Фото: Үкімет

Биыл үш айда тауарлар экспорты 12 млрд долларды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM.

– Биылғы қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы 21,7 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 12 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 4,5 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 9,6 млрд доллар болды. 2,4 млрд доллардан астам көлемде оң сауда балансы сақталып отыр, – деді А. Әмрин.

Оның айтуынша, осы жылғы қаңтар-наурызда өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 8,5%-ға дейін жеделдеді. Өсім 18 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсу Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ал Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өндірістің төмендеуі тіркелді.

– Былтыр экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға дейін өсті және екінші жыл тау-кен өнеркәсібінің үлесінен жоғары болып отыр. Мұнай секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есеге төмендеді. 2010 жылы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін, – деді вице-министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!