Тарих пәнінің мұғалімі Еңбек кодексі негізінде жұмыстан босатылды.

Фото: Видеодан алынған кадр

Ақмола облысы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылында оқушыны ұрған мұғалім жұмысынан шығарылды, ал мектеп директоры тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ақмола облыстық білім басқармасының мәліметінше, И.Құтпанұлы атындағы мектепте болған оқиға бойынша бүгін, 5 қазанда педагогикалық әдеп кеңесі өткен.

Онда мектептің тарих пәні мұғалімінің теріс қылығы қаралған, деп жазды ҚазАқпарат.

Кеңес мектеп директорына әдепсіз теріс қылық жасағаны үшін осы жұмысты жалғастыруға сәйкес келмейтін мұғалімді қызметінен босатуды ұсынды. Тарих пәнінің мұғалімі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі негізінде жұмыстан босатылды. Мектеп директоры мектеп мұғалімінің педагогикалық этика нормаларын сақтауын жеткіліксіз бақылағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — деді ведомстводан. 

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінен атап өткендей, осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру қолға алынған.

Сотқа дейінгі тергеу шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды, — деді ПД баспасөз қызметінен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!