Сейітқали АЛШЫНБАЕВ – «Парасат» орденінің иегері, кәсіпкер«Ел тәуелсіздігіне орай берілген марапат жеке басыма ғана емес, менің халқыма, Сыр кәсіпкерлеріне көрсетілген қошемет деп білемін. Осыдан 30 жыл бұрын мен де кәсіпкерлікке бет бұрдым. «Мемлекет маған не береді деп емес, мемлекетіме мен не беремін» деген принциппен жұмыс жасадық. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен заманда, қиындықтан жеңілмей, бүгінге дейін жеткеніміз тәуелсіз елімнің, тағдырымның бізге жасаған сыйы деп білеміз.Осы уақыт аралығында қайтарымсыз қаржы есебінен 7 мектеп, 5 балабақша және бірнеше әлеуметтік нысандар салдық. Ұрпақ үшін осындай игілікті қадамға бардық. Менің есімде, алғаш рет типтік жобадағы мектепті бірінші Қалжан ахун ауылында салдық. Бюджетте ақша жоқ, зейнеткерлер зейнетақысын жинап берді, мемлекеттік қызметкерлері айлықтарын аударды, егін еккен еңбеккерлер 10-15 тонна күрішін берді. Әлі күнге дейін халықтың ықыласына тәнтімін. Құрылыс жұмыстары 8-9 ай жүрді, сонда күн сайын ауыл тұрғындары жеті күлшесін тарататын. Қорасында соңғы ешкісін сойып, құрылысшыларды қонақ қып шақыратын. Содан кейін талай құрылыс салсақ та, дәл осындай ықылас асып тасыған елді көргем жоқ, халқына басымды иемін. Осындай пейілі кең даладай елімнің тәуелсіздігі тұғырлы, халқының еңсесі биік болсын деймін».

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!