Елімізде 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заң қолданысқа енді. Ол мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін арттыруға және қоғам алдындағы ашықтық пен есептілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған.
Жаңа заң көтерген маңызды мәселелердің қатарында мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған шаралар да бар. Яғни, заң шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы мен кепілдіктері едәуір кеңейтіліп отыр. Айталық, жалақының кемінде үш жылда бір рет арнайы әдістеме бойынша өсіп отыруы, баспанамен қамту, отбасылық жеңілдіктер, сауықтыру жәрдемақысы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің заңмен толық қорғалуы, қызметшінің басқа өңірге ауысуы кезіндегі қолдаулар, ардагерлерді қолдау тәрізді жаңа нормалар қолданысқа енгізілді. Мұның барлығы мемлекеттік қызметшілерді қолдаумен қатар, мемлекеттік қызметтің беделін арттырып, қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуға бағытталған. Ал, әрбір мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби қызметінде адалдықты, жауапкершілікті және әдептілікті басты қағидат ретінде ұстануы тиіс.
Жалпы, мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды институттардың бірі. Мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі, жауапкершілігі және азаматтармен қарым-қатынасы мемлекеттік органдарға деген қоғамдық сенімнің деңгейін айқындайды. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын сақтауы мен жоғары қызметтік мәдениет танытуы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттырудағы маңызды фактор.
Мемлекеттік қызметшінің әдеп нормалары – оның қызметтік міндеттерін атқару кезінде және қызметтен тыс уақытта ұстануға тиіс мінез-құлық қағидаларының жиынтығы. Бұл нормалар мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға, мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға және азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыруға бағытталған.
Әдеп – мемлекеттік қызметшінің басты қасиеттерінің бірі. Азаматтармен қарым-қатынас кезінде сыпайылық таныту, олардың өтініштері мен мәселелеріне мұқият қарау, қызметтік өкілеттіктерді адал әрі әділ орындау мемлекеттік қызметшінің кәсіби бейнесін қалыптастырады. Әрбір мемлекеттік қызметші өз әрекеті арқылы мемлекеттік органның беделін көрсететінін ұмытпауы тиіс.
Қызметтік мәдениет мемлекеттік қызметшінің кәсіби даярлығын ғана емес, оның жұмыс этикасын, басқару мәдениетін, коммуникациялық қабілетін және ұйымдастырушылық қасиеттерін де қамтиды. Жоғары қызметтік мәдениет мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттырып, азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметшілер қызмет барысында заңдылық, адалдық, әділдік, ашықтық және бейтараптық қағидаттарын басшылыққа алуы қажет. Олар жеке мүдделерін қоғам мен мемлекеттің мүдделерінен жоғары қоймауға, қызметтік жағдайын жеке пайдасына пайдаланбауға және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне жол бермеуге міндетті.
Қазіргі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тиімді байланыс орнатуына ерекше көңіл бөлінуде. Азаматтардың өтініштеріне уақтылы жауап беру, олардың мәселелерін шешуге жан-жақты көмек көрсету және ашық диалог жүргізу мемлекеттік қызмет мәдениетінің маңызды көрсеткіштері болып табылады.
Мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті мен қызметтік тәртібі де қызметтік мәдениеттің құрамдас бөлігі саналады. Іскерлік стильді сақтау, жұмыс уақытын тиімді пайдалану, әріптестермен сыйластық қарым-қатынас орнату және еңбек тәртібін сақтау мемлекеттік қызметтің жоғары стандарттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші әлеуметтік желілерде де әдеп нормаларын сақтауы тиіс. Қоғамда мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті көпшіліктің назарында болатындықтан, ол өзінің жария пікірлері мен әрекеттерінде заң талаптарын, әдеп қағидаттарын және мемлекеттік қызметтің беделін ескеруі қажет.
Қазіргі таңда Қызылорда облысының Әділет департаментінде мемлекеттік қызметшілер арасында әдеп нормаларын нығайту және құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында түрлі профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық орындарда мінез-құлық нормаларын қатаң сақтауы, құмар ойындардан аулақ болуы, кез-келген деструктивті және тыйым салынған діни ағымдардың қатарында болу немесе олардың идеологиясын насихаттауға қатаң тыйым салу бағыттарында түсіндірмелер жүргізілуде.
Бұл шаралар мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидаттарын сақтауына, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, мемлекеттік органның оң имиджін қалыптастыру және ұжымда жағымды моральдық-психологиялық ахуалды нығайту мақсатында елеулі үлес қосқан қызметкерлерді көтермелеу мәселесі де назардан тыс қалған емес. Бұл ретте, мереке күндері қарсаңында үздік қызметкерлерге Алғыс хаттар мен Грамоталар табысталып, олардың еңбегі лайықты бағалануда.
Мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары мен қызметтік мәдениет азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың маңызды құралы болып табылады. Әдептілік пен кәсібилік ұштасқан жағдайда ғана мемлекеттік қызметтің сапасы артып, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігі жоғарылайды.
Қызылорда облысының
Әділет департаменті басшысы
Б.Әлмеш
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
