«Балаға өз бетімен зерттеуге мүмкіндік туғызған сайын одан әрі жақсы оқи түседі».

Питер Клайн
ҚР Білім туралы заңына мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарынын дамыту, т.б. сынды өзекті мәселелер енгізілді. Өйткені ғылым мен техниканы, өндірісті қазіргідей әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашыл, білімді, жоғары дайындығы бар білікті мамандар қажет. Ал ондай мамандар дарынды балалардың ішінен шығады. Осы орайда баланың тұлға ретінде дамуы үшін еркін қарым-қатынастың маңызы зор.
Еркін қарым-қатынас оқушылардың жан-жақты дамуын, еңбекке шығармашылық қатынасын, өмірлік азаматтық белсенді позициясын қалыптастыруға және адамгершілікке тәрбиелеуге, рухани құндылықтарды бойға сіңіруге ықпал етеді. Мұнымен қоса оқушылардың мамандық таңдауына кәсіби бағдар береді.
Біз өз мектебімізде зерттеу ісіне қызығушылығы бар балалар мен мұғалімдерге қолдау көрсету мақсатында еркін қарым-қатынасты таңдадық. Мәселен, оқушылар қоршаған ортамен таныса отырып, өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйінде емес, өзі ашады. Оқушыны ғылыми-зерттеу жұмысына қатыстыру үшін, әуелі қызықтыра отырып, зерттеу талабын қалыптастыру керек. Ол мектепте жүрген кезінде қоғам мүшесі екенін сезініп, өз бетінше шешім қабылдауға, ақпараттар алуға, оны басқаларға жеткізе білуге, әдебиеттермен жұмыс істеуге, баяндама жасауға, талдау жасауға, басқаларды тыңдауға үйренуі керек. Оқушының талабын, қызығушылығын аңғармай тұрып, оған баяндама жазуды тапсыруға болмайды. Сондай-ақ топпен жұмыс істеп үйренбеген баланы аудитория алдында сөйлеуге мәжбүрлеуге болмайды. Баланың зерттеуге деген қызығушылығын туғызу үшін еркін қарым-қатынас қажет. Осы орайда өзімізге белгілі мектеп кітапханаларының жанынан coworking орталықтары ашылу үстінде.
Coworking орталықтары – тыныштықта жұмыс істеу мақсатында тұтынушыға жеке орын бере отырып, өз бетінше немесе ұжымдық жұмыс жүргізуге жағдай туғызу орны. Кітапхана тұтынушысы кәсіби әдебиеттер мен басылымдарды, сонымен қатар басқа материалдарды пайдалана отырып ізденеді. Ең маңыздысы, тыныштықта жұмыс істейді.
Coworking орталығының басты бағытының бірі – медиатека. Медиатеканы ұйымдастырудың негізгі шарты – әртүрлі жастағы тұтынушыларға қажетті ақпаратты жеткізу ғана емес, олардың түрлі шығармашылық жұмыспен айналасуына мүмкіндік туғызу. Медиатека құрамына тек кітапханалық қор ғана емес, әртүрлі ақпарат көзі: бейне, дыбыстық қор, электрондық оқулық, т.б. кіреді. Сондықтан еркін қарым-қатынас кеңістігі бұл – сoworking орталықтар. Онда мектеп кітапханашысы каталогпен, ғылыми ақпаратпен жұмыс істеуді үйретеді. Мектеп психологы оқушының интеллектуалдық білігі мен коммуникативтік мәдениетін дамытады. Егер біз оқушының бойынан өз ойын нақты жеткізіп, өз ісінің дұрыстығын дәлелдей алатын, пікірталасқа еркін түсе алатын қабілетін ашқымыз келсе, онда олардың интеллектуалдық және коммуникативтік қабілетін дамыту қажет. Психологтың осы орталықта баламен жұмыс жүргізуі оқушының дұрыс сөйлеуіне мүмкіндік береді, қарым-қатынастың мәнін сезінуге үйретеді.
Еркін қарым-қатынас орталығында оқушыларға түрлі шығармашылық конкурс өткізуге, ғылым шері, викторина, кеш ұйымдастыруға болады. Бұл әр оқушының қызығушылығын арттырып, зерттеу және эксперимент жұмыстарына көбірек қатысуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар ата-аналармен де шеберлік дәрісі, дөңгелек үстел, сұхбат кеші ұйымдастырылады.
О.Бальзактың «ұдайы еңбек ету – өнердің де, өмірдің де заңы» дегеніндей, оқушылардың шығармашылық қабілеті мен белсенділігін арттыру ісі мұғалімді үнемі ізденуге міндеттейді. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармаған жөн.

Гүлбаһрам ӘЛИЕВА,
Жалағаш ауданы,
Ақсу ауылы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!