Қызылорда төрінде орналасқан Назарбаев зияткерлік мектебі – уақыт талабына сай білім беру жүйесінің жарқын үлгісіне айналған бірегей оқу орны. 2013 жылдың тамыз айында өңірдің дарынды балаларына есігін айқара ашқан бұл мектеп еліміздегі Зияткерлік мектептер желісінің он бесінші білім ордасы. Содан бері ол тек білім беретін мекеме ғана емес, жаңа буынның ойлау мәдениетін қалыптастыратын, болашаққа бағыт беретін маңызды орталыққа айналды.
Жаратылыстану-математика бағытындағы бұл білім ошағының негізгі миссиясы – оқушыларға сапалы білім беру арқылы олардың жан-жақты және интеллектуалды дамуына жол ашу. Бұл мақсат тек сөз жүзінде қалып қоймай, нақты оқу бағдарламалары мен заманауи әдістер арқылы жүзеге асырылып келеді. Ұлттық және халықаралық үздік тәжірибелерді үйлестіре отырып, мектеп оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлау, зерттеу жүргізу, өз ойын еркін жеткізу дағдыларын дамытуға ерекше мән береді.

Заманауи технологиялармен толық жабдықталған оқу кабинеттері, зертханалар мен арнайы оқу кеңістіктері – осының айқын дәлелі. Бүгінде мектепте 63 оқу кабинеті жұмыс істейді. Әр кабинет тек теориялық білім беруге ғана емес, тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Оқушылар күрделі ғылыми ұғымдарды тек кітаптан оқып қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде түсінеді.
Мектептің білім беру жүйесінің негізінде NIS-Programme бағдарламасы жатыр. Бұл бағдарлама пәндердің кіріктірілуіне, академиялық терең білім қалыптастыруға және кең ауқымды дағдыларды дамытуға бағытталған. Мұнда оқушылар тек пәндік білім алып қана қоймай, өмірде қажет болатын құндылықтарды да бойына сіңіреді. Одан бөлек, коммуникация, көшбасшылық, жауапкершілік секілді қасиеттер оқу процесінің ажырамас бөлігі.

БАҚ өкілерімен кездесу барысында зияткерлік мектептің басшысы Акбар Түсіпбаев білім ордасының даму бағыттары мен ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
– Қазір сабақ өткізу үдерісінде бірқатар өзіндік ерекшеліктер қалыптасқан. Соның ең бастысы – алынған білімді күнделікті өмірде тиімді қолдана білу. Сонымен қатар білім беру жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі – жеке жобалық және олимпиадалық дайындыққа назар аудару. Яғни, оқу барысында пән мазмұнын меңгерумен қатар, оқушылар осы бағыттағы дағдыларын тұрақты түрде дамытып отырады, – дейді мектеп басшысы.
Тілдік білім беру де ерекше назарда. Ағылшын тілі негізгі бағыттардың бірі болса, екінші шетел тілі ретінде француз, неміс, корей және қытай тілдері ұсынылады. Бұл оқушылардың әлемдік кеңістікке еркін шығуына жол ашады. Әрбір тіл жаңа мәдениетке, жаңа мүмкіндіктерге бастайтын көпір болса, мұны тиімді пайдаланып жүрген оқушылардың қатары да аз емес.
Кейінгі екі жылда домбыра тарту пән ретінде міндетті түрде оқытылып келеді. «100 күй» деп аталған бұл бастама жас ұрпақтың ұлттық өнермен етене жақын болуына, дәстүр сабақтастығын жалғастыруына мүмкіндік береді. Одан бөлек, «Қазақтың әндері», «100 кітап», «Қоғамға қызмет» және өзге де жобалар жүйелі түрде жүзеге асуда.

Оқушылардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында мектепте қырықтан астам қосымша білім беру үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар түрлі элективті курстар ұйымдастырылған. Бұл курстар оқушылардың жеке қызығушылықтарына сәйкес таңдалып, белгілі бір бағытты терең меңгеруге мүмкіндік береді. Бірі робототехникамен айналысса, енді бірі әдебиетке немесе қол өнерге бет бұрады. Осындай еркіндік әр оқушының өз жолын табуына көмектесері анық.
2013 жылдан 2025 жылға дейін мектепті 1184 оқушы тәмамдады. Олардың қатарын еліміздің және шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында білім алып немесе еңбек етіп жүрген түлектер толықтырады. Басым көпшілігі өз саласында табысты болып, қоғам дамуына үлес қосуда. Бұл – мектептің сапалы білім беру жүйесінің нақты нәтижесі.
Зияткерлік мектеп оқушылары халықаралық конкурстарда, республикалық пәндік олимпиадаларда және түрлі байқауларда үнемі жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бұл жетістіктер кездейсоқ емес. Ол – жүйелі дайындықтың, кәсіби ұстаздардың және оқушылардың табандылығының жемісі. Әрбір жеңіс мектептің беделін арттырып қана қоймай, жас ұрпаққа үлкен мотивация береді.

Мектептің білім сапасы халықаралық деңгейде де мойындалған. 2017 және 2024 жылдары Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан сәтті өтуі – соның дәлелі. Бұл аккредитация оқу орнының әлемдік стандарттарға сай екенін көрсетеді. Яғни, мұнда берілетін білім тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық талаптарға да толық жауап береді.
Қазақстанның жиырма алты жетекші жоғары оқу орны Зияткерлік мектеп түлектерінің оқу нәтижелерін мойындайды. Бұл түлектерге бакалавриат бағдарламаларына жеңілдетілген шарттармен түсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жетпіс төрт шетелдік университет NIS-Programme мен NIS Grade 12 Certificate құжатын мойындап, түлектерді дайындық бағдарламасынсыз бірден бірінші курсқа қабылдайды. Бұл – оқушылар үшін үлкен мүмкіндік.
Бүгінде мектепте 801 оқушы білім алады. Олардың арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Бұл ортада мәдени әртүрлілік сақталып, өзара құрмет пен түсіністік қалыптасады. Сонымен қатар мектепте мүмкіндігі шектеулі балалардың да білім алуы – инклюзивті білім берудің нақты көрінісі. Бұл жағдай қоғамдағы кейбір қате түсініктерді жоққа шығарады. Яғни бұл мектеп тек белгілі бір әлеуметтік топқа ғана арналған деген пікір шындыққа жанаспайды.
Мектептің педагогикалық ұжымы да жоғары деңгейде. Жалпы 163 мұғалім еңбек етеді. Оның ішінде 110-ы қазақстандық мамандар болса, 2-уі шетелдік ұстаздар. Мұғалімдердің басым бөлігі магистр және PhD дәрежесіне ие. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасымен білім алған және Зияткерлік мектептің өз түлектері де бар.

Сондай-ақ ашық есік күні физика, биология және химия пәндері бойынша ашық сабақтар ұйымдастырылып, оқушылар өз білімдерін көрсетті. Сабақтар тек дәстүрлі форматта емес, интерактивті әдістермен өтті. Қонақтар оқушылардың зерттеу жұмыстары мен тәжірибелеріне куә болды.
Одан бөлек, оқушылардың ғылыми жобаларымен танысты. Ұсынылған жобалардың әрқайсысы ерекше мазмұнға ие болды. Ойын және білім алуға арналған және экожүйеге мониторинг жүргізетін платформа, зағип жандарға арналған кітап үлгілері – барлығы да адам өмірін жеңілдетуге бағытталған. Бұл жобалардан тек білім ғана емес, әлеуметтік жауапкершілік те анық байқалды.
Түйіндей келе, өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебінде білім мен тәрбие үйлесім тапқан, болашақ көшбасшыларды қалыптастыратын ерекше орта екеніне көз жетті. Себебі мұнда әрбір оқушы өз мүмкіндігін ашуға, арманына жақындауға мүмкіндік алады. Бұл мектеп тек білім беріп қана қоймайды, ол тұлға қалыптастырады. Ал мұндай ортада тәрбиеленген ұрпақ елдің ертеңі екені сөзсіз.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!