Оқиға өткен жылдың 22 қазанында болған. 66 жастағы қария сот үкімімен кінәлі деп танылды.
Облыстық соттың мәліметінше, 1957 жылы дүниеге келген ер кісі көрші тұратын әжейдің үйіне қонаққа барған. Содан екі зейнеткер шай ішіп болған соң қария тынығып алу үшін сағат 14.30 шамасында қонақ бөлмеге барған. Ол жерде әжейдің 2012, 2014 және 2017 жылы дүниеге келген немере қыздары ойнап отырған. Осы кезде қария арам пиғылын асырмақ болады. Содан жас балаларға күш қолданбай азғындық әрекеттер жасап, өзінің нәпсіқұмарлығын қандырған. Тарқатып айтқанда, зейнеткер өзінің жыныстық мүшесін жас қыздарға ұстатып, кейін олардың әуретті жерлерін ұстап, тілге зақым келтіре отырып сүйіскен.
Қыздардың анасы бұл азғындық туралы алғашында білмеген. 2014 жылы дүниеге келген қызы тамақ ішуден бас тартып, тілі ауыратынын айтып шағымданыпты. Әйел азаматы тағы екі қызынан болған жағдайды сұрағанда олар оқиғаны растаған және өздері де құрбан болғандарын айтқан.
Сотталушының кінәсі сараптама қорытындыларымен, іс бойынша жинақталған дәлелдемелермен, оқиға болған жерлерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
Зейнеткерге Қылмыстық кодекстің 124-бабы 4-бөлігімен айып тағылды. Ол өз кінәсін мойындады.
«Сот үкімімен сотталушыға 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Сонымен қатар сотталушы психологиялық және педагогикалық тәрбиелеу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ» делінген облыстық сот мәліметінде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!