Көктем шығып, әз-Наурыздың келуімен қатар қазақтың салт-дәстүрлеріне деген қызығушылық ерекше арта түседі. Арқан тартыс, ұлттық киім кию, қазақша күрес – мұның бәрі ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы қашан. Бірақ мейрам өтіп, күнделікті тіршілік басталғаннан кейін ұлттық нақыштан ештеңеқалмағандай, қайтадан баяғы күнделікті күйге түсетініміз жасырын емес.

Қазақ халқы қашанда дәстүрге бай болған. Көшпелі тұрмыс пен дала заңдылықтарына негізделген бұл жоралғылар тек мерекелік рәсімдер ғана емес, сонымен бірге қоғамдық қатынастарды реттейтін, адамгершілік құндылықтарды бойға құятын ар мектебі һәм дала соты іспетті қызмет атқарған.

Уақыт көші ілгерілеп, жаһандану үдерістері күшейген заманда кейбір көне салттар ұмытылып, қолданыстан мүлдем шығып қалды. Ал кейбірінің мазмұны өзгеріп, бастапқы тәрбиелік мәнінен ажырап бара жатыр. Осы орайда ұлттық болмысымыздың алтын діңгегі болған, бірақ уақыт шаңына көміле бастаған бірқатар құнды салт-дәстүрімізді еске түсіріп, олардың мән-мағынасына үңіліп көрейік.

ТУҒАН ЖЕРДІ ҰМЫТПА!

Ұмытылып бара жатқан құнды ғұрыптардың бірі – аунату. Бұл – қазақ халқында елге сыйлы, абыройлы, ақылды немесе батыр адам үйге қонаққа келгенде орындалатын дәстүр. Мұндай қадірлі тұлға үйден аттанғаннан кейін, оның отырған немесе жатқан орнына кішкентай баланы аунатып алатын болған. Бұл ырым «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы кісінің асыл қасиеттері қонсын, рухты болсын» деген ниетпен орындалған. Қазақ дүниетанымында «құт» пен «дарыған қасиет» физикалық кеңістік арқылы да беріледі деген сенім болған. Мәселен, қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың үйіне қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов келген кезде, Айтматов өзінің бел баласын Әуезов отырған жеріне аунатып алғаны тарихи деректерде кездеседі.

Сондай-ақ, елге белгілі тұлға ұзақ уақыттан кейін еліне оралғанда, ағайын-туыс оны туған жердің топырағына аунатып алған. «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген сөз осымен байланысты. Атауы ұқсас болғанымен, бұл екі ғұрыптың мағыналық жүгі екі түрлі. Белгілі этнограф Сейіт Кенжеахметұлының еңбектерінде бұл дәстүр туралы былай делінген: «Әдетте басқа жақта тұратын ер-азаматтар туған жеріне келгенде, оны жерге аунатып алатын жақсы дәстүр бар. Мұның мән-мағынасы өте терең. Біріншіден, «сен осы жерде тудың, мұны ұмытпа, перзенттік қарызыңды өте» деген мағынаны білдіреді. Екінші, «туған жер – ата-анаң, отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда мәңгі жүрсін» деген терең тәрбиелік мән жатыр», – деп жазады ғалым өзінің еңбегінде.

Бұл ғұрып адам бойындағы отансүйгіштік сезімді оятып, тамырынан ажырамауға үндейтін рухани тәрбие құралы болған.

«БӘСІРЕНІ ҚҰЛАҚТАН БАСЫП ЕДІ»

Байқағанымыздай, қазақ дүниетанымында кішкентай бүлдіршіндерге арналған дәстүрлердің орны ерекше. Бір дәстүр баланы үлкендерді үлгі тұтуға, жақсылықты тануға бағыттаса, келесі бірі кішкентайынан еңбекке баулуға, жан-жануарға қамқор болуды үйретуге негізделген. Осындай маңызды ғұрыптың бірі – бәсіре атау.

«Шаңырақта ұл бала дүниеге келген сәттен бастап, баланың ата-әжесі немесе жасы үлкен туыстарының бірі жаңа туған нәрестеге арнап бәсіре атайтын болған. Қазақтың өмірі төрт түлік малмен тікелей байланысты болғандықтан, ұл бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп салт бойынша белгілеген. Қазақ халқының ұғымында дүниеге келген баланың болашағы мен өмірі өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты, тағдырлас деп есептелген. Сондықтан ол малды басқа адам мінбейді, ешкімге сатпайды және сыйға тартпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға, мықты малдан таңдалғаны дұрыс саналған», – деп жазады Ардақ Сәкенқызы.

