«Ғаламның сұлулары татымайды,

Анамның күліп тұрған бейнесіне…» деген Ержеңіс Әбдіұлының өлеңінде айтылғандай, ананың мына ғаламдағы мән-маңызы жоғары. Біз қанша есейсек те, азамат болып атқа қонсақ та, аналарымыздың алдында сәбиміз. Иә, рас, кеше туған нәрестеміз. Бүгінгі мереке қарсаңында «Лебіз» беті асыл аналарымызға, аяулы әпкелеріміз бен қарындастарымызға, с\ұлу жарларымызға арналады.

Мерекелеріңізбен, арулар, асыл жандар!

Бүкіл өмірін балаларына арнап, өмірлік серігіне адал жар, ардақты ана бола білген, бүгінде қызын-қияға, ұлын-ұяға қондырып, немерелерінің сүйікті Әжесі болып отырған асыл анамыз, Сізді бүгінгі көктемнің шұғылалы күнінде келіп жеткен 8 наурыз мерекеңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ардақты ана, сізге қажымас қайрат, зор денсаулық тілей отырып, айналаңызға шуағыңызды шашып ұзақ өмір сүріңіз демекпіз!

Халық арасында «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөз бар. Сізге қашан да қарыздармыз.
Жүрегімді жарып шыққан бар ізгі тілектерім өмірдегі ең қымбатты да ардақты жан ана, өзіңе арналады. Бізді өмірге әкеліп, ақ сүт беріп, аялап өсіріп, тұмсықтыға шоқтырмай, осы күнге жеткізгенің үшін алдыңда мәңгі қарыздармыз. Мейірім мен махаббаттан жаралған кең жүрегіңізден, қызуы тұла бойымызды жылытқан ыстық алақаныңыздан, айналайын деп маңдайымыздан емірене сүйіп, ерке­леткен үніңізден артық біз үшін ешнәрсе жоқ. Анашым, жүзіңізден шуақ кетпей, біздің орта­мызда күліп-ой­нап, шат­тық­қа кенеліп, бақытқа бөленіп жүре беріңіз.
Аяулы, сүйікті, қамқоршым – Асыл Анам, Сіз болмағанда жарық дүниенің қадірін, махаббаттың ләззатын, мейірім-шапағатын тереңін сезінбес ем. Қашанда жаныңызға жақсылық нәсіп болғай, Маматай! Той басқаруға барсақ, Бағланның мамасы сол тойда болса екен деп тілеп баратын болдық деп те айтқан асаба достарым болды. Себебі, менің анамның тойда ысқырып, тойдың сәнін келтіріп жүретінін қаламыздағы біраз асаба достарым біледі. Әулетіміздің басшысы болып, тойдың сәні болып, тойда ысқырып жадырап жүре беріңіз, анашым! Анамызды жыл сайын көктемнің алғашқы күндерінде құттықтап, ерекше қуанту біздің отбасымыздың дәстүріне айналған десек қателеспеймін. Себебі, наурыз айының 4-і күні анамыздың туған күні! Осыдан екі күн бұрын ғана анамызды жылдағы дәстүр бойынша тосын сый жасап қуанттық. Аналарымызға қандай да құрмет көрсету ешқашан артық етпейді деп білемін! Сонымен қатар, анамызға кішкентай нәрседен бастап мән берген дұрыс деп ой­лай­мын. Мысалы, мен анамды телефоныма «Анашым-Жұмағым» деп сақтап қойғанмын. Оның өзі анаға деген құрметті білдіреді деп есептеймін. Сондықтан әр перзент өз анасына деген құрметті кішкентай нәрседен бастауы керек деп ойлаймын. Осы орайда, барша аналарды 8 наурыз мерекесімен құттықтағым келеді. Әр сәби, өз Анасына деген сезімі, құрметі жоғары болсын деген тілек білдіргім келеді.
Қамқор­шы, ақылшы, өмірдің бұла күші, көңілдің қуаны­шы, сезімнің жыр ағысы – аяулы ана, біз бала күнімізде бізді осындай күнге жеткіздіңіздер, ендігі кезек бізде деп есептеймін. Барлық ана бақытты өмір кешсін!

Бағлан ҚАЛИЕВ

Анам маған кешірім сұрауды үйретті

Жасаған қателігің үшін кешірім сұрауға міндеттісің. Өйткені, қазақта «Қолыңмен жасағанды, мойныңмен көтер» деген бар. Бала күнімде бала болып қызық қуып, ойнап кеткен мен анамның айтқан тілін алмай, сотқарлық таныттым. Ал сабаққа барар сәтте ол мені үйге кіргізбеді. «Алдымен кешірім сұра, сонан соң кіргіземін» дегені есімде. Кешірім сұраудың не екенін оған дейін білмеппін. Анам сонда маған «Балам, мені ғана емес, қандай да бір адам баласын ренжітсең, кешірім сұрап үйрен» деді. Содан бері кешірім сұраудың, өзіңнің қателігіңді түсініп, түзеуге тырысқанның үлкен ерлікті, батылдықты қажет ететінін білдім.


