Сырдың бойынан Сарыарқаға қоныс теуіп, бұл күнде ел ордасында «ҚазАқпарат» ХАА ауысым редакторы және «Еgemen.kz» сайтының тілшісі қызметін атқарып жүрген Динара Жақсыбайқызымен журналистика жайлы пікірлесудің сәті түсті. Сыр журналистикасында газет пен ақпараттық агенттікте, Астана төрінде телеарнада еңбек еткен ол журналистиканың сан қырына қанықты. Ой бөлісіп, пікір алмастық.

– Динара Жақсыбайқызы, газет, телеарна, сайт секілді журналистиканың түрлі саласын көрдіңіз. Қайсысы жаныңызға жақын?

– Журналистиканың түрлі бағытында жұмыс істеу мен үшін артықшылық болды. Алайда салаға алғаш келген күннен бастап, өзімді қай бағытқа арнайтынымды, қай бағытта еңбек ететінімді білдім. Әдетте қыздар «диктор боламын, эфирге шығамын» деп армандап келсе, менде керісінше, камерадан өзімді алыс ұстадым. Маған газет ұнайтын. Әр шыққан мақалама қарап, көзім қуанатын. Газет мен үшін журналистикадағы үлкен мектеп болды. Онда оқиғаны терең зерттеуге, мәселенің мәніне үңіліп, жан-жақты ашып жазуға мүмкіндік бар. Басылымда жеделдіктен гөрі мазмұн мен талдауға көбірек мән беріледі. Сондықтан журналистиканың бұл саласы менің ақпаратқа үстірт қарамауға дағдыландырды.

Облыстық, республикалық теларналарда да еңбек еттім. Бұл бағытта да өзіме керегімді алдым. Ақпаратты көрерменге әсерлі жеткізу өнерін, дауыстан бөлек эмоция мен кадрларды сөйлетуге машықтандым. Телеарнадағы жұмыс қарқыны өте қызық, бір күнің келесі күнге мүлде ұқсамайды. Әр күн сайын түрлі жағдайға кезігесің. Өзің көрген жағдайды көрерменге сезіндіре аласың. Алайда бұл бағытта өзімді өзгенің нанын жеп жүргендей сезіндім.

Қазір сайтта өзімді емін-еркін, жайлы сезінемін. Ақпаратты жылдам тарату, жер-жаһандағы жаңалықты көпшілікке ұсыну, өзге елдің мәдениеті мен әдебиетіне сай жазылған ақпаратты тілімізге жатық етіп, таным-түсінігімізге қарай оқырманға ұсыну мен үшін қызықты әрі жауапкершілігі мол жұмыс.

Менің сайтқа деген ынтамды арттырған «Kyzylordanews. kz» ақпарат агенттігі. Мұнда біз өңірдегі ақпаратты алғаш болып таратып, базынасын айтып хабарласқан оқырманның мәселесінің шешім табуына атсалыстық.

Динара МАХАНОВА: Журналистика - ұлт мүддесі жолындағы мамандық

– Журналистикаға келетін жастар қазір жазуға емес, жылтырап көрінуге келетін тәрізді. Журналистика оны көтере ме?

– Бәрі жылтырап көрінуге құмар деп айтпас едім. Жастардың арасында да түйдек-түйдек ойы бар, көтерген мәселені арыдан қозғайтындар жетерлік. Олар ойын ашық айтып, мәселені басқа қырынан танытып жатады.

Ал өнімінен бұрын, танымалдылыққа бейімдерге келер болсақ, журналистика тек экран алдында отырып, жарты сағатта 5-6 ақпаратты оқып шығу деп түсінетіндер бұрын да болған, бола да береді. Бәлкім мұндай жастар көпшілікке танылар, бірақ оларда кәсібилік қалыптаспайды. Өзіміз көргендей, мұндай жастарды журналистиканың толқыны өзі-ақ жағаға шығарып тастайды. Себебі жазу стилі, мәтінді талдау тәсілі қалыптаспағандарды ешкім ұзақ уақыт «арқалап» жүре алмайды.

Кейде мұндай жастарға редакциялар да әсер етіп жатады. Қазір рейтинг, статистикаға көп мән беріліп тұр. Сондықтан олардың тарапынан жаза алатындардан гөрі көрінгісі келетіндерді қолдайтындар жетерлік. Лайк көп жинаған мәтіндер марапатталып, жастар да соған бейімделіп жатыр.

Осы орайда журналистикада оқып жатқан, оқуды мақсат еткен жастар құр танымалдылық әрі кетсе 1-2 жылға созылатынын білсе екен. Себебі салада көпшіліктің көзайымы болып жүру үшін жаза да білу керек. Жылтырап көріне білдің екен, айтар ойың да болсын. Сонда ғана бәріміз жүрген журналистика саласы өз мәнін жоғалтпайды.

– Бүгінгі журналистиканы қалай бағалар едіңіз? Қай жерде кемшін кеттік? Қай жерде алға оздық?

– Меніңше, озған тұсымыз көп. Қазір ақпарат жедел жетеді. Оқырман бір ақпаратты алу үшін апталап газет, кешке дейін жаңалықтың уақытын күтпейді. Сайттар мен әлеуметтік желіден өзіне керегін алады. Ал жаңалықты толыққанды білгісі келсе, сараптайтын бағдарламалар да жетерлік. Яғни, бір ақпарат сан түрлі қырынан беріліп жатыр. Халыққа керегі – осы. Ақпарат тарататын көздер көбейген сайын пікір алуандығы да артып келеді.

