Пандемия жер бетіндегі халықтың өмір сүру салтын өзгертті. Адамдар цифровизацияға тәуелді бола бастады. Гонконгта пандемияға қарсы күресте София атты робот шықты. Құлтемір сөйлейді, жүреді, шаруаға көмектесе алады. Мамандар болашақта оны ауруханалар мен қарттар үйінде қолданған дұрыс дейді.

Софияға орнатылған камера арқылы адамның дене қызуы тексеріліп, егде жастағы жандардың таңғы жаттығуына көмегін тигізеді. Компания басшысы биыл бұл роботтың мыңға жуық данасы сатылымға шығады деп жоспарлап отыр. Жасанды интеллекті бар құлтемір тіпті Сауд Арабиясында азаматтық алып үлгерген. Биыл роботтың мыңнан аса данасы шығады деп күтілуде. Ол адамға қатты ұқсайды. Сондықтан адам оқшауланған кезде роботтың тигізетін көмегі зор болмақ. Адам тіпті жалғыздықты сезінбейді.

Германияның Мюнхен ауруханасында да Франциско есімді робот медицина қызметкерлеріне көмектесіп жүр. Құлтемір ғимаратты тазартып, науқастармен әзілдесіп, тіпті ән айтып беретін көрінеді. Салмағы 200 келі роботтың құны 43 мың еуро шамасында. Қазір ол сынақтан өткізіліп жатыр. Сатылымға тек сынақтан толық өткеннен кейін шығарылады.

Үй жануарларынан жұқпайды

Ғаламторда «ит пен мысық коронавируспен ауырады» деген ақпарат тарады. Соған сай қаладағы ветеринарлық клиникаларға қоңырау шалушылар саны күрт көбейген.

Сала мамандары коронавирус инфекциясы ит пен мысықтан адамға жұқпайтынын мәлімдеді. Тіпті адамнан үй жануарына жұғу дерегі де бүгінге дейін тіркелмеген екен. Себебі жануар мен адам жасушасы әртүрлі болады.

– Мысық пен иттің ағзасындағы коронавирус инфекциясы бізге бұрыннан таныс. 2007 жылдан бері үй жануарларының ағзасынан коронавирус анықталып тұрады. Адамға тән коронавирус бета вирусқа, ал мысықтарға тән коронавирус альфа вирусқа жатады. Ал альфа мен бета арасында ешқашан мутация болмайды, – дейді ветеринар Айдын Әметов. Демек үй жануарларынан қорқудың қажеті жоқ.

Адина ЖОМАРТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!