«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын тесері бар». Естісінен гөрі есері басым әндердің уақытында өмір сүріп жатқанымызбен, заманауи ән, даңғаза музыканы талғаммен саралайтын жастар көп. Жақында қазақ әнінің беделін биіктетіп жүрген үнді қызы Айшани Даттатреямен пікірлестік.
Алыстан сермеп, жүректен тербеп, шымырлап бойға жайылған, – деп данышпан Абай ардақтаған, қазақ әнін дәріптеген Айшани – Қызылордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы. Білім мен өнерді қатар алып жүрген ол бала кезінен халық әндеріне сусындап өскен.
– Музыка әлеміне деген қызығушылығым ерекше. Орыс, украин, ағылшын, француз, хинди тіліндегі әндерді орындаймын. Жақсы ән тыңдасаң, жан жадырайды. Арманыңды ұштап, қанат бітіреді. Соның ішінде қазақ халқының композициялары әуезді, мағынасы терең дер едім, ерекше сезім сыйлайды. Сырға толы қазақ өнерін көпшілікке насихаттауға септігімді тигізгім келеді, – дейді ол.
Айшанидің әкесі Халлимайсор Даттатрея – үнді ұлтының өкілі, анасы қазақ. Бір-бірін Алматыда кезіктірген. Қазақстанда 18 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүріп келеді. Халлимайсор Даттатрея бұл өлкеден ағайынның кіршіксіз көңілі бұйырғанына, ынтымағы жарасқан елдің бір бөлігі болғанына қуанатындығын айтады. Отбасының барлық мүшелері өнерге жақын. Үлкендері вокалмен айналысса, балалары – музыкалық аспапта ойнаудың шебері. Дегенмен, Даттарея отбасындағы басты қағида – білімге ерекше ден қою. Бүгінде Айшани мен ағасы Раджив – Зияткерлік мектептің озат оқушылары. Келешекте Айшани ғылымның сырын ашып, атақты биолог ғалым болуды армандайды.
– Жастар мобильді болуға тиіс. Мен осы қағиданы ұстанамын. Шығармашылыққа жақынмын, содан болар түрлі сайыстардан қалыс қалған емеспін. Креативті, талантты, ғылым, өнер саласында шыңдалған жастардың қатарынан табылғым келеді, – дейді ол.
Болатын бала алысқа қарайды. Әңгіме барысында Айшанидің болашаққа жүйелеген жоспары көптігін аңғардық. Бастысы, жеңіл әуеннің жетегінде кетпей, өнер тазалығын қолдап, ән өнерінің өз деңгейінде жаңғыруын қалайтын жастың алғырлығы бізді тәнті ентті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!