Фото: Kazinform

KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарламалар үшін жауапкершілік барын ескертті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомство мәліметінше, мұндай әрекеттер үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қазіргі уақытта жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет-ресурстар, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тарату деректері тіркеліп отыр.

– Жарылғыш зат қою немесе қоғамдық қауіпсіздікке өзге де қауіптер туралы жалған ақпаратты тарату, тіпті ол әзіл немесе қалжың ретінде жасалғанның өзінде, қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке нақты қауіп төндіріп, жаппай эвакуацияларға, мемлекеттік органдар мен әлеуметтік нысандардың жұмысының тоқтауына әкеледі, сондай-ақ шұғыл қызметтердің елеулі күштері мен құралдарын алаңдатады, – делінген ІІМ мәліметінде.

Министрлік мұндай қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар барлық осындай хабарламалар міндетті түрде тексеріліп, оларды таратқан тұлғалар заманауи цифрлық және техникалық құралдардың көмегімен анықталатыны ескертілді.

– Полиция азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға, жалған шақырулар мен хабарламалар жасамауға, балаларға мұндай әрекеттер үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге, сондай-ақ қауіп-қатері бар хабарламалар алған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады, – деп мәлімдеді ведомство.

ІІМ азаматтарды заң талаптарын сақтауға және цифрлық кеңістікте жауапкершілікпен әрекет етуге шақырды.

Айта кетейік, Семей тұрғыны «өрттен 18 адам қаза тапты» деген жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!