Соңғы жылдары стартап мәдениетінің дамығаны баршамызға мәлім. Шетелдік аренаны бағындырып, инвесторлармен тікелей байланыста жұмыс істеп жүрген жастар стартап-индустрияны мықтап қалыптастырды. Ел аумағында, әсіресе Қызылордада бұл бағыт қарқынды жүзеге асуда. Болашақта стартап қауымдастықтың отанына айналуға қауқары бар Сыр бойындағы инноваторлардың бірнеше жаңа жобаларымен танысайық.

Стартаперлердің жаңа жобалары өңірдің экономикалық дамуына әрі өзекті мәселелерді шешуге жағдай жасайды. Осындай жобалардың бірі – «SAYGAQ AI». Бұл – жасанды интеллектінің көмегімен өрт сөндіруші роботтарды қашықтан басқаруға бейімделген стартап жоба. Мұны жасаған мектеп оқушылары Гафур Шайхы мен Асылжан Абдуллаев. Қазір жоба mvp сатысында. Яғни прототипі бар. Жобаны дамыту үшін оқушылар Idea Battle инкубациялық бағдарламасына қатысқан. Семинарлар арқылы білікті мамандардан тәжірибе жинап, финалға өткен. Олар тынымсыз еңбектің нәтижесінде стартап жобалар байқауында I орын иеленді. Стартаперлердің айтуынша, алдағы уақытта инкубациялық және акселерациялық жобаларға қатысуды жоспарлауда.

Жас болса да, идеясын жүзеге асырып, республикалық байқауларда топ жарып жүрген оқушылардың жетістіктері қуантады. Осы орайда «ReDabyl» жобасына тоқталуды жөн көрдік. Түркістанда өткен «Recodetau» республикалық хакатонында қызылордалық жастардан құралған «NeoNomad» командасы I орын иеленіп, Үндістан мемлекетінде 10 күндік тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.

ReDabyl – су тасқыны секілді табиғи апат кезінде жұмыс істеуге арналған мониторинг және алдын ала болжаудың кешенді жүйесі. Жобаның міндеті – сенсорлар өзен арналарының бойында орналасқан су деңгейін және қосымша параметрлерді үздіксіз бақылайды.

– Су тасқыны шекті мәннен асқан жағдайда сенсорлар автоматты түрде жауапты органдарға дабыл қағып, ақпарат жібереді. Осылайша мамандандырылған ұжымды қажет нысанға жіберу арқылы жұмыс күшін азайтуға көмектеседі. Біздің зерттеуіміз бойынша, осы секілді цифрланған кешенді жүйе Қазақстан аумағында жоқ және ашық түрде ақпараттың базасы мен анализін бере алмайды. Ал біз пайдаланған сервер мен телефонға дабыл жіберу ашық түрде болады, – деді команда мүшесі Ж.Мұңайтбасова.

Dárumen – онлайн және офлайн сатып алу мүмкіндіктерін біріктіретін медициналық қамтамасыз ету саласындағы қолайлы жоба. Яғни, медициналық заттар сататын вендинг дәріхана. Кез келген уақытта сатып алушыларға ыңғайлылық пен қолжетімділікті қамтамасыз ететін дәріхана арқылы медициналық өнімдердің кең ауқымына тәулік бойы қол жеткізуді ұсынады. Бұл жоба онлайн және офлайн режимінде таңдау еркіндігі мен сатып алу ыңғайлылығын қамтамасыз ете отырып, кезекте тұру қажеттігін жояды. Бұл идея бойынша Алтынай Әубәкір жұмыс істуде. Бұған дейін «Syrlax» жобасы арқылы командасымен бірге «InnoFest » инновациялық жобалар байқауында II орын иеленген. Жобаның мақсаты – облыстағы туризмді цифрландыру, маркетинг бағытын дамыту және туристік нысандардағы сервисті жақсарту.

Дарынды балаларға арналған «Бәйтерек school» мектеп интернатының оқушылары Нұрсана Серікқызы, Гүлдерайым Тәжібай, Назгүл Жұмағалиева «Literabot: Жарқын болашаққа үміт» жобасын әзірлеуде. Бұл – ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған инновациялық жоба. Жасанды интеллектінің көмегімен жазылған комикстер арқылы теңсіздік пен буллингті түбегейлі жоюға бағытталған.

– Осы мәселелерді азайту мақсатында «Inclusive. people» мен «Ана үйі» қоғамдық қоры демеушілік жасауға дайын, – деді жоба жетекшісі Гүлнар Серікболова.

IT, инновация саласында тәжірибе жинап, жобалармен айналысатын мектеп оқушылары технологияның керемет әлеуетін көрсетуде. Олардың күш-жігері мен жетістіктерінің арқасында заманауи индустрия бір орында қалмайтыны анық.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!