Ресейдің апелляциялық комиссия GZT түрік басылымының ұсталған редакторлары қазақстандық Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачакты қамаудан босату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы заңгер Абзал Құспан мәлімдеді.

«Қазір ғана әріптестерден хабар алдым. Бүгін апелляциялық алқа Назгүл Кенжетай мен Түркиялық Эмин Карачакты босату туралы шешім қабылдады. ҚР Сыртқы істер министрлігіне алғыс айтамыз», – деді заңгер.

Журналистің ағасы Досай Кенжетай да Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.

«Менің қарындасым Назгүл Кенжетай Ресейде орынсыз айыпталды. Бүгін екі мемлекеттің дипломатиялық бастамалары нәтижесінде сот шешімін өзгертті. Журналистер мен заңгерлерге үлкен алғыс айтамын», – деп қосты Кенжетай.

Айта кетейік, бұған дейін Хакасияда экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Түркиядан келген Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачакты қамауда ұстап отырғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!