Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары арасында желілік пәндік олимпиада өтіп жатыр.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 700-ден астам дарынды жас жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық пәндер бойынша жүлделі орындарға таласуда.

Биыл үшінші рет жалауын желбіреткен білімділер додасы ақпанның 22-не басталған болатын. Бүгінге дейін қатысушылар биология, химия, физика, география, математика және информатика пәндерінен білімдерін ортаға салды.

Сырбойылық Абунасыр Әмір мемлекеттер мен олардың астаналарын жатқа біледі. Әсіресе жас зияткер елдердің әлем қартасында орналасу нүктесі мен олардың даму тарихы туралы білімімен ерекшеленеді. География пәніне деген ерекше қызығушылық Абунасырға желілік олимпиада тапсырмаларын орындауда көмектесті.

«Әрине, кез келген сайыс жақсы дайындық пен тыңғылықты ізденісті қажет етеді. Олимпиада тапсырмалары әр түрлі деңгейде болды. Әсіресе ғалымдардың ашқан жаңалықтарына қатысты сұрақтарға жауап беруге көп уақыт жұмсадым. Мұндай сайыстар оқушылардың жеке дамуына, жаңа білім мен тәжірибе алуына септігін тигізеді», – дейді ол.

Пәндік олимпиадалардың тұрақты қатысушылары Камила Женисова мен Мақпал Акишева жеңіске жету үшін өздігінен дайындалуға кеңес береді. Сондай-ақ, дайындық барысында пән бойынша барлық тақырыптарды қамтып, теория мен практикалық білімдерін арттыру керектігін айтады. Биология бағыты бойынша желілік сынақтан өткен қос ару жақсы нәтижелер көрсетіп, мектеп қоржынын жаңа медальмен толықтыруға үмітті.

Ал 9-сыныптың білім алушысы Бағдаулет Сәбитұлы мұндай сайыстарға алғаш рет қатысып отыр. Ол информатика бағытында бағын сынады. Болашағын ақпараттық технологиялар саласымен байланыстыруды жоспарлайтын зерек жас мамандық таңдауда олимпиадалардың қосар үлесі зор деп санайды.

«Сынақ тапсырмалары мен күткендей күрделі болды. Информатика өзге ғылымдардан қиынырақ деп айта аламын. Өйткені белгілі бір шешімді табу барысында идеяны тұжырымдап, код жасай білу керек. IT-саласының болашағы мол, сондықтан келешекте IT -әзірлеуші (разработчик) мамандығын меңгеруді көздеймін», – дейді Бағдаулет.

Айта кетейік, аталған олимпиадада 32 қызылордалық зияткер оқушы мектеп намысын қорғауда. Өткен жылы команда білім додасында 4 күміс, 3 қола медаль иеленген болатын. Қатысушылар биыл да жеңіс тұғырынан көрініп, үздіктер қатарынан табылу үшін барлық күш-жігерін салуда.

Олимпиада наурыздың 3-не дейін жалғасады. Алдағы күндері қатысушылар гуманитарлық бағытта білімдерімен сынға түспек.