Атақ-даңқ десе, жан беруге дайын халық екенімізді тағы бір дәлелдедік. Жуырда әзілкештің басынан өткен оқиға қоғамның келеңсіз бір тұсын ашып бергендей болды. Жалпы елімізде «Алтын белгі» төсбелгісін алу оқушыға жоғары оқу орнына түсерде ешқандай артықшылық бермейді. Тек мектеп бітерер тұста абырой арттырады. Бір қызығы, осы атаққа құмартқысы келетіндер саны жал санап артуда. Яғни жастардың қызығушылығы жоғары. Мәселен, 2018 жылға дейін орта есеппен 2 мың ғана мектеп оқушысы төсбелгіні иеленген. Ал 2018 жылдан бері жыл өткен сайын медаль алушылар көбейіп келеді. 2019 жылы – 7349, 2020 жылы – 8615 оқушы, 2021 жылы – 9738 оқушы «Алтын белгі» алған. Бұл көрсеткіш елдегі білім сапасының артқанын білдірмейді. Себебі, соңғы кезде төсбелгіге үміткерлердің ҰБТ-да жеткілікті 60 балл жинай алмай жүргенін көз көріп жүр. Осындайда 11 жыл мектепті 5-ке оқыған бала қалайша 140 балдың 60-ын ала алмайды деген ой туады?! Бірақ бұл бөлек әңгіме.

– Саннан сапаға басымдық беретін уақытта төс белгінің кәдімгідей дәрежесі бар еді. «Алтын белгіні» кез келген оқушы ала бермейтін. ҰБТ шкаласына сай, талай оқушы осы белгіге 1 балл жетпей, медаль ала алмайтын еді. Бәсеке деп осыны айт. Ал 2018 жылдан бастап медальді тек мектепте беретін болды. Әр мектеп өзінің атағын асыру үшін төс белгінің қадірін қашырды. Бұрын медаль алғандар грант аларда басымдыққа ие болатын. Қазір ондай емес. Тек атаққұмарлардың ойыншығына айналған іспеттес, – дейді ардагер ұстаз Оразгүл Әбсадыққызы.

– Атаққа құмартушылардың әсерінен бюджет шығынға батуда. Мысалы, бір медальдің құны – 9738 теңге яғни 10 мың теңге. Жыл сайын медальға бюджеттен 97 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мұның кімге қажеті бар? Бастысы, жоғары оқу орнындағыдай қызыл аттестат берілсе болды емес пе? Әлемнің дамыған елдерінің көпшілігінде жоғары оқу орнына түсу үшін аттестаттағы баға маңызды емес. Мысалы, АҚШ, Ұлыбритания, Германия сынды мемлекеттерде жоғары оқу орнына түсу үшін арнайы сынақ тапсыру міндеттелген. Америкада мектепте үздік оқу және емтиханнан жоғары балл алу үздік университетке оқуға түсуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан озық үлгідегі оқу орнына түсуді қалайтын талапкерлердің үздік аттестатынан бөлек белгілі бір салада өзіндік қабілет-қарымы болуы қажет. Германияда да аттестаттағы баға ешқандай рөл атқармайды. Мұнда мектепті алтын медальға бітірген түлектердің Studienkolleg – жоғары оқу орнына дайындық бөліміне түсуге мүмкіндігі бар, – дейді экономист сарапшы Тимур Әбуов.

Байқағаныңыздай, шетелдің көпшілігінде «Алтын белгі» деген түсінік жоқ. Көршілес Ресей де 2010 жылы алтын белгі иегерлерін жоғары оқу орнына түсу жеңілдігінен айырды. Тіпті 2013 жылы Ресейдің Білім министрлігі үздік мектеп бітірушілерге медаль беруді де тоқтатпақ болған. Оның орнына түсі өзгеше аттестат беру туралы құжатқа да қол қойған. Дәл осы жағдай қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Бұрын жоғары оқу орнына түсуге жеңілдік беретін алтын медальдің артықшылығы болмағанымен, ол уақытта медаль түлектердің, ата-аналардың мақтанышы, мектептен естелік болып қалды. Биліктегілер қарапайым жұртты бұл қуаныштан да айырғысы келді. Бірақ араға бір жыл салып депутаттар қауымы оқушыларды ынталандыратын медальдан айырудың дұрыс емесін ескертіп, үздік түлектерге медаль беру дәстүрі қайта оралды. Осы жылы «Алтын медаль» иегерлеріне мемлекеттік бірыңғай емтихан кезінде 10 балл қосып беру туралы бастама көтерді. Әрине, бірнеше жыл бұрын жеңілдіктен қағылған алтын медаль иегерлері үшін бұл жақсы жаңалық болды. Беларусь елінде де алтын және күміс медаль иегерлеріне арнайы жеңілдік беріледі. Яғни медаль иегерлері олимпиада жеңімпаздары секілді 22 педагогикалық мамандыққа емтихансыз түсуге мүмкіндік алады.

Жалпы әлемдік тәжірибеде де «Алтын белгінің» құны алтынмен бағаланбайды. Ал елімізде биылдан бастап оқу озаттарына «Алтын белгі» төсбелгісін алу үшін қойылатын талап күшейеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтардың республикалық тамыз конференциясында мәлімдеді. Министрдің сөзінше, БҒМ «Алтын белгіге» үміткерлер үшін талаптарды қатаңдату жұмысын өткен жылы бастаған.

– Келесі жылдан бастап «Алтын белгі» алу үшін қойылатын талаптар күшейтіледі. Өздеріңіз білетіндей, біз оларды жыл сайын кезең-кезеңмен өзгертіп жатырмыз. Бұл мәселені өткен жылы көтеріп, кейбір өзгерісті енгіздік. Биыл екінші кезеңде үміткерлердің бағасы тек жыл нәтижесі бойынша ғана емес, әр тоқсан бойынша қаралады. Яғни оқушы 5 сыныптан 11 сыныпқа дейін әр тоқсанды 5 бағасымен қорытындылау керек. Осындай талап енгізіледі. Бұл өте маңызды. Сондықтан осындай шешім қабылдап отырмыз, – дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, енді «Алтын белгіге» үміткерлердің білімін тексеруде мектептен қана емтихан алынбайды. Енді мұндай құқықты тәуелсіз ұйым өткізеді.  Білім саласына енгізілген бұл жаңашылдық келесі жылы жемісін береді деген сенімдеміз.

Айгүл ӘЛІШЕРОВА