Иә, анам мені мына өмірдің мектебінен сүрінбей жүруім үшін үлкен сабақ берді. Әкем ерте қайтқан соң, анам мені және үш бірдей бауырымды үп еткен желден қорғап, тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірді. Әке де, ана да болды. Қатал тағдыр оның бетіне әжім­ді, шашына ақты ерте түсірді. Ол біз үшін өзі­нің жас­тық ша­ғын, бүкіл өмірін бей­нетпен өткізді. Анам – өмірлік ұстазым. Ол қай уақытта да ақылын айтып, бағыт беруден жалыққан емес. Қандай да бір сәтте қабақ шытып, көңіліңе қаяу түсірсем, өкпелетіп, ренжітсем, кешіргейсің, асыл анам!
Мереке қарсаңында менің анам тәрізді ғаламға шуағын шашқан әрбір ананы, қызғалдақ қыздарды, аяулы аруларды құттықтаймын. Мына ғаламды көркем ететін, сәбилерді еркеле­тетін өзде­ріңіз. Сіз­дер­дің шұғы­лалы шуақтары­ңызға шомылып, мейірім мен махаббатқа бөленген сәтте ғана мына әлем нұрлы болады. Әрқашан бақ-ғұмырлы болы­ңыздар! Сіздерсіз өмірдің мәні де, сәні де бол­май­ды.
Дүние тұрғанша тұрыңыздар!

Дәулет ҚЫРДАН

Жұмақ – ананың табанының астында

Кей-кейде өзім әке болсам да, анамның алдына барып еркелеп жатып аламын. Өйткені, анамның мейірімі мен махаббаты шексіз. Мына қым-қуыт тірліктен қажып, шаршап кеткен сәттерде «Сәби болғым келеді» деп анамның алдына жантая кетемін. Өйткені, мен үшін анамнан артық адам жоқ. Бәлкім, сырт көзге дәп-дәу баланың еркелеп жатқаны ерсі шығар, бірақ мен есейіп кетсем де, анама сәбимін. Сол сәби қалпымда қаламын. Алдағы уақыттарда да заңғар көкті еңсеріп, биік шыңдарды бағындыра алсам, арманымның асқар шыңына жетіп жатсам – мені өмірге әкелген асыл жаным, анамның арқасы деп білемін.


Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер!
Осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерді шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйел-Ана қашан да – әдеміліктің символы!
Жер бетіндегі жақсылық пен ізгілік, қайырымдылық пен мейірімділік ұғымдарының барлығы ана атауымен тығыз байланысты. Сондықтан да көктемнің осы бір тамаша мерекесі әйелге тән әсемдік пен нәзіктіктің мәңгі белгісі сияқты көрінеді.
Көрікті көктемнің көркем мерекесі көңілдеріңізге қуаныш сыйлап, жүздеріңізден күлкі кетпесін, аяулы арулар!
Әрқашан шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, қуаныштан арылмасын! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, отбастарыңызға амандық тілеймін!
Мерекелеріңіз құтты болсын!

Бахтияр АЛМУСАЕВ

Мен үшін алаңдайды алтын анам…

1991 жыл еді… Мен екі жаста болғанмын. Сарысуға көшкен «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген бір қауым елдің ішінде менің де ата-анам болатын. Біз бала болып, бірге барамыз. Мен әлі ес білмегенмін. Олардың көңілі жан-жаққа бөлініп кеткен сәтте мен бала болып, жайылымға шыққан жылқылардың соңынан ере беріппін. Сол күні тоқтаусыз жаңбыр жауады.

