Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Батыс Қазақстан облысында туберкулезбен ауырғандар саны көбейіп кетіп отыр, – деп хабарлайды KAZINFORM.
БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметкері Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыста туберкулездің белсенді түрімен 71 науқас тіркелді. Бұл өткен жылғы осы кездегіден 13 адамға артық.
– Туберкулез бойынша жағдай алаңдатарлық. Жұқпалы дерт облыстың барлық ауданында тіркеліп отыр. Сонымен қатар туберкулезден өлім-жітім көрсеткіші өткен жылғымен салыстырғанда өзгеріссіз қалды, – деді К.Мұхитова.
Оның айтуынша, туберкулез – әлеуметтік мәні бар жұқпалы аурулардың бірі. Сондықтан мұның алдын алу шараларын күшейту маңызды. Осы орайда жыл сайын профилактикалық тексерулерден (флюорографиядан) уақытылы өту, балаларға БЦЖ вакцинациясын дер кезінде алу қажет.
– Жөтел, әлсіздік, салмақ жоғалту сияқты белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралған жөн. Жеке бас гигиенасын сақтап, дұрыс тамақтану және иммунитетті нығайту (дене белсенділігі, таза ауада серуендеу) керек. Сондай-ақ ауру анықталған жағдайда емді үзбей, толық қабылдау, тұрғын үй-жайларды жиі желдетіп, тазалық сақтау, қоғамдық орындарда санитариялық талаптарды бұзбау маңызды, – деп қосты К.Мұхитова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!