Тәттіден бас тартатын адам жоқ. Оны балалар ғана емес, ересектер де сүйсініп жейді. Туған күн, үйлену тойы, басқа да салтанатты дастарханның сәнін келтіріп, тіл үйірер дәмімен есте қалатын тағам жасауды кәсіп көзіне айналдыруға болады.

Кәсіпкер Динара Тасыбаева осылай етті. Сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдырып, ел ықыласына бөленіп жүр. Тұтынушыларын «Инстаграм» әлеуметтік желісі арқылы жинаған Динараның арнайы аспаздық білімі жоқ. Негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Алайда ол қосымша курстардан-ақ мол тәжірибе жинап, тіл үйірер дәмділер жасауға бейімденгенін айтады.

– Әйел адам үй шаруасына икемді болуы тиіс. Өзім де ас үйде жүріп, тағам дайындаудан жалықпаймын. Ғаламтор желісіндегі рецепттермен танысып, көрген-білгенімді жүзеге асыруға талпынамын. Әсіресе, дәмді тортты. Бірер жыл бұрын осы хоббиді бизнеске айналдыру жайлы ой келді. Өйткені, бұл – тынығуға септесетін керемет әдіс. Тек түгесілмейтін қиял, таусылмайтын шабыт керек. Бүгінде «Тәтті әлем» кондитерлік цехында өнімдерімізді дайындап, арнайы дүкенімізде сатылымға шығарамыз. Ұялы байланыстың дамыған кезеңі болғандықтан, көбіне әлеуметтік желі арқылы тапсырыс көп түседі. Көбіне «Медовик», «Вупи пай», «Красный бархат» торттарына сұраныс жоғары, – дейді кейіпкеріміз.

Шынында, Динараға тапсырыс берсем деп хабарласушылар көп. Әсіресе, мереке күндері тұрғындар «Тәтті әлемге» ағылады екен. Иісі аңқыған шоколад пен ваниль, тәбет ашар тәттілер әлемінің жанынан өтіп кету де мүмкін емес.

– Жұмыс сәтті жүру үшін қажетті құралдардан бөлек, өнімнің сапалы болуы маңызды. Сондықтан біз кондитерлік жаңалықтармен жиі танысып, жаңа қоспаларды тәжірибеде қолдануға тырысамыз. Түрлі кондитерлік компаниялардың кеңесіне де сүйенеміз. Тұтынушылардың талғамы биік. Әртүрлі мереке қарсаңында алдын ала дайындалып, әйелдер қауымының жұмысын жеңілдетуге даярмыз. Қазір 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырмын, алдағы уақытта кәсіпті одан әрі кеңейту жоспарымда бар, – дейді ол.

Әңгіме барысында талапшыл кейіпкеріміздің сүйікті ісіне селқос қарамайтынын аңғардық. Ол осы кезге дейін хоббиін кәсіп етуде аянып қалмады. Болашақта да мемлекеттік бағдарлама көмегіне жүгініп, ісін өркендетуді ойлайды.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!