Ең бастысы қазір ешқандай мәселе жабулы күйінде қалып жатқан жоқ, ашықтық пайда болды. Мұның өзі ел тұрғындарының біразына көп көмегін тигізіп отыр. Көкейдегі сұраққа демде жауап ала алады. Жемқорлық, заңсыз әрекеттер лезде әшкере болады.

Журналистік зерттеулер де бар, бірақ көп емес. Бар болғанның өзінде дені жеке «YouTube» арналарда. Саланың бір кемшілігі деп осыны айта аламыз.

Жалпы осал тұсы – сапа. Жылдамдыққа жұмыс істейміз деп сапаға аса мән берілмей кетті. Қазір ақпарат ағыны толассыз болғандықтан, көпшіліктің назарында болу үшін бір ақпаратпен оқырманды ұстап тұра алмайсың. Бір сенсация салдым дегеннің өзінде ертең ол ақпаратың ұмыт болады. Сондықтан бір сағатта бірнеше жаңалықты өңдеп шығуға тура келеді. Көп редакция жаға ұстататын жаңалық іздеп, елге танымал адамдардың күнделікті өмірін «қадағалаудан» әрі аса алмай отыр.

Динара МАХАНОВА: Журналистика - ұлт мүддесі жолындағы мамандық

– Журналистикада «мамандығыңды табысқа айналдыр» деген ұғымды үйрететін пән керек сияқты болып көрінеді. Бүгінгі медиада табысты болып жүргендер бар, олар – журналистер емес, кәсіпкерлер. Ал журналистер соларға қызмет етеді. Бұған қандай пікірдесіз?

– Біз жалданып жұмыс істегенге үйреніп қалғанбыз. Журналист мықты ақпарат өндіргенімен, оның пайдасын басқалар көріп отыр. Еңбегі толық бағаланбайтын кездер де аз емес. Жалпы біздің санамызда журналист ақпарат жазумен айналысады, қаржы мәселесі өзгенің жауапкершілігінде. Біз тіпті қаламақының да қалай есептелетінін білмейміз.

Қазір желілерде контент түсіріп, ақпарат өңдеп, оны оқырман назарына ұсынып жүрген журналистер жетерлік. Егер заман талабына сай мұндай пән ашылса, осы іспен нақты айналысып жүрген мамандар оқытушы болса деп ойлаймын.

Тағы бір айта кетерлігі, қазір барлық салада СММ маман бар. Олардың бәрі журналистік білім алмаған, тек айлық курсты бітіріп, жұмысты дөңгелетіп жатыр. Былайынша, журналистің ісі, бірақ біз бұдан сырт қалып жатырмыз.

– Төртінші биліктің төрт құбыласы түгел ме?

– Түгел деп айту қиын. Себебі біздің әлі де «арқалағанымыз алтын, жегеніміз жантақ». Біздің елдегі көп медиада еркіндік болғанымен, дені қаржылай тәуелді. Тәуелсіз ешкім жоқ секілді. Өз-өзін асырап отырған БАҚ саусақпен санарлық. Олардың өзі мемлекеттік тапсырысқа тәуелді.

Саланың қоғамдағы рөлі күшейіп келе жатыр, десе де оқырманға бірдей әсер ету мүмкін емес. Жаңалықты жылдам тарату, оны түрлі тәсілмен беруде құрал-жабдықтар жетерлік. Алайда шынайы жазылған ақпаратқа сенбейтіндер де көп. Бұған қарап, төрт құбыламыз түгел деп айта алмаймыз.

Динара МАХАНОВА: Журналистика - ұлт мүддесі жолындағы мамандық

– Сіз үшін мамандығыңыз несімен құнды?

– Біздің мамандығымыздың құндылығы – өзіміз жазған ақпарат арқылы ықпал ете алуымызда. Көтерген мәселең арқылы елдің дамуына үлес қосып немесе бір адамға болса да көмегің тисе, мамандығыңның миссиясы орындалғаны.

– Бүгінгі медианы дамыту үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Қазір қай салада болмасын жасанды интеллектіні бәсекелес көреді. Расымен ЖИ кейбір мамандықтарды жойғанымен, жаңа кәсіп түрлерінің дамуына ықпал етеді. Қазір жастар арасында жасанды интеллектіні пайдаланып мақала жазатындар бар. Адамның жанынан шықпаған сөз анық көрініп тұрады. Роботпен мақала жазу саланы дамытпайды, керісінше құлдыратады.

Жаңа технологияны тек фото-видео әзірлеуде, басылым бетін әрлеуге пайдаланылса… Яғни, жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану керек секілді.

– Әріптестеріңізге мерекелік лебізіңіз…

– Жылына бір мәрте маусымның соңғы аптасында керемет күй кешіп қаламыз. Ел алдында еленіп, жыл бойы атқарған жұмысыңа баға беріледі. Төл мерекемізде естіген жылы лебіздерден арқаланып қаламыз.

Жалпы журналистика сан саланың жиынтығы дегенді жиі естимін. Осы сан саланы толық игермесек те, әр бағыттың дамуына, ондағы мәселелердің ашық айтылуына үлес қосып жүрген жайымыз бар. Елдің игілігі, ұлттың мүддесі үшін атқарып жүрген кәсібімізге береке берсін. Әріптестеріме мықты денсаулық, отбастарына амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Рақмет!

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!