Биыл білім саласында бірқатар өзгерістер болады. Президент тапсырмасына сәйкес білім саласын басқару жүйесі екі кезеңде жүзеге асады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова баяндады.

Біріншісі, әкімдіктердің білім беру саласындағы функциялары облыстық деңгейге беріледі. Бұрын жергілікті жердегі аудан әкімдері бөлім басшыларының лауазымды орындарын та­ға­йындап келсе, енді оны бас­қарма іске асырады. Екіншісі, қаңтар айынан бастап, саланы қаржыландыру облыстық деңгейге өтуде. Барлық білім беру ұйымдары басқарманың вертикалды басқару жүйесіне көшеді, яғни, аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі.

Өткен жылы білім басқар­масының бюджеті 59 млрд теңге болса, вертикалды басқару жүйесі арқылы биылғы қаржы 173,3 млрд теңгені құрады.

Жиында осы жылдың ал­ғашқы ҰБТ сынағы туралы да айтылды. Биылғы талапкерлердің басым бөлігі өткен айда тесті­леуге қатысқан. Айта кету керек, қаңтар айындағы тесттің нәтижесі тек ақылы түрде бі­лім алуға жарамды. Облыс бо­йынша 7002 бітірушінің 5832-сі бұл сынақты тапсырды. Об­­лыстық білім басқармасы ҰБТ көр­сет­кіштеріне толық талдау жүр­гізбейді. Осы жолы 100 бал­дан асырған бітірушілер саны – 409 болса, 815 бітіруші шекті балды жинай алмаған.