Робототехника біздегі білім беру жүйесіне енгелі көп болған жоқ. Десек те, қазір ауыл мектептерінің өзі қолда барды ұқсатып, алдыңғы қатарға талпынып келеді. Бармақ басындай элементтерден кәдеге асып қалар түрлі формадағы роботтарды жасап шығаруда. Бұл бір жағынан мектеп оқушысының қиялын ұшқыр етіп, өнертапқыштық қабілетін оятады. Сырдария ауданындағы №44 орта мектепте бұл саланы информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Әзілхан Бекбергенов қолға алған. Бүгінде көптеген сайыстарда жүлделі орындарды олжалап, мектептің мерейін үстем етіп келеді.

Әзілхан Ибрагимұлы 15 жылға жуық уақыт ішінде алған тәжірибесі мен білімін шәкірттердің қанатын қатайтып, аталған бағытта қиялы мен ойының дамуына жұмсап келеді. Талай шәкірт өздерінің қиялындағы дүниелерді қолдарымен жасап, өздігінен жүретін робот, техникалар мен түрлі қажеттілікке жарайтын құрылғыларды ойлап тауып жүр. Бұл өз кезегінде олардың болашақта инженерияны меңгеруіне зор ықпалын тигізеді. Бастысы, баланың қызығушылығы.
– Бүгінгі заманауи білім беру дағдысында баланы ынталандырамыз. Олардың бойындағы осы бір кішкентай талантты тап басып, танысақ, «бұлақ көріп, көзін ашуға» талпынамыз. Бұл пәнде баланың қабілет-қарымы болу керек. Мысалы, өлең жазатын ақындығы бар баланы күштеп әкеп робототехникаға қатыстыра алмайсың. Қызығушылығы бар бала өзі-ақ іздеп келеді. Менің ойымша, бұл саланы әлі де дамыту керек. Мектептерге азын-аулақ құрылғы берумен шектелмей, бұл істі әрі қарай дамыту үшін қажетті барлық құрылғылармен қамтамасыз етсе, болашақта мектеп бітірген бала өзінің инженерияға алғашқы әліппесінен өтері анық. Міне, біздің еңбегіміз сол кезде көрінеді, – дейді Ә.Бекбергенов.


Робототехника жай ғана лего құрастырумен шектеліп қалатын ұғым емес. Мұның аясында, өнертапқыштық та, ІТ технология да бар. Балалар замануи құрылғылар мен салалардың бір-бірімен қаншалықты тығыз қарым-қатынаста екенін айқын аңғарып келеді. Олар осы күннің өзінде өздері жасаған жұмыстардың қаншалықты әсері тиетінін бастан өткеріп үлгерген.
– Мен түрлі техниканың макетін жасап көрдім. Мысалы, бізде ауылда бар жүк тиегіш тракторының робот үлгісін жасадым. Ол өздігімен жүрді, жүк тиеді. Ал болашақта осындай үлкен ауыр жүк көліктері мен техникаларды шаруалардың ыңғайына оңтайландырылған түрде жасап шығаратын зауытта жұмыс істегім келеді. Мен ауылымда үлкен зауыттар болғанын қалаймын. Ал өзімнің ойымдағы туындыны жасап шығарған сәтте алған әсерім ерекше болды. Осы пәнге өте қатты қызығамын. Алда елді қызықтыратын ерекше дүниелер жасап шығарғым келеді. Бұл пәнді терең меңгеру арқылы қайсыбір адам болса да өз болашағын нығайтып, заңғар көкті бағындыра алады, – дейді мектеп оқушысы Бекасыл Әлжан.
Бұл пәнге ерекше қызығушылықпен қарайтын жастардың бірі – Досхан Мырзахмет. Ол алдағы уақытта ІТ технология саласын таңдап, білікті маман атанғысы келеді. Әлемдегі мықты өнертапқыштардың бірі ретінде танылып, тәуелсіз Қазақстанның даңқын асқақтатуды қалайды. Дарынды жас осы күннің өзінде түрлі құрылғылар жасап, легодан ерекше техникаларды құрастырып көрген.


– Робототехника жай ғана робот құрастырудан тұрмайды. Мұнда ІТ сала да қолданысқа ие. Сол себепті, аталған саланың қыр-сырына қанығып, алған білімім мен тәжірибемді кеңіткім келеді. Ал сол арқылы ата-анамның ғана емес, туған
елімнің мақтанышына айналсам деймін. Алдағы уақытта бұл бағыттағы өзімнің ізденістерімді жалғастыра түсемін, – дейді алғыр жас өз ойымен бөлісіп.


Ауыл мектептеріндегі білім деңгейі де заман көшінен қалыспайды. Десек те, робототехника жайлы арнаулы курстан өтіп маманданған Әзілхан Бекбергенов бұл бағытта тегін жұмыс істеп келеді. Оған ешқандай жалақы қарастырылмапты. Тек информатика пәнінің мұғалімі ретінде еңбекақы алып жүр. Болашақта робототехниканы қосымша емес, арнайы пән ретінде қарастырып, маманды нақты жүктеп қолға алса, ауыл балаларының робототехника, ІТ технология және өнертапқыштыққа қызығушылығы одан әрі арта түсетін еді. Тиісті сала басшылығы мамандардың еңбегін лайықты бағаласа дейміз.

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!