Тігіннің тілін табу – көптің қолынан келе бермейтін өнер. Ал заманның көшіне ілесіп, жаңа дүниені жарқырата ұсыну нағыз шеберлікті талап етеді. Біз айтатын бүгінгі кейіпкердің тапсырысқа тиянақтылығы, өзгеге ұқсамайтын еңбекқорлығы сізді де таңқалдырмай қоймасы анық. Ендеше Әселхан Дүйсенбекқызының шағын шеберханада жасайтын шаруасын егжей-тегжей баяндайық.
Бүгінде балаларға арналған кез келген іс-шара аниматордың көмегінсіз өтпейтіні белгілі. Бүлдіршіндердің көңіл-күйін көтеріп, түрлі эмоция сыйлайтын бұл кейіпкерлердің киімін даярлау да оңай жұмыс емес.
Алайда он саусағынан өнер тамған Әсел әртүрлі ертегі кейіпкерлеріне «жан бітіріп» келеді. Әселдің бұл салаға қалай келгенін айтпас бұрын, аниматор ұғымының шығу тарихына тоқталсақ. Кейінгі жылдары трендке енген аниматорлар XX ғасырдың екінші жартысында Францияда бой көрсете бастаған. 1950-1960 жылдары Франциядағы курорттар мен демалыс кешендерінде демалушылардың бос уақытын қызықты өткізу үшін арнайы қызметкерлер жұмыс істей бастады. Олар ойындар ұйымдастырып, жарыстар өткізіп, би кештерін жүргізеді. Бұл қызметкерлерді қоғам французша animateur (жан бітіретін, белсендіруші) деп атады. Кейін бұл тәжірибе Жерорта теңізі елдеріне, әсіресе Испания, Италия, Түркия және Грекиядағы қонақүйлерге тарады. Ондағы аниматорлар ересектермен қатар балаларға да ойын-сауық бағдарламаларын өткізетін болды. 1970-1980 жылдары балаларға арналған жеке анимациялық бағдарламалар пайда болды. Кейіпкерлердің (клоун, ханшайым, қарақшы, суперқаһарман және т.б.) киімін киіп, туған күндер мен мерекелерді жүргізу кең тарала бастады. 1990 жылдардан бастап бұл қызмет АҚШ, Ресей, Қазақстан және басқа елдерде жеке мерекелік индустрияның бір бөлігіне айналды. Бүгінде балалар аниматоры тек ойын жүргізуші ғана емес, белгілі бір ертегі немесе мультфильм кейіпкерінің образын сомдайтын актер ретінде жұмыс істейді.

Әселдің «сүйкімді кейіпкерлердің» киімін тігіп бастауына қызы себепші болған. Кішкентай кестетігерінің туған күніне ерекше сыйлық дайындағысы келген ол осы бағытта білім алғанын айтады.
– Бала күнімнен қолөнерді жақсы көремін. Алайда сала бойынша таңдаған мамандығым басқа болды. Мемлекеттік мекемеде мамандығым бойынша бір жыл ғана жұмыс істедім. Кейін отбасылы болып, ана атанған соң үйде отырып, қолөнермен айналыса бастадым. Қандай тапсырыс түссе де, ешқайсысынан бас тартпай, жасай бердім. Кейін қызымның туған күнін ерекше өткізу мақсатында «аниматор киімін тігу» сабағын онлайн форматта үйреніп, ойымдағыдай сапалы тігіп шықтым. Сол кездегі қызығушылықпен басталған кішкентай қадам мені тұрақты түрде кәсіп жүргізуге алып келді. Бір костюмді толықтай тігіп шығуға екі-үш күн уақыт арнаймын. Ал жаңа аниматор жасап шығуға 4-5 күн жетіп қалады, – дейді Әсел Тәжімбетова.

Зерттеулерге сүйенсек, кәсіби тігіншілердің саусақтары жоғары сезімталдығымен ерекшеленеді екен. Олар матаның түрін, қалыңдығын, тіпті сапасын көбіне қолмен ұстап-ақ ажырата алады. Осы орайда Әселден киім тіккенде қандай дүниеге баса назар аударатынын, қандай маталарды жиі қолданатынын сұрадық.
– Маталардың сапасы жақсы болуын жиі қадағалаймын. Әсіресе, созылып немесе сөгіліп кетпейтін, көзге бірден түсетін, денеге қолайлы маталарды таңдағанды жақсы көремін. Сол себепті мех, плюш секілді маталарды жиі сатып аламын. Ал кейіпкердің бейнесін жасағанда көбіне бет бөлшектері әдемі болуына, жылы жүзбен күлімсіреп, адамды тартып тұруына мән беремін. Көбіне тапсырыс берушінің талғамына құрметпен қарап, өз ойындағыдай әзірлеуге тырысамын. Тұтынушының идеясы мен менің ұсынысым біріккенде тамаша туындылар дүниеге келеді. Қазіргі таңда авторлық бағыттағы аниматор шығарып жатырмын. Сол авторлық аниматорды толық тігіп бітіру – басты жұмысым, – дейді жас кәсіпкер.

Тігіншілік – шығармашылық пен дәлдіктің үйлесімі. Тігінші тек тігуді ғана емес, математика, геометрия және композиция негіздерін де қолданады. Себебі киім пішу кезінде әр миллиметрдің маңызы бар. Әселмен тілдесу барысында қай кейіпкердің костюмін тігу қиын болғанын сұрадық.
– Тұтынушыларға ерекше ұнағаны аюдың костюмі болды. Осы кейіпкердің образын сұрайтындар көп. Пупсидің (гендер пати кешіне шақыратын) костюмін тігу барысында көзін келтіре алмай, сәл қиналғаным бар. Мен костюмнің бәрін үйде отырып тігемін. Түскі уақытта кішкентай баламды ұйқыға жатқызып, тігінге кірісемін. Алайда киімді толықтай бітіруге ұзақ уақыт қажет. Әр бөлігін ыждақаттап отырғанда балам да оянып кетеді. Асыққан істен жақсы нәтиже шықпайтынын білемін. Сол үшін тігінді түнгі ұйқымды бөліп, толық аяқтағанша жалғастырып тіге беремін, ₋ дейді Ә.Тәжімбетова.

Қазіргі кезде анимациялық фильмдер мен танымал кейіпкерлердің көбеюі, отбасылық мерекелерді кәсіби ұйымдастыру индустриясының дамуы аниматорларға деген сұранысты көбейтуде. Әсіресе, аю мен қоян, Лабубу, Куроми, Лол секілді мульткейіпкерлерге балалардың қызығушылығы жоғары екен.
– Қандай да бір істі қолға алғанда, ниет етіп, қорықпай бастау керек. Табандылық пен өз ісіңе деген ынта табыс табуда тұрақтылыққа алып келеді. Қазір жыл он екі айдың кейіпкерлеріне сұраныс түсіп жатыр. Осы бағытта жаңаша идеямен жұмыс жасау ойда бар. Егер маған кез келген ертегі немесе мультфильм кейіпкерінің костюмін тігу мүмкіндігі берілсе, Лол атты қуыршақты таңдар едім. Себебі бұл кейіпкер өте сүйкімді, адамды бір көргеннен-ақ өзіне тартып тұрады, ₋ дейді Ә.Дүйсенбекқызы.
Г. НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!