«Қорғаудағы балалар» қорының жетекшісі Жанна Ахметова еліміздегі балалар құқығы үшін күрес жолында маңызды жеңіске жеткенін мәлімдеді. Құқық қорғаушының мектепке енгізген әдісі бойынша балалар енді әжетханаға бару үшін мұғалімнен сұранбайды. Оның орнына жаңа этикалық әдісті қолданады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ахметова Кеңес өкіметінің 70 жылы мен тәуелсіздік алғалы бері 30 жылда балалар қажеттілігін өтеу үшін мұғалімнен рұқсат сұрап келгенін еске алады. Қазіргі күні де солай. 

«Бізді бұған тәртіп секілді үйретті. Шыққың келсе, рұқсат сұра. Бірақ мұғалімнің көңіл-күйіне байланысты сені жібермеуі мүмкін. Мен осы тұсқа келгенде әрқашан наразы болып, қатты алаңдайтынмын», – деп жазады ол.

Канадада және АҚШ-тың барлық штаттарында бұл мәселенің қалай жолға қойылғанын анықтаған құқық қорғаушы 56-мектеп гимназиясына өз ойын айтқан. Білім ордасының басшысы бұл әдісті енгізуге рұқсат берді, дейді Ахметова.

«Осыдан екі ай бұрын біз оқушылардың ұстаздардан сұранбай арнайы бейдж арқылы дәретханаға шыға алатын жүйені енгіздік. Бұл – адам құқықтары бойынша пилоттық жобаның бір түрі. Кіші ұлым оқитын әрбір сыныпта бірі көк түсті, екіншісі қызыл түсті бейдж қалдырдық. Әлбетте, оның бірі ұлдарға, ал екіншісі қыздарға арналған. Дәретханаға барғысы келген оқушы үндемей орнынан тұрып, өзіне қажетті түстегі бейджді алып, шығады. Онда «5 минут» деп жазылған – бұл баланың дәретханада болуы үшін берілген уақыт», – деп түсіндіреді Жанна Ахметова.

Құқық қорғаушы осы уақыт ішінде мұғалімдермен де балалармен де жолығып, жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндірген. Сөзінше, жаңа жүйе екі ай бойы тамаша жұмыс істеп келеді. Балалар да ережені бұзбайды, мұғалімдердің де сабағы бұзылмайды және ең бастысы ешкімнің құқығы бұзылмайды, дейді ол.

«Біз мұндай әдісті енгізген еліміздегі алғашқы мемлекеттік мектеппіз. Келесі оқу жылында гимназиямызды түгелдей осы жүйеге көшіреміз. Айтпақшы, басқа да сыныптар біздің бейдждерімізді пайдаланып жатыр. Яғни, оны өздері қабылдайды және мектептің ішінде өздігімен таралуда. Біздің кішкентай ғана жеңісіміз», – дейді Жанна Ахметова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!