Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектебінде жалпы білім беру ұйымдары кітапханаларының бірізділігін қамтамасыз ету, тұрақты әдістемелік қолдау мақсатында «Балалар кітапханасы» ашылды.

Заманауи технологиялармен жабдықталған балалар кітапханасының ашылу салтанатына облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймурзаева қатысып, лентасын қиды.

«Облыстық білім басқармасының «Балалар кітапханасы» пилоттық жобасын ендіру туралы бұйрығының негізінде аталмыш мектеп – «тірек мектебі» ретінде бекітілген болатын. Жоба аясында қала мектептерінің кітапханашылар бірлестігі жұмыс жасап, ұйымдастырушылық-әдістемелік қолдау, оқу сауаттылығын дамыту бағытындағы іс-шаралар кешені өткізіліп, облыстың білім беру саласының кітапханаларының орталығы ретінде тәжірибесі таратылатын болады», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Салтанатты іс-шара аясында басқарма басшысы білім ошағындағы «English club» үйірмесінде жүргізіліп жатқан «IeIts»халықаралық тестілеу жүйесі арқылы оқушылардың шет елдерде білім алуының мүмкіндігі, «Flex» бағдарламасының жұмысы мен «Сlil» әдісі бойынша ағылшын тілінде жүргізу метапәндік байланыстарды қамтамасыз ету және жаңа білім стандарты принциптерін дамытуда практикалық нәтижелерімен танысты.

Жиынға қатысушылар «Абайтану» пәні бойынша үш тілде түсіріліп жатқан бейнесабақтар тізбесін тамашалады. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқушылар өздеріне таныс болған шығармалары туралы ой бөлісіп, театрландырылған қойылым қойды. Сонымен қатар «Кітап оқу-рухани әлемге жол» тақырыбында оқушылар арасында дебат ұйымдастырылып, «Read-x» форматында мектеп оқушылары өздері оқыған көркем әдебиеттерінің қысқаша мазмұнын ағылшын тілінде презентация арқылы таныстырды.

Шара соңында Ақзира Бақтыбайқызы Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мектеп оқушыларының арасында өткізілген «Ең үздік оқырман – 2021» байқауында жүлделі орын алған оқушыларды марапаттап, бас жүлде иегері 10 сынып оқушысы Шазында Еркемге велосипед табыстады. Сондай-ақ, «Үздік кітапханашы -2021» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!