Уәкілетті органдардың азаматтар мен заңды тұлғаларға жер учаскесін табыстау, уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен жалға беру және жер учаскеслерін табыстаудан бас тарту құзыреті әкімшілік акті қабылдау арқылы жүзеге асырылады. Бұл әкімшілік актілерге дау айту әкімшілік іс жүргізу тәртібімен жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 21-бабына сәйкес, меншiк иесiнiң өзiне тиесiлi жер учаскесiн иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге құқығы бар. Жер учаскесiнiң меншiк иесi осы Koдексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген негiздерде, шарттар мен шектерде өз құқығын жүзеге асыра алады.
Меншік иесі жер учаскесін белгілі бір мақсаттарда, мемлекеттік органдармен алдын ала жасалған заң күші бар құжаттарда көрсетілген ретте пайдалануы тиіс. Жер учаскесін иеленуші алдын ала мемлекеттік органдар белгілеген мақсатқа сай емес мақсатта пайдаланса немесе пайдаланбай бос қалдырса, құзыретті орган ол жер учаскесін қайтарып алу жағдайлары көзделген.
Қызылорда облысының әкімшілік сотында қаралған істер бойынша жергілікті атқарушылық органдардың актілері мен әрекеттеріне дау айтудың көп бөлігі жер дауларынан туындаған.
Осы санаттағы істерді қарау барысында сотта мемлеклеттік органның, лауазымды тұлғалардың қызметінде орын алған кемшіліктер мен заңбұзушылықтар осы даулардың туындауына негіз болғаны байқалды.
Құзіретті органдар жер учаскесіне байланысты шешім қабылдамас бұрын ол жердің бос екендігін, яғни басқа тұлғаға берілгенін немесе берілмегенін тексеруі тиіс.
Бұл тұрғыда жер учаскесі жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық базасында бос болсада егер ол жер учаскесінде бөгде тұлғалардың құрылысы болса жер учаскесі ол жер босатылмай табысталуға жатпайды.
Қазақстан Республикасының Жер Кодексінің 43-бабының 2-тармағы бойынша жер учаскелерін алып қою, оның ішінде осы Кодекстің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алып қою жағдайларын қоспағанда, жер учаскесіне құқық беруден бас тарту облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімімен ресімделеді және ол уәжді болуға тиіс.
Дегенмен, бұл актілерді қабылдағанда атқарушы орган өз актілерін уәждемей, жер комиссиясының шешімдеріне сілтеме жасаумен шектеліп қабылдаған фактілері сотта кездескен.
Қазақстан Республикасының әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің 129-бабының 3-бөлігіне сәйкес жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.
Атқарушы органның жер учаскесіне құқық беру туралы өз шешімін онда көрсетілген талаптар орындалғанға дейін, мәселен, тұлға жер учаскесіне мемлекеттік акті алғанға дейін, өзгертуі, жоюы мүмкін екенін де назарға алу керек.
Аталған құжаттарды алған сәттен бастап жер пайдаланушы жеке меншік, тұрақты немесе уақытша жер пайдалану түріндегі жер пайдалану құқықтарына ие болады, сондықтан құқық туралы туындаған дау сот тәртібімен ғана шешілуі тиіс.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің талаптарына сәйкес жер алу кезегінде тұраған азаматтарға жер учаскелері алдымен екі жыл немесе үш жыл мерзімге тұрғын үй алу үшін жалға беріліп, мерзім ішінде тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейін жер учаскесін оған жеке меншікке табыстау туралы екінші шешім қабылдануы тиіс.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 37-бабының 2-тармағы бойынша жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, уақытша өтеулi жер пайдаланушының (жалға алушының) осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар. Уақытша өтеулі жер пайдаланушы (жалға алушы) осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi екендігін көрсеткен.
Жер учаскесіне тұрғын үй құрылысын тұрғызу жер пайдаланушының қаржылық жағдайына байланысты болғандықтан, сотқа түскен даулар бойынша талап қоюшылар мерзімі ішінде құрылыстарын толық салмаған немесе салып бастамаған, ал жер учаскесін жалға алу шарттарының мерзімдері аяқталған.
Сотта жергілікті атқарушы орган олардың жер учаскесін жаңа мерзімге беріп, жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтініштерін қанағаттандырудан бас тартқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің актілері дауланады.
Бас тартудың негізгі себебі жоғарыда аталған заң нормасы бойынша тұрғын үйдің құрылысының болмауы және өтініштің мерзімі өтіп беруі.
Осы істердің мән-жайларын анықтаған кезде көбінде жергілікті атқарушы орган қарапайым жер пайдаланушыға тұрғын үй құрылысы салуға мүмкіндігі болмаған жағдайда оны ұзарту туралы өтінішін мерзімі ішінде беру қажеттілігін тиісті түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізбейді, нәтижесінде осы даулар туындайды.
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 5 сәуірдегі № 221-VII ҚР Заңымен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.
Ол өзгерістер бойынша өз міндеттерін тиісінше орындаған, республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала шегінде орналасқан жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалдаушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі жер пайдалану (жалдау) шартында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 44-2-бабы 4-тармағының 2), 3), 4) және 7) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда осы Кодекстің 44-2-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар екендігі бекітілген.
Осы әрекеттер мемлекеттік органдардың және өзге де тұлғалардың ақпараттандыру объектілері пайдаланыла отырып, электрондық форматта жүзеге асырылады. Яғни, өтініштер қолма-қол жазылған арызбен емес, тек электронды тәртіпте қабылданады.
Жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі өтініш келіп түскен кезден бастап отыз жұмыс күніне дейінгі уақытқа бекітілген.
Сондықтан, егер әр тұлға өзінің берген өтініші бойынша тиісті әкімшілік акт қабыданбай немесе ол бойынша жауап берілмеген жағдайда, осы отыз күн мерзім өткеннен кейін сотқа жүгінуге құқылы.

Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының
төрағасы Г.Мырзатаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!