Қызылорда гарнизонында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Даярлық жоспарына сәйкес оқу-жаттығу дабылы берілді. Бұл шараға әскери басқару органдары мен бөлімшелердің жеке құрамы, қару-жарақ пен әскери техникасы жұмылдырылды.

Жауынгерлік дайындықтың ең жоғары деңгейіне жеткізуге машықтану үшін еліміздің Қарулы Күштерінде аталған сабақтар жаңа оқу жылының басталысымен жүзеге асырылды. Сабақ кезінде техникаларды іске қосу жұмыстары, басқарудың жылжымалы пунктерін орналастыру мен радио жаттығулардың барысы т.б. маңызды іс-қимылдар пысықталып, орындалды.

Сабақтың, жаттығулардың негізгі мақсаты командалық-басқару органдары мен жеке құрамның жүктелген міндеттерді уақытында орындаудағы іс-әрекеттерін үйлестіру, әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін нығайту және жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіру болып табылады.

Әскерлердің жауынгерлік әзірлік деңгейін арттыруда басқа әскерлер мен әскери құралымдардың басқару органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері де қарастырылған.

Келесі кезеңдерде әскери қызметшілердің жеке мамандықтары бойынша жауынгерлік дайындығы мен әскери техниканы жүргізу әрекеттері жүзеге асырылады. Әр әскери қызметшіден мақсаттылық, кәсіпқойлық, жауынгерлік дайындық пен тәжірибелік-тактикалық шеберліктері талап етіледі.

Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әскерлердің жауынгерлік даярлығын арттыру Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері тарапынан ұдайы қолдау тауып келеді.

Мұхит Қонаров

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

лейтенант