«London is the capital of Great Britain». Мектеп бағдарламасынан есте қалған бұл сөйлем көбімізге таныс. Бірақ, бұдан басқа қандай сөйлем есіңізде? Өзіңізді жан-жақты дамытудан бөлек, балаңыздың осы бастан тіл үйренуін ойлайсыз ба?

Бұлай деуімізге себеп бар. Өйткені қазір ағылшын тілін білмеу кемшілік. Сондықтан оның орнын толтыруға ұмтылған артық емес. Оның үстіне бүгінде тіл үйрететін курс та, репетитор да жеткілікті. Ықыласты адам ғаламтордың көмегіне жүгініп, оны аудиосабақ арқылы да меңгере алады. Ал, балалардың қарапайым теледидарды қарап-ақ, алғашқы қадам жасауына мүмкіндік бар. Мәселен, мамыр айынан бастап «Balapan»  телеарнасы кішкентай көрермендеріне «Miss Kaussar» бағдарламасын ұсынды. Танымдық және ағартушылық бағыттағы жоба балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыруға үлкен сеп болғаны рас. Қуантарлығы, оның жүргізушісі – өзіміздің жерлесіміз, Лондон бастауыш мектебінің 4-сынып оқушысы Кәусар Қараман. Ұлыбританияда түсірілетін бағдарламада Кәусар ағылшын тілін енді меңгере бастаған балаларға амандасудан бастап, күнделікті өмірде қажетті дүниелерді үйретті. Оған қоса балалардың сұрақ қою, жауап беру, өлең айту секілді дағдыларын жетілдіруіне жол ашты. Лондонның көрікті жерлерін «аралап», Тауэр көпірі, Биг-Бен мұнарасы, Трафальгар алаңы секілді жерлерді тамашалауға, тарихына терең бойлауға мүмкіндік алды.

Ендігі сұрақ Кәусар Лондонда қайдан жүр? Тарқатсақ. Кәусардың ата-анасы – Ғалымжан Қараманұлы мен Марина Бекенова. Есімі елге таныс Ғалымжан Бәйімбет – Қызылорда қаласының тумасы. Еңбек жолын Қызылорда қалалық «Қоғамдық телеарнасынан» бастап, облыстық телерадиокомпания және «Қазақстан» РТРК АҚ-ында жұмыс істеді, 2008 жылдан бастап директордың орынбасары-бас редактор қызметтерін абыроймен атқарды. 2015 жылы «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания қаласын таңдап, Шотландияның Глазго қаласында «медиа-менеджмент» мамандығы бойынша білім алған журналист қазір республикалық «Хабар24» телеарнасының Лондондағы меншікті тілшісі. Қазақ, орыс, ағылшын, француз тілдерінде еркін сөйлейді. «Тіл үйрену – төрткүл дүниені тану» деп білетін ата-ана балада ертен жастан бастап жан-жақтылық қалыптасу керек деген пікірде.

– Балаларымыз Лондон мектебіне барғанда ағылшынша бір сөз білмеді. Алғашында «Өзім сияқты қазақша сөйлейтіндермен оқығым келеді» деп қиғылық салғаны есімде. Оларды ағылшын тіліне тезірек бейімдеу үшін Youtube-тегі орыстілді контентті көруге тыйым салдым. «Егер смартфон қарағың келсе, тек ағылшын тіліндегі мультфильмдерді көріңдер!» деп талап қойдым. Оған қоса менің ұстанымым – өзге елде тұрсақ та, өз тілімізді ұмытпау. Балаларым Лондонда тек ағылшын тілінде білім алады. Қазақша оқып, жазуды ұмытыңқырай бастағанын жасырмаймын. Сондықтан туған жерге келгенде демалыс уақытын пайдаланып, мектепте сабақ берген тәжірибелі мұғалімінен қосымша дәріс аламыз. Кәусар мектепте қатарының алды. Ағылшын тілінде өзінің жеке Youtube арнасын жүргізіп келеді. Егер сіздер де кішкентайларыңыз Шекспир тілін меңгерсін десеңіз, оларға «Peppa pig» секілді мультфильмдерді ағылшын тіліндегі нұсқасын көрсетіңіз. Болмаса Кәусардың Youtube-тегі арнасын қосып беруіңізге болады. Телеарнадағы «Miss Kaussar» бағдарламасының берері көп. Алғашында қызым емес өзім бірінші рет эфирге шығатындай қатты толқыдым. Бірақ, көрерменнің қолдауы барлығын ұмыттырды, Кәусардың одан әрі шабыттануына көмектесті, – дейді Ғалымжан Қараманұлы.

«Білімдінің алды жарық». Ең бастысы, Кәусар секілді озық ойлы балалар тіл білгеннің болашағы зор екенін түйсінеді. Жеті жұрттың тілін білуге асық олар әдебиет пен мәдениетке, төл тарихты тануға ұмтылыс жасарына сенім зор.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!