Бәсіре туралы әдеби әңгімелер мен естеліктер өте көп. Соның бірі – белгілі жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбектің «Ойтолғақ» атты жазбасындағы естеліктері. Ғалым балалық шағын былай деп еске алады: «Менің есімнен кетпейді, алты-жеті жасымда бәсіре тайымды бұлақтан суарып, қайтып келе жатқанымда алдымнан жолыққан қарт ана маған жол беріп, өткізіп жіберіп еді. Мен пионерлік түсінікпен «Апа, өтіңіз» дегенімде әлгі кейуана: «Жоқ, шырағым, бәсіре пырағын жетелеген азаматтың жолын кесуге болмайды, өтіп кет!» деп бұйыра тіл қатқан дауысы әлі құлағымда».

Бұл естеліктен қазақ қоғамында баланың да, оның бәсіресінің әлеуметтік мәртебесі қаншалықты жоғары болғанын аңғаруға болады. Бәсіре туралы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та ерекше тебіреніспен жырлаған:

«Жылқышы атам – қамқоршы, асыл еді,
Әкелді де, ерттеді бәсірені.
Үзеңгімді тең теуіп, орныққанша,
Бәсірені құлақтан басып еді.
Асау тай мөңкитұғын көрінбеді,
Тебінбеді, немесе шегінбеді,
Атам тайдың құлағын қоя беріп,
Тізгін-шылбыр ұстатып: – тебін! – деді».

Бұл дәстүрдің бала тәрбиесіндегі рөлі орасан зор. Бала өз бәсіресімен бірге өсіп, оған күтім жасау арқылы еңбекке араласады, малдың қадірін түсінеді. Бұл бала бойында жауапкершілік, қамқорлық және шаруашылыққа икемділік қасиеттерін қалыптастырады.

«ӘЛДИ, ӘЛДИ, АҚ БӨПЕМ»

Иә, бесік жыры туралы естімеген қазақ баласы кемде-кем шығар. Оны мектеп кезінен жатқа білетіндер де жеткілікті. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі смартфон мен түрлі гаджет пайда болғалы, біз тыңдайтын әсем әуендер мен жасанды дыбыстар ана мен бала арасындағы көпірді үзіп бара жатқандай. Бесік жырының бала дамуына тигізер физиологиялық және психологиялық пайдасы жайлы заманауи ғалымдар жиі айтады.

2001 жылы Ресейдің Тюмень қаласындағы зерттеушілер арнайы ғылыми тәжірибе жүргізген. Олар жастары қарайлас сәбилерді екі топқа бөліп, ұзақ уақыт бойы бақылайды. Бірінші топтағы сәбилер ұйықтар алдында тек анасының жанды дауыспен айтқан әлдиін тыңдаса, екінші топтағы балаларға түрлі классикалық және заманауи музыкалық әуендер қойылған. Алты айдан кейін сәбилердің ми қыртысын арнайы аппараттармен тексергенде, таңқаларлық нәтиже тіркеледі. Ана әлдиін естіп өспеген балалардың миындағы нейрондық байланыстардың баяу дамып, олардың танымдық және ойлау қабілеттерінің белгілі бір деңгейде тежелгені анықталған. Ал анасының бесік жырын тыңдаған сәбилердің тілдік және интеллектуалды дамуы әлдеқайда жылдам жүрген.

Бесік жырын тыңдаған әр бала кішкентайынан бойына рухани азық жинаған. Қызығы, бұл жанрды ұлы жазушы Мұхтар Әуезов халық әдебиетінің алтын қайнарына жатқызған. Бұған оның «Халық әдебиеті туралы» атты мақаласы дәлел. Халық әдебиеті – ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан баға жетпес дүние. Әрине, ол уақыт өте келе ауыздан-ауызға тарап, мүлдем өзгеріссіз қалмаса да, негізгі мазмұнын жоғалтқан жоқ. Әрбір ана, әже бойындағы бар мейірімі мен ақылын, ізгі тілегін осы бір әуезді жырға сыйдырған. Қазақ баласының зерек, алғыр, білімге құштар болып, елін сүйіп өсуінің бір сыры осы ана әлдиінің құдіретінде жатса керек.

«Түрлі ою ойысып,
Ұста болар ма екенсің?
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?
Ұлы топта күрескен
Палуан болар ма екенсің?».

АЛЫСТАҒЫ ТУМАДАН, ЖАҚЫНДАҒЫ КӨРШІҢ АРТЫҚ

Ертеде дала халқы «алыстағы тумадан, жақындағы көршің артық» деп, іргелес отырған көршісін ерекше сыйлаған, тіпті онымен туысқандай араласқан. Көшпелі қазақ тұрмысында шұрайлы қоныс, құтты мекен іздеу мақсатында ұзақ жол жүру үйреншікті жағдай еді. Мұндай ұзақ әрі қиын көш кезінде жеңіл жүру үшін адамдар артық азық-түлік жүктемеген.