Даланың қожайыны қасқыр да ұлымаған түн болған екен. Ауылдан бір автобус адам келеді, қаладан тікұшақпен құтқарушылар да жұмылады. Сол жерге көшіп барған бүкіл малшылар қосылады. Осылайша араларына 5 метр салып, ұйықтамай іздейді. Сөйтіп, ауылдағы Айдар көкем бірінші болып көреді. Ол мені өліп қалды деп ойлап, тұрып қалады ғой. Сол сәтте үлкен бәшәйіма шыбын қона қалса керек, бәшәйімнің жыбырлағанын көргенде жүрегі жарылардай қуанып, дереу көтеріп алыпты. Содан не туған анама, не әкеме бармай, Айдар көкемді құшақтаған күйі жабысып қалыппын. Содан 10 шақырым Айдар көкем өзі денелі, мені құшақтаған күйі қонысқа келіпті. Мектеп бітіргенше мен Айдар көкемнің қолында өстім. Айым анамның тәрбиесін алдым. Келін түсіргенде де әуелі осы шаңырақтың табалдырығын аттадық. Иә, осылайша, мені бір жоғалтып қайта тапқан ата-анам мен үшін қашан да ыстық. Анамның қалай алаңдағанын тілмен айтып жеткізе алмаймын. Иә, осылай анамның әрбір сәттегі алаң көңілін сеземін, білемін және құрметтей­мін.
Анашым, алтыным, жән­на­тым, мына ғалам­дағы ең қымбатым өзіңіз. Қай сәтте де биік шыңға жетелеген сіздің сеніміңіз, үкілі үмітіңіз. Азамат болып атқа қонып, биік шыңға шыққан әрбір сәтімде көңілге қуаныш сыйлап, жанымды жадыратқан да, айбынымды асырған да өзіңіз. Мына жарық ғаламды сыйлап, адамдық асыл қасиеттерді бойыма сіңіргеніңіз үшін қымбатсыз. Берген тәлім-тәрбиеңіз бен бағыт-бағдарыңыз мен үшін қымбат. Әлі де сіздің артқан сенім мен үмітті ақтау жолында табандылықпен еңбек ете аламын!
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мына ғаламдағы әрбір ананы, аруларымыз бен әпкелерімізді, қарындастарымызды мерейлі мерекемен құттықтаймын. Өмірлеріңіз ғажап бақ болсын!

Ғани ӘБДІБЕКҰЛЫ

Шешенің бала десе
шығар жаны…

Ауылда асау тайдай аунап-қунап өстік. Үлкен апамыздың тәлімін көп алдық. Оның қатал тәрбиесінен талай жан тайсалатын. Түсте шетімізден жатқызып, ұйықтаңдар деп қамап тастайды. Ал біз терезеден қашып шығамыз. Ауыл сыртындағы каналға барып суға түсеміз, қуыспақ ойнаймыз. Осылай ойын қуып келген уақыттарда алдымыздан үлкен апамыз шығып, «Суға түстіңдер ме?» дейді, ал біз мойындамаймыз.

Апамның тәрбиесін білеміз, қолынан шыбығы түспейтін. Адам болсын, түзу жолда жүрсін дегені ғой. Келіп, қолымызды тырнап кеп қалғанда қолымызға із түсіп, суға түскеніміз білініп, бір шапалақ қабылдайтын ек… Ал шешеміз енесінің алдында шыр-пыр болып жүгіре алмайды, баласы үшін жаны шығып тұрады ғой. Кейін бізге «Балалар, енді суға түссеңдер, апаларыңның көзіне көрінбей, әуелі маған келіңдер» деді. Осылай анамызға барсақ, ол бізді тұщы суға түсіріп, көлге түскенімізді білдірмей, сабындап, шайындырып, шығаратын. Мұнымен айтқым келгені, ана балаға деген махаббаты мен мейірімін қашан да бағыттап, сол шуағымен өсіреді.
Әкем, анам және мен тауға барамыз. Әкем ауылдан шыға бере көк уаздың рулін береді. Ал шешем бәйек болып, болашағымызды ойлап, шыр-пыр болады. Мұндағы әкемдікі ер баланы ер етіп тәрбиелеу, анамдікі – баласын қауіптен сақтау ғой. Тағы бір еске түскені, қара сора өсімдігі туралы үй тапсырмасы болатын. Сол мәтінді жаттай алмай біраз әбігерге түскенім бар. Әкем ашуланып, даладан шөпті жұлып әкеп, шөппен сабап, оның тікені тиген жерін ашытқан соң жан тәтті ғой, демде жаттап алғаным есімде. Иә, олардың осы тәрбиесі мен үшін өмір мектебі. Олар мені адам болсын деп тәрбиеледі. Иә, анамның мен үшін орны бөлек. Бізге үп еткен желдің салқынын тигізбей, бар тәттіні алдымызға тосып, ешкімнен кем қылмай, әкем екеуі жеткізді.
Аяулы ана! Мерейлі мереке тұсында сізді және барша аналарды құттықтаймын. Ғаламдағы барлық жақсылықты тілеймін. Көңілдеріңізге қаяу түспесін. Жадыраған қалыптарыңызбен әрқашан әлемнің күні болып, сәуле шашып жүре бергейсіздер!

Нұрсұлтан ЫДЫРЫС

Бетті дайындаған
Аян СПАНДИЯР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!