Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан
жарияланған байқауға

Кең жазира дархан далам хас батырлар мен небір дүлей дүлдүлді, сөз өнерімен Құлагердей жүйрікті, Алатаудай алып Алпамыстарды дүниеге әкелген. Қазақ дейтін қастерлі халықтың ерлері ерігуге еш уақыты жоқ, бүкіл тыныс-тіршілігі ат үстінде, ел жайын күйттер тіршілікпен өтті. Ал әйелдері жас ұрпақтың тәлімін тал бесіктен қамдап, болашағына зор үміт артып, перзентін жомарт жүректі, иманы мен жігері берік, жан-жақты, қазақи құндылықпен сусындаған тұлға етіп өсіре білді.
Отбасы мектебі – мықты тірек, ондағы қалтқысыз заңдылықтан ешбір ұрпақ аттаған емес-тін. Мінекей, ұлтымның кешеден келе жатқан әдебі. Онда есіру тұрмақ, бос белбеу дүниеге қызығарлық шама да болмаған.
Мен – бүгінгінің ұланы, заманауи қоғамның қазаққа қажетті қалпын ғана қабылдап, ақпарат ағымынан да ада емес жағдайда ғұмыр кешудемін. Менің осынау, жаһандану дәуірінде дүрбелең дүниеден ілер жақсылықтарым көп, қаншама айналадағы жастардың әдеттеріне мен де қызығушылықпен ұмтыламын. Десе де, жас жеткіншектердің денсаулығыққа кесірі тиер психотропты, синтетикалық есірткі типіндегі заттарға тез әуес келетініне қынжыламын. Бүгінде «біреуге – табыс, біреуге – тажал» болған бұл есірткі өзіне елітуге тіпті жас талғамайтын болса керек.
Ел тәуелсіздігін алғалы 30 жылға жуықтаған шақта, қоғам байлығы саналған адамзаттың санасы – сынаққа тез сынғыш, төзімі мен жігері әлсіз болып алған. Алладан алақандай сын көрсе, көтере алмай, шешімді екі грамм есірткіден іздеген мұншалық жігерсіздікке налимын. Қайда, бабамның ұлтарақтай жер үшін қасық қаны қалмай қорғайтұғын күш? Алладан кейін, ата-ананың тәлім-тәрбиесіне немқұрайлы болған жастар неге зиянды дүниелерге тез бейімделгіш?
Қазақстанның болашағын білімді жастардың қолына сеніп тапсыруға болатынын Елбасымыз зор үмітпен ескерткен еді, бүгінде есірткіге елеусіз еріп кеткендердің дені – жастар көрінеді. Мен әлі де осы қисық жолға бет бұрған жастарды сергітіп, ойларына ортақ үн қосқым келеді. Мына өмір – қайталанбас ғажайыпқа толы, нағыз жастық дәуренді келеңсіз әдетпен емес, әдемі әрекетпен әсемдейікші! Мен, Мағжан ақынша, жастарға сенемін!
Олардың ойлары да дәл менікіндей болса екен деп, жарқын келешекті кемелдету жолында жұмыла күрессек деймін. Жастар арасындағы асқынған дерттің алдын алу үшін жастарға жаңашыл бағыттағы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұруды ұсынар едім. Өйткені, ертеңімізді есірткісіз де ерекшелендіруге болады!

Ұлсара ЖҰМАДІЛДӘ,
Шиелі ауданы,
1 Мамыр ауылы,
№40 А.Қыраубаева атындағы орта мектептің
8 – сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!