Көшіп бара жатқан отбасы ұзақ жолдан шаршап-шалдығып, тынығу үшін белгілі бір ауылдың жанына келіп аялдайды. Мұндай жаңадан көшіп келген көршілерді қарсы алу рәсімін қазақта «еру» немесе «ерулік беру» деп атаған. Жаңа көршілерді көрген бүкіл ауыл адамдары жиналып, олардың жүгін түсіруге көмектескен, киіз үйлерін тігісіп, отын-суын дайындап берген. Көш көлігінің жем-шөбін реттеп, шаршаған жолаушыларға бірден ыстық дәм ұсынған. Жаңа көшіп келген отбасыны бала-шағасымен бірге кезек-кезек үйлеріне шақырып, ауыл үлкендерімен және көрші-көлеммен таныстыру үшін арнайы «ерулік ас» берген. Осылайша, екі жақтың балалары да тез тіл табысып, бір үйдің баласындай өсетін болған.

Ерулік асы әдетте қысқы соғымның ең таңдаулы, сүбелі мүшелерінен – қазы-қарта, жал-жаядан дайындалған. Кейде жаңа көршілердің құрметіне арнайы қой да сойылған. Егер көшіп келгендер жаңа отау құрған жастар болса, ауыл әйелдері оларға ыдыс-аяқ, көрпе-төсек сияқты күнделікті тұрмысқа аса қажетті заттарды сыйға тартып, қамқорлық танытқан.

«ДЕҢГЕНЕ ЖЕУГЕ КЕЛДІК»

Қазақ даласында әлеуметтік көмек көрсету мен ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ жастардың белсенділігі мен күш-жігерін сынаудың үлгілері көп. Соның бірі – «деңгене» салты. Бұл дәстүр бойынша, көрші ауылдың бір топ қайратты да өнерлі жас жігіттері бас қосып, ауылдағы дәулетті, қолы ашық үйлердің біріне келіп: «Деңгене! Деңгене жеуге келдік!» деп айғайлайтын болған. Үй иесі бұл сөзді естіген соң, қонақжайлық заңына сәйкес, қарсылық танытпай, бір семіз қойды сойып, оның етін түгелдей үлкен қазанға салдырып пісірген.

Ойынның шарты мынандай: келген жігіттер сол қойдың етін түгелдей жеп, сорпасын соңғы тамшысына дейін ішіп тауысуы тиіс болған. Егер олар бұл шартты орындай алмай, етті тауыса алмай қалса, айыппұл ретінде үй иесіне бір қойдың орнына екі қой қайтаруға міндеттелген. Бұл дәстүрдің негізгі мақсаты – жастарды достыққа, ауызбіршілікке тәрбиелеу, сонымен қатар олардың жігерін, төзімділігін және физикалық күшін сынау болған.

Дегенмен, бұл салт туралы басқа да тарихи пайымдар бар. «Қазақ энциклопедиясында» бұл дәстүр былай сипатталады: «Тағы бір қызығы, ел арасында бұрын бір қойдың етін жалғыз өзі жеп тауысатын мешкейлер көп болған. ХІХ ғасырдың соңында Арғын тайпасының ішіндегі Тінет руында Шінтән деген атақты мешкей өмір сүрген. Оған бір қойдың еті жұғын да болмайды екен. Ал Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде «деңгене» сөзінің қолданылуы сәл өзгешелеу болған. Бұл жақта 4-5 отбасы бірігіп, бір малды ортақтасып сойып алатын. Ол ет таусылған соң, кезекпен келесі үй мал шығаратын. Осылайша бұл үрдіс кезекпен жалғаса беретін. Мұның себебі – қыс мезгілінде күн жылы болатын оңтүстік аймақтарда соғым етін ұзақ сақтау мүмкін болмағандықтан, ет бұзылып кетпес үшін осындай тиімді әрі үнемді тәсіл ойлап табылған».

Ата-бабамыздан мұра болып қалған әрбір салт-дәстүр мен ғұрыптың астарында біз білмейтін сыр жатыр. Біз бұл дәстүрлерді тек мұражай жәдігері ретінде қарастырмай, олардың тәрбиелік мәнін заманауи өмірімізге икемдей отырып қолдануымыз қажет. Мысалы, көпқабатты үйлерге жаңадан көшіп келген көршілерге «ерулік» беру, балаларымызға гаджет ұстатқанша бесік жырын айтып ұйықтату сияқты қарапайым қадамдар ұлттық кодымызды сақтап қалудың төте жолы болмақ.

М.МАЙБЕКҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!