«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған сайысына»

Нашақорлық – қай кезде болса да қоғаммен қатар жүретін қарақұрт. Дүниежүзін жайлаған бұл нәрсе жылдан жылға кең етек алып, тамырын жаюда. Ессіз пенделердің пендешіліктің пердесін ашып, бұндай ессіздіктің құрбаны болуына не себеп?

Жалпы, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген жақсы бір мақал бар қазақта. Яғни, баланың болашағының қалыптасар алғашқы сатылары осы отбасыға байланысты. Талап етілетін нәрселер: дұрыс тәрбие және уақыт бөлу. Осы екеуі өсіп келе жатқан жас шыбықтың тамырының жайылып өсуіне немесе қарақұрттарға жем болып, кесіліп қалуына басты ықпал тигізеді. Жақсы тәрбие алған адамға жақсы тәрбие бере алу қиын болмас, сірә. Алайда, өзі де қарақұрттан артық болмаса, кем болмас дерті бар ата-ана ортасынан о баста саналы баланы күту де ерсі, тіпті. «Қарағайға қарап тал өсер, қатарына қарап бала өсер» дегендей, баланың айналысының қандай боларына да ата-ана жауапты. Дегенмен, отбасының риясыз махаббатына кенелген баланың бұрыс жолға қарай жол тартуының орын алуы қынжылтады, әрине.

Зиян екенін біле тұра, санасын улайтын уды қандай оймен тұтынады екен?! Нашақор адам нашаның әсерімен ұрлық-қарлыққа да, адам өлтіруге де барады. Есірткі қолданған, неше түрлі бәлені былықтырған қолымен ата-анасының алақанын ұстауға арланбас, бәлкім. Осындай есірткеге елірген ессіз ұрпағы бар ел болашағы қандай болмақ?! Міне, Отанымыздың жарқын болашағы үшін әрбір қазақ нашақорлыққа қарсы күресуі керек. Елбасымыз өзінің  «Қазақстан – 2030» жолдауында баяндаған өзекті мәселелердің бірі саламатты өмір сүру, оны насихаттау мәселесі. Осы ұсынылғандарды ұстана отырып, етек алған кеселді дерттерге қарсы шаралар ұйымдастырып, алдын алуымыз шарт. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген бар ғой, адасқандарымызды одан әрі адастырмай, адал, түзу жолға түсіру қиын болса да, қолдан келер іс.

   «Мал аяма, балаңды оқыт, мырза, «Ит қазақ» боп қалмасын ортамызда» деген Абай атамыздың қара сөзі біреуге шабыт, біреуге ақыл болар. Қазаққа қазақ жанашыр болып, келекшекке бірге нық басайық. Әр қазағым – жалғызым.

Қалабаевтар отбасы,

Арал ауданы

«№220 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!