Чад, Сомали, Конго Демократиялық Республикасы, Мали, Орталық Африка Республикасы, Ангола, Бурунди, Нигерия және Эфиопия секілді елдер кіреді. Бұл мемлекеттердің басым бөлігінде бір әйелге шаққандағы бала саны 4-тен 6-7 балаға дейін жетеді. Демографиялық өсім жоғары болғанымен, бұл елдерде әлеуметтік инфрақұрылым, білім беру және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеме де артып отыр.

Керісінше, әлемнің дамыған бөлігінде туу көрсеткіші тарихи минимумға жақындаған. Ең төмен көрсеткіштер Оңтүстік Корея, Гонконг, Макао, Италия, Испания секілді елдерде тіркелген. Бұл мемлекеттерде бір әйелге шаққандағы бала саны 1 баладан төмен немесе 1-1,3 аралығында ғана.

Былтыр БҰҰ Халық саны жөніндегі қоры әлемде туу деңгейі бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеп бара жатқанын мәлімдеді. Ұйым 14 елде шамамен 14 мың адамға сауалнама жүргізген. Әрбір бесіншісі қатысушы өзі қалаған бала санына қол жеткізе алмағанын айтқан. Зерттеу Бразилия, Венгрия, Германия, Үндістан, Индонезия, Италия, Марокко, Мексика, Нигерия, АҚШ, Таиланд, Швеция, Оңтүстік Корея және Оңтүстік Африка іспеттес, әлем халқының үштен бірі шоғырланған елдерді қамтыды.

ЮНФПА басшысы Наталия Канем бұл жағдайды жай ғана статистикалық ауытқу емес, шынайы әлеуметтік дағдарыс ретінде бағалаған. Оның пікірінше, көптеген адам екі немесе одан да көп бала тәрбиелеуді қалайды, алайда бұл ниет әрдайым жүзеге аса бермейді. Бұған ең алдымен қаржылық қысым мен уақыт тапшылығы кедергі болып отыр.

Сауалнама нәтижелері де осыны растайды. Қатысушылардың шамамен 40%-ы бала сүюге экономикалық жағдайдың жеткіліксіздігі басты бөгет екенін айтқан. Бұл көрсеткіш Оңтүстік Кореяда 58%-ға дейін жетсе, Швецияда 19% деңгейінде тіркелген.

Сонымен қатар кей елдерде бедеулік немесе жүктілікке байланысты қиындықтар да маңызды фактор ретінде аталған. Мәселен, Таиландта бұл көрсеткіш 19%, АҚШ-та 16%, Оңтүстік Африкада 15%, Нигерияда 14%, Үндістанда 13%-ды құраған. Жалпы алғанда, бұл фактор әлем бойынша орта есеппен 12% шамасында.

Мәселенің тағы бір қыры – уақыт тапшылығы. Қазіргі урбанизацияланған өмір салты адамдардың отбасына бөлетін уақытын қысқартып отыр. Мысалы, Үндістанның Мумбай қаласында тұратын әйелдердің бірі күн сайын жолдағы кептелісте шамамен үш сағатын жоғалтатынын айтады. Жұмыстан кейін үйге шаршап жеткен ол 5 жасар қызымен толыққанды уақыт өткізуге мүмкіндік таппайтынын жеткізген. Мұндай өмір ырғағы бір баланың өзіне уақыт таптырмай жатқанда, екінші немесе үшінші баланы жоспарлауды кейінге қалдыруға мәжбүр ететіні байқалады.

Бүгінге айтарымыз – осы.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!