Білімді де мәдениетті ұлтқа айналуды басты идеология етіп ұстанғанымыз жөн. Бұл туралы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Ұлы дала ақыны» атты халықаралық конференцияда ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Абай, Сүйінбай, Жамбыл сияқты халқымыздың біртуар перзенттерінің асқақ арманы – қазақтың іргелі де өркениетті ел болуы еді. Енді қазір, Тәуелсіздіктің маңызды межесіне жеткен тұста ұлттың жаңа болмысының бабалар мирасына сай келуіне мән беруіміз керек деп есептеймін. Осы ретте әл-Фарабиден бастап бүгінге дейінгі ойшылдарымызға тән ортақ ұстаным бар. Ол – білім мен мәдениет ғұрпы. Құстың қос қанаты болса, адамды да биікке жетелейтін екі қасиет бар. Ол – білім және тәрбие. Білімді де мәдениетті ұлтқа айналуды басты идеология етіп ұстанғанымыз жөн. Жаңа ғасырдағы қазақ келбеті осы айтылған екі қасиетпен сипатталуға тиіс деп есептеймін», – деді Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары.

Дәурен Абаев соңғы кезде қоғамда «идеология жоқ» деген пікірді көп еститінімізді атап өтті.

«Алайда, бәріміз түсінуіміз керек бір дүние бар – қазір бүкіл әлем, сонымен бірге идеология да өзгерген. Кеңес кезіндегідей идеология келмеске кетті. Себебі ол кезде ақпарат саласы бір қолда еді. Ал қазіргідей цифрландыру заманында барлық ақпарат көздері ашық. Тіпті жалған мәліметтер де жылдам тарауда, оған түбегейлі тосқауыл қою мүмкін емес. Ең өкініштісі, ақпараттың ақ-қарасын ажырата білмейтін адам бұған сеніп қалып жатады. Сондықтан өткенге қарайлай бермей, ұлттық ұстынымызды білім және тәрбиемен қалай ұштастырамыз деп ойланғанымыз абзал», – деді ол.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!