ХХІ ғасыр – жаңа заман жетістіктерінің жемісін көретін кезең. Ғылым мен білім, медицина, сондай-ақ технология саласының қарыштаған уақыт десек болады. Роботтар мен жасанды интеллект күші тұрмыстағы көп қиындықты жеңілдетті. Ұялы телефон, кір машинасы, шаңсорғыш, тіпті тоңазытқыш пен үтіктің өзі жеткен жетістіктің бір парасы. Қазір білім беру саласында бұл ғылымға аса қызығушылық білдіретін – мектеп оқушылары мен студенттер. Олардың еңбегі назардан тыс емес және әрбір туынды бағалы. Темірге жан бітіріп, балаларды ғылымға бейімдеушілер арасында Аян Жақсыбайұлы бар.

Робот жұмысты жеңілдетеді

Те­хно­логиялық жаңалықтардың оң жағы, кері әсері де барын білеміз. Алайда адамның жұмысын жеңілдету үшін жасалған бұл процесстер көз қуантарлық болғанымен, еңбекке деген құлшыныстың әлсіреуіне әсер ететіні рас.  Себебі технологиялық жетістіктер жұмысты жеңілдеткенмен, адамдар табыс көзінен айырылу қауіпіне мән береді. Бұл – орынды реакция. Бірақ  ғылым адамзаттың жақсы өмір сүруі үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғаламдық прогресстердің өркендеуі үшін қызмет етеді. Тағы да айта кететін жайт, технологияны жастайынан меңгерген бала логикалық тұрғыдан қабілетті, озық ойлы болып қалыптасады. Ғылым дамыған сайын адамдар тұрмыстық қажеттіліктерге қарағанда, тұлғалық қызығушылықтарымен айналысып, қоршаған ортаның  игілігіне жарайтын дүниелерді жасап шығаруға ден қоймақ.

Робототехниканы мектепте оқыту керек

Себебі жаңа технология бағытына аса назар аударып, осы бағытта іздену маңызды. Егер дамыған, азуы алты қарыс мемлекеттермен терезе теңестіргіміз келсе, осы бастан балалардың ғылымды игеруіне жағдай жасау қажет. Білім саласына бұл пәннің келуі мені қуантады. Өйткені қазіргі Z заманының ұрпақтары робот жасау, компьютерлік, гаджеттік ақпараттарды тез қабылдайды. Сондықтан бұл тақырып балалардың қызығушылығын оятып, білімін ары қарай жетілдіруге көмектеседі. Бірақ алдымен осы саланы меңгерген мамандар санын арттырып, педагогтардың біліктілігін жетілдіру маңызды. Қажет болған жағдайда тәжірибе алмасуға сырт елдердің озық технологиялық базасының қалай құрастырылатынын, қалай қарыштап дамитынын көзбен көрген артық емес.

Адам жасаған дүние адамға қарсы шықпайды

Саланы жетік меңгермейінше қауіпті болатыны рас. Алайда тетігін білмей, теріс пікірде болмау керек. Американдық фантаст жазушы роботтардың адамдарға зияны тимейді деген идеяны алға тартқан. Адам қолымен жасалған дүние адамның өзіне қарсы шығуы мүмкін емес деп есептейді. Расымен адам ақылмен роботтарды пайдаға жаратса, технологиялар тек үздік нәтижелер көрсетеді. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді қауіпсіздік ережелерін сақтай отыра меңгеру маңызды, сол себепті әр процесті жіті бақылауда ұстап, нұсқаулықтардың көмегімен жүргізген абзал.

Елде мықты мамандар қалыптасса…

Сыр дарындары  республикалық, облыстық, қалалық дәрежеде жетістіктерге жетіп жүр. Мұғалімнің шеберлігі оқушының жетістігімен бағаланады демекші, әрбір шәкірттің биігі шыңдалуға шабыт береді. Осы орайда ізбасар бүлдіршіндердің жеткен жетістігін атап өтсем. 2019 жылы Арман Сүгірәлі  М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің “Үздік ғылыми жоба – 2019” байқауынан жүлделі І орын иеленіп, тегін білім грантын жеңіп алды. «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауының қалалық кезеңінен Нұрсұлтан Жақсыбай ІІ орын иеленді. «Білім – Ғылым – Инновация» атты инновациялық идеялар мен ғылыми жобалар байқауынан Бердібек Мереев ІІ орын иеленсе, «Ғаламдық беталыстар және ақпараттық технологиялар саласындағы жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық ғылыми жобалар байқауынан Ерхан Тастыбай мен Нұржан Омаров робототехника бағыты бойынша жүлделі І орынды қанжығасына байлады.

Қазір өзім Қорқыт Ата университетінің магистранты атанып, “Академиялық ұтқырлық” (Erasmus) бағдарламасы бойынша Польшада білімімді толықтырудамын. Алған білім ел кәдесіне жарайды деп сенемін, иннова­циялық жоба­ларды ілгерілетуге өз үлесімді қоссам деймін. Себебі заман­дастардың әлемдік  аренада дарынын паш еткенін көру бөлек сезім. Ғылыми жоба, пәндік олимпиада, кәсіби байқаулардан жүлделі орындарды қанжығалап жүрміз, алайда бұл тек бастамасы деп білемін. Елде мықтылар қалыптастыру керек.

Әңгімелескен

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!