Платформалар миллиондаған пайдаланушы мен кәсіпкердің жұмысын жеңілдететін цифрлық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Ал өңірдегі жастар қандай қосымша әзірлеуде?

13 мемлекет қолданған Еasier together

Қызылорда қаласындағы №264 мектептің 11 сынып оқушысы Жансая Ержанқызының «Еasier together» жобасы бүгінде керемет нәтиже көрсетуде. Еasier together – сабақ беруге арналған онлайн платформа. Иә, бір қарағанда ерекшелігі жоқ, кезекті жоба болып көрінуі мүмкін. Алайда Жансаяның ақпараттық технологиялар саласындағы бұл жобасы еріктілер мен білімге құштар аз қамтылған отбасыларды бір алаңға біріктіреді. Репетитор мен оқушыны қосатын онлайн платформаның ұстаздары Назарбаев зияткерлік мектебі, Республикалық физика математика мектебі, Білім инновация мектебінің үздік оқушылары мен жоғары оқу орындарының білім алушылары.

– Бүгінде біз 5 оқу ағынын жүргіздік. 13 мемлекеттің оқушыларын 3 тілде STEM бағытында оқыттық. Атап айтсам, Қазақстан, Ресей, Украина, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Латвия, Тәжікстан, Испания және Белорусь мемлекеті. Ал біздің қызметті пайдаланған оқушылар саны 2500-ге жуық, – деді Жансая Ержанқызы.

Онлайн білім беру командасындағы еріктілер айырбастау негізінде жұмыс істейді.

– Волонтерлер оқушыларға сабақ береді, ал біз олардың ерікті екенін растайтын сертификат табыстаймыз, ресми сайтта көрсетеміз. Сондай-ақ, шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық және халықаралық емтихандарды тапсыру бойынша құнды ресурстар жиналған жабық телеграм арнасына кіруге мүмкіндік береміз. Шетелдегі университеттер үшін студенттерінің еріктілер тобында болғаны өте маңызды, – дейді жоба авторы.

Бағдарламаға кез келген бала тіркеле алады. Ең бастысы – қолжетімділік. Жансаяның айтуынша, егер Қазақстанда орташа есеппен айына бір пәнді репетитормен оқу 28 000 теңге болса, онлайн платформада 3000 теңге. Оқуға қабылдау үшін оқушыларға қойылатын арнайы критерийлер жоқ. Бағдарламаға қатысушылар 5 пән бойынша білімін жетілдіре алады. Нақтырақ айтсақ, биология, математика, бағдарламалау, физика және химия бағыты.

– Шетелдік еріктілер және студенттермен байланысуда ешқандай мәселе жоқ, себебі әлеуметтік желі немесе Zoom арқылы хабарласамыз.

Сайтты өзім жасадым. Себебі IT саласы бойынша түрлі курстардан өттім. Сондықтан қиындықтар болған жоқ. Менің қолдаушым – ата-анам. Веб-сайтты алғаш құрған сәтте отбасым қатты қуанып, бұл жоба қоғамға оң әсер етіп, пайдалы болса, соңына дейін жалғастыруымды қалады.

Алдағы уақытта жобаға қосымша бағдарлама жасау бойынша жұмыстар жүргіземіз. Сонымен қатар, аудиториямызды кеңейткіміз келеді, – деді кейіпкер.

Айта кетейік, Жансая жақында ғана Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы ұйымдастырған Idea Battle байқауында жүлделі II орын иеленді.

7 функция біріккен

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары республикалық хакатонға қатысып, платформалардың қатарын көбейтті. «Necodetau» командасы 2 күн ішінде «Bytebook» жобасын әзірледі. Bytebook – бейнеконференциялар, онлайн тақта және ішкі байланысты қамтамасыз ететін корпоративті әлеуметтік желінің озық платформасы. Авторлардың айтуынша, бұл жоба тиімді командалық жұмыстың кілті. Себебі кәсіпкер немесе жұмыс берушінің шығынын азайту әрі тәжірибе алмасу мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы 7 функция қосылған.

Платформаға енгізілген «мессенджер» қызметі тиімді, жылдам және қауіпсіз байланысты қамтамасыз етеді. «Тапсырмаларды басқару» функциясы басшының жұмысты ұйымдастыруға, прогресті бақылауға және команданың мақсаттарына тиімді жетуге көмектеседі. Байланысу үшін бейнеконференциялар да бар. Тіпті қызметкерлердің үлгерімін бақылау мүмкіндігі қосылған. Аталған функция арқылы әр топ мүшесінің жұмысы бағаланады. Платформадағы «оқиғалар күнтізбесі» маңызды іс-шараларды үйлестіруге, тапсырмаларды жоспарлауға және жобалардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ топ құру, бірлесіп жоспарлау мүмкіндігі, геймификация мен білім базасы бар.

– Біздің платформа арқылы қолданушылар тәжірибе мен идея алмасу мүмкіндігіне ие болады. Қызметкерлерді белсенді қатысуға және нәтижелі жұмыс істеуге ынталандырамыз. Бейнеконференциялар мен онлайн тақтасы бар корпоративтік әлеуметтік желі платформасы ресурстарға жылдам қол жеткізу және сараптамалық қолдау арқылы жаңа қызметкерлерді жұмысқа қабылдау шығындарын азайтуға көмектеседі, – деді команда мүшесі Ғұбайдулла Орынбеков.

Республикалық байқауға Сыр елінің намысын қорғау үшін барған «Necodetau» командасының құрамында Саят Урикбаев, Хасен Зейнулла мен Ғұбайдулла Орынбеков бар. Жас стартаперлердің айтуынша, байқауда 10 тақырып берілген. Осылайша тез арада шешім қабылдап, хакатонның алғашқы күнінде платформаның тең жартысын әзірлеп үлгерген.

– Жоба әзірге MVP сатысында тұр. Команда платформаны әрі қарай дамытуда. Алдағы уақытта қолданысқа берілетін болады, – деді стартапер.

Студенттерден құралған команда байқаудан жүлдемен оралмаса да, қазылар алқасының назарын аударған. Кәсіпкерлер тарапынан алдағы уақытта инвестор ретінде жобамен бірге жұмыс істеу туралы ұсыныс түскен.

«Жас келсе – іске» дейді дана халық. Жастар – қоғамдағы өзгерістердің қозғаушы күші. Олардың жобалары әлемге оң өзгеріс әкелетіні анық. Инновациялық идеяларға бай жастардың даму қарқынына қарап, болашақта Қызылорда өңірі IT саласының астанасына айналатынына сеніммен қарай аламыз!

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!