Фото: Астана әкімдігі

Орталық саябақта ашық аспан астындағы тегін йога сабақтары өтеді, деп хабарлайды KAZINFORM елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай.

Астанада ашық аспан астында қала тұрғындары йога жаттығуын жасады. Орталық саябақта бас қосқандар бойы мен ойын сергітіп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосты. Денсаулықты нығайтуға арналған жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен іске асты.

— Іс-шараға 40-тан астам адам тартылды. Салауатты ұлт — ел болашағының кепілі. Мұндағы мақсат салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталды. Жаттығу барысында шараға қатысушылар білікті және тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен дене дайындығын жақсартуға бағытталған жаттығулар жасады. Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырғанын айта кеткенім жөн болар, — деді Астана қаласы әкімдігінің спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, йога сабақтары үш ай бойы жалғаса